Испания әлемді тағы да мойындатты!

Ерболат АЙНАБЕКОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Сонымен, биыл Америка құрлығында өткен футболдан әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Нью-Джерси штатындағы Ист-Рутерфорд қаласында орналасқан еңселі «Метлайф» стадионында төртжылдықтың басты додасының финалы өтіп, онда Еуропаның үздігі Испания құрамасы мен 2022 жылғы әлем чемпионы Аргентина құрамасы кездесті.

Аргентинаның «автобусы»

Матч басталмай тұрып-ақ жанкүйерлер арасында қос құраманың тактикалық текетіресі үлкен қызығушылық тудырған еді. Алайда, Лионель Скалони баптайтын аргентиналықтар бірінші таймда тым сақ ойнады. Аргентиналықтар бұл матчта жасыл алаңдағы «автобус» тактикасына (тұтас командамен қорғанысқа жатып алу) арқа сүйеді. Олар допқа мүлде иелік етпеді, шабуылға шығуды да мақсат тұтпағандай көрінді. Өз кезегінде бұл тактика белгілі бір дәрежеде өзін өзі ақтап та жатты. Олар Испанияның еркін көсілуіне, қауіпті аймақтарда бос кеңістік табуына мүмкіндік бермеді.
Дегенмен, бұл тактика жанкүйерлердің көңілінен шықпады. Алғашқы 45 минутта қос команда тарапынан бар болғаны 3 соққы жасалды. Испания сапынан Микель Оярсабаль айып алаңының сыртынан бір мәрте соққы жасағаны болмаса, екі жақ та айтарлықтай қауіпті сәт тудыра алмады. 

Бапкер неден қателесті?

Скалонидің бастапқы жоспары сақтықтан гөрі әсіресақтыққа құрылғаны байқалып тұрды. Аргентина сияқты шабуылдаушы әлеуеті зор (осы турнирде 19 гол соққан) ұжымның бастапқы жоспары осы болды дегенге сену қиын. Оның үстіне, аргентиналықтардың сорына қарай ойыншылары бірінен кейін бірі жарақат ала берді.
Бірінші таймның соңында негізгі орталық қорғаушы Лисандро Мартинес жарақат алып, орнына ардагер қорғаушы Николас Отаменди шығуға мәжбүр болды. Үзілістен кейін Скалони Николас Гонсалестің орнына алаңға жартылай қорғаушы Леандро Паредесті шығарды. Ал, 59-минутта оң жақ қапталдағы қорғаушы Гонсало Монтиельдің орнына Науэль Молина ойынға қосылды. Матч алпысыншы минутқа жақындағанда Скалонидің қолында бар болғаны екі ойыншы ауыстыру мүмкіндігі ғана қалды. Мұның өзі командада абыржушылық тудырды. Жетпісінші минутта тағы бір орталық қорғаушы Кристиан Ромеро да алаңнан кетуге мәжбүр болып, оның орнын Факундо Медина басты. 

«Альбиселестаның» дәрменсіздігі

Ойын жүрмей жатқан соң Аргентина құрамасы өздері үшін дәстүрге айналып бара жатқан дөрекі футболға көшті. Кездесу барысында олар 
6 «сары қағаз» алып, 25 мәрте тәртіп бұзды. Әсіресе, екінші таймда алаңға шыққан Леандро Паредес «сары қағазы» бола тұра, ереже бұзудан тартынбады.
Матчтың 93-ші минутында бас төреші Славко Винчичтің сабыры сарқылды. Аргентиналық Энцо Фернандес испаниялық жас талант Пау Кубарсиді тобықтан қағып түсірді. Оған дейін де төрешімен дауласып, «сары қағаз» алып үлгерген Энцо екінші ескерту алып, алаңнан қуылды. Осылайша, Аргентина шешуші минуттарда он ойыншымен қалды.
Айта кетейік, Аргентинаның шабуылдағы дәрменсіздігі статистикадан да айқын аңғарылады. Олар матчтың 117-ші минутына дейін Испания қақпасына бірде-бір соққы жасай алмады! Әңгіме қақпаға дәл бағытталған қауіпті соққылар туралы емес, жалпы қақпаға бағытталып тебілген әйтеуір кез келген соққы туралы болып отыр...
Бұл – алаңда қысым жасаудың хас шебері Испанияның алдындағы аргентиналықтардың дәрменсіздігі еді. Испания алаң ортасында жоғары шеберлік көрсетті. Допты жоғалтқан бойда оны тез қайтарып алып отырды. Ойынды қысқа паспен өрбітуге дағдыланған Аргентина бұл қысымға шыдай алмады. 

Ферран Торрестің «жұлдызды» сәті

Испания құрамасының сапында ең көп сынға ұшырайтын, әлеуметтік желіде мемге айналған ойыншы – Ферран Торрес еді. Оны офсайдқа жиі түсетіні, шешуші сәттерде мүлт кететіні немесе пасты дұрыс бере алмайтыны үшін жанкүйерлер аяусыз сынайтын. Мұндай психологиялық қысымға тіпті өте тәжірибелі деген футболшылардың өздері шыдай бермейді.
Бірақ, футбол күштілерге әділ. Соңғы минуттарда сол жиі сыналатын Торресіңіз  Аргентина қақпашысы Эмилиано Мартинестің құлыптаулы қақпасының маңдайшасының астынан саңылау тауып, кездесудегі жалғыз әрі шешуші голды соқты.
2010 жылы Оңтүстік Африкадағы финалда гол соққан Андрес Иньеста сияқты Ферран Торрестің де есімі испан футболының тарихына алтын әріптермен жазылды. Әрине, Иньестаның голы сияқты драмалық шиеленіс болмаған шығар, өйткені бұдан 16 жыл бұрын Испания алғаш рет чемпион атанған еді. Десе де, бұл гол Торреске бүкіл Испания жұртының махаббатын сыйлады.

«Бұл – ұятсыздық!»

2026 жылғы әлем чемпионаты спорттық нәтижелерден бөлек, коммерциялық рекордымен де тарихта қалатын болды. УЕФА сияқты жанкүйерлердің назарын жыл сайын Чемпиондар лигасы мен Ұлттар лига ойындары арқылы тартып отыратын тұрақты табыс көзі ФИФА-да жоқ. Тіпті, клубтық әлем чемпионатын жаңа форматқа көшіру де бұл мәселені толық шешпеді. Содан болса керек, Джанни Инфантино бастаған ұйым Солтүстік Америкадағы турнирден барынша пайда табуды көздеді.
The Guardian басылымының хабарлауынша, ФИФА бұл мундиальден 15 миллиард доллар түсім түсірген. Бұл бастапқыда жоспарланған 11 миллиард доллардан әлдеқайда көп.
Солтүстік Америкадағы турнир ФИФА-ның ақша табуға деген тәбетін одан сайын ашты. Оның айқын дәлелі – әр таймның ортасындағы 3 минуттық міндетті «су ішу үзілісі» (cooling break). Мұндай үзілістер бұрын тек аптап ыстықта ғана рұқсат етілетін, ал, бұл жолы ол ауа райына қарамастан барлық матчқа енгізілді. ФИФА мұны «спортшылардың денсаулығын ойлау» деп түсіндіргенімен, негізгі себеп – трансляция кезіндегі тікелей эфирдегі қымбат жарнамалық паузалар еді. Телевизиялық құқықтарды сатудан ұйым 4 миллиард долларға жуық пайда тапты.
Сондай-ақ, ФИФА финалдық ойын өткен «Метлайф» стадионындағы газонның қиындыларын сатуды да ұйымдастырды. Билет бағасының тым қымбаттығына және шөптің сапасыздығына наразы болған жанкүйерлер бұл қадамды «ұятсыздық» деп бағалады. Сувенир ретінде сатылатын газон қиындыларының бағасы 450 доллардан 3000 долларға дейін барды (ең қымбат жиынтыққа әлем кубогының хрусталь көшірмесі қоса берілді).
Сонымен, 2026 жылғы әлем чемпионаты екі түрлі жағдаймен тарихта қалады. Таразының бір басына тактикалық тартыс, жарақаттар драмасы, Ферран Торрестің чемпиондық голы мен Испанияның триумфы тұрса, таразының екінші табағында – футболды коммерциялық шоуға, әрбір минут пен газон түйіршіктерін ақшаға айналдырған ФИФА-ның бизнес-индустриясы тұр. Не десек те, жасыл алаңдағы шынайы эмоция мен чемпиондық кубоктің салмағын ешқандай миллиардтармен өлшеу мүмкін емес. Қалай болғанда да Испания – әлемнің екі дүркін чемпионы!
Пікір қалдырыңыз