Аяжан Антальядан жүлделі оралды
Таяуда Түркияның Анталья қаласында өткен джиу-джитсудан әлем чемпионатында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогика университетінің 4-курс студенті Аяжан Қалыбай тамаша өнер көрсетті. Әлемнің ең мықтылары бас қосқан байрақты бәсекеде ол жоғары дайындық пен табандылықтың үлгісін көрсетіп, екі бірдей жүлдені иеленді. Атап айтқанда, HIF контакт бойынша – ІІ орын, Full Contact бойынша – ІІІ орын алды. Осылайша, Аяжан Қазақстанның көк туын әлемдік аренада биікке көтеріп, ел абыройын асқақтатты.
Спортшы қыз бұған дейін де Азия чемпионаттарында үш рет топ жарып, халықаралық турнирлерде де талай мәрте жеңіс тұғырынан көрінген. Ал, әлем чемпионы атану – оның көптен бергі асқақ арманы. Сол арманға бастаған алғашқы қадамы құтты болды.
Айта кетейік, Аяжан Леңгір қаласында дүниеге келген, Шоқан Уәлиханов атындағы №2 орта мектептің түлегі. Алғашқы бапкері – Мәди Нәбиев. Ал, қазіргі бапкері – Бағлан Әбдіразақ.
«ОҢТҮСТІК»-АҚПАРАТ.