Плей-офф алдындағы «дауыл»

Ерболат АЙНАБЕКОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Иә, ФИФА-ның көмейі кең басшыларының арқасында биылғы әлем чемпионаты спорт тарихына реформалар мен үлкен өзгерістердің турнирі ретінде енді. Тарихта тұңғыш рет 48 құрама бақ сынаған жаһандық доданың алғашқы айналымы – топтық кезең артта қалды. Солтүстік Американың жасыл алаңдарында өткен матчтар жанкүйерлерге тек қана голдар шоуын сыйлап қойған жоқ, сонымен бірге үлкен сенсацияларды, саяси жанжалдарды, «алдын ала ойластырылған есепке» негізделген күмәнді кездесулерді сыйлады. Турнир форматының өзгеруі плей-офф босағасын 1/16 финалға дейін кеңейтіп, интриганы еселей түсті.48 команданың ішінен суырылып шығып, топтық кезеңді 100 пайыздық көрсеткішпен, яғни 9 ұпаймен аяқтаған үш-ақ ұжым бар. Олар – Мексика, Франция және Аргентина. Бүкіл әлем көз тіккен додада бұл құрамалар қарсыластарын жүндей түтіп, ұпайдан шашау шығармады. Шабуыл шебінде Франция, Германия және Нидерланд құрамалары алдына жан салмады. Бұл үш ұжым қарсыластар қақпасына 10 голдан тоғытып, турнирдің ең нәтижелі командалары атанды. Ал, шабуылдағы ең төмен көрсеткіш Панама құрамасына тиесілі – олар бұл чемпионатта бірде-бір гол соға алмай, үйлеріне бос қайтты.
Қорғаныс шебінің мықтылығы жағынан бұл жолы тек Испания ғана емес, өз алаңында ойнаған Мексика құрамасы да дара көрінді. Бұл екі ұжым топтық кезеңдегі 3 матчта өз қақпасына бірде-бір гол жібермеген команда атанды. Ал, олардың өкшесін баса келген Бразилия, Аргентина, Колумбия және Португалия құрамалары 3 ойында қақпаларына небәрі 1 доп қана өткізіп алды. Допқа иелік ету статистикасы бойынша Испанияның үстемдігін ешкім жоққа шығара алмас. Испанияға бұл көрсеткіште тек Англия мен Түркия құрамалары жақын келді. Сондай-ақ, Алжир мен Оңтүстік Корея құрамалары да допты бақылауда ұстау бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген.
Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси әлемді таңғалдыруын тоқтатар емес. Топтық кезеңнің соңғы турында Иорданияға қарсы матчта (3:1) бапкерлер Леоға демалыс беріп, қосалқы құрамда қалдырған болатын. Бірақ Лео бапкерлердің «демал» дегеніне демала салған жоқ. Екінші таймда алаңға шығып, 80-минутта айып соққысынан қақпа торын бүлк еткізгенде, стадиондағы 80 мың адамның басы оңға бір, солға бір шайқалды.
Бұл гол Мессиді турнирдің үздік мергендері көшінің басына шығарды (6 гол). Сонымен қатар, ол басқа да бірнеше рекорд жаңартты. «Альбиселестаның» бағына туған футболшы әлем чемпионаттарындағы жалпы гол санын – 19-ға жеткізді. Ол Мирослав Клозе мен Килиан Мбаппені (16 голдан) артқа тастап, тарихтағы ең үздік сұрмерген атанды. Месси әлем чемпионаты аясында қатарынан 7-ші матчта гол салды. Бұл адам ба, әлде гол соғатын машина ма, түсіну қиын. Сонымен қатар, мундиальдардағы 29-шы кездесуін өткізіп, тағы бір рекорд орнатты. Бұған дейін неміс Лотар Маттеуске тиесілі рекорд тарих қойнауына кетті. Алдағы 1/16 финал оның 30-шы мерейтойлық матчы болмақ.
Жаңа форматтың басты ерекшелігі – бұған дейін әлем чемпионатында ойнауды арман санаған елдердің бақ сынауына мүмкіндік бергені еді. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланғандардың бірі – Канада құрамасы. Джесси Марш баптаған канадалықтар өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне өтті. 
Екінші бір ерлік – Кабо-Верде құрамасына тиесілі. Ел халқының саны біздің Түркістан облысы халқының жартысына да жетпейтін (небәрі 580 мың) бұл аралдық мемлекет Испания, Уругвай және Сауд Арабиясы сияқты құрамалар бар Н тобынан екінші орынмен плей-оффқа шықты! Олар топтағы үш ойынды да тең аяқтап, 3 ұпаймен 1/16 финалға жолдама алды. Енді олар әлем чемпионы Аргентинамен кездеспек. Футбол осынысымен де қызық. Төрт дүркін әлем чемпиондары Италия құрамасының футболшылары Мессиді теледидардан көруге мәжбүр, ал, ешкім білмейтін аралдан келген құрама ойыншылары оны алаңнан көреді. 
Мундиаль тек қуаныштан тұрмайды. Кейбір құрамалар үшін бұл турнир нағыз драмаға айналды.
Топтық турнирдің басты сенсациясы – Түркия құрамасының жарыс жолынан ерте шығып қалуы. Допқа иелік ету бойынша үздік бестікке кіргенімен, түріктер D тобында АҚШ, Австралия және Парагвайға төтеп бере алмай, соңғы орында қалды. Винченцо Монтелла шәкірттерінен мұндай төмен нәтижені ешкім күтпеген еді. Тарихи жолдамаға қол жеткізген Өзбекстан құрамасы да жанкүйерлерін жерге қаратты. К тобында Колумбия, Португалия және Конгомен ойнаған көршілеріміз 3 матчта бірде-бір ұпай еншіле алмай, өз қақпаларына 11 доп жіберді. Тұрақты түрде плей-оффтан үміткер болатын Иран да бұл жолы 3 ұпаймен келесі кезеңге шыға алмады. Оңтүстік Кореяның бапкері Хон Мён Бо да топтан шыға алмаған соң, ел ішіндегі қатты сыннан қашып, шұғыл түрде қызметінен кетті.
Чемпионатқа өте мықты құраммен келген Уругвай Кабо-Вердеден қалып қойып, ауылдарына ерте қайтуға мәжбүр болды. Футболшылар мен бапкерлер штабы, федерация басшылары арасындағы жанжал шегіне жеткені соншалық, Уругвай футбол қауымдастығы командаға арналған чартерлік рейсті тоқтатып тастады. Уругвай шенеуніктерінің ызасы шегінен шықты: «Сендер миллионерсіңдер, бірақ алаңда соқыр тауық сияқтысыңдар! Чартер емес, кәдімгі эконом-класпен, өз ақшаларыңа қайтыңдар!» деп үкім кесті. Кеше ғана әлем кубогін армандаған «жұлдыздардың» әуежайда кезек күтіп, мүсәпір күй кешуі – нағыз трагикомедия!
Бұл 48 командалық жүйенің ең үлкен кемшілігі – топтық кезеңде тең ойындардың тым көп тіркелуі болды. Бұл ретте турнирде ең көп тіркелген нәтижелер – 1:1 және 1:0 (9 матчта), сондай-ақ 3:1 (8 матчта) және 0:0 (7 матчта) болды. Бұл тенденция жаңа форматқа байланысты командалардың «құпия келісімдерінің» арқасында болуы әбден мүмкін. Мысалы, 7 бірдей топта үшінші орын алған құрамалардың еншісінде 4 ұпайдан бар! Командалар тәуекелге бармай, өздеріне ыңғайлы ұпайды еншілеп отырған. Тек 3 ұпай иеленген Сенегал құрамасы ғана әзер дегенде үшінші орындардың көрсеткіші бойынша плей-оффқа өтті.
J тобының соңғы турында Алжир мен Аустрия арасындағы матч (3:3) нағыз дауға ұласты. Сарапшылар бұл матчты футбол деп емес, жасыл алаңдағы арсыз Голливуд қойылымы деп бағалап жатыр. Алжирліктер есеп 2:2 болып тұрғанда, қосымша уақытта байқаусызда гол соғып алады. Бұл топта екінші орын алған құрама бірден Еуропа чемпиондары Испанияға тап болады. Осы естеріне түсіп кетті ме, алжирліктер бірден қорғанысты ашып, аустриялықтардың тез арада есепті теңестіруіне мүмкіндік жасағанда, бүкіл әлем футболдан жиіркеніп кеткендей болды. Сондай-ақ, Аустралия – Парагвай (0:0), Жапония – Швеция (1:1) матчтары да «келісілген ойынға» өте қатты ұқсап тұрды. 
Егер 2010 жылдан бері тарихқа көз жүгіртсек, мундиальда мынадай бір таңғажайып заңдылық бар. Плей-офф кезеңінде болашақ чемпионнан жеңілген команда, араға 4 жыл салып келесі мундиальдың жеңімпазы атанып отырған екен. 2010 жылы Оңтүстік Африкада Испанияға жол берген Германия, араға 4 жыл салып 2014 жылы Бразилияда әлем чемпионы атанды. 2014 жылы Бразилияда немістерден жеңілген Франция 2018 жылы Ресейде алтын кубокты төбелеріне көтерді. 2018 жылы Ресейде француздардан «таяқ жеп қалған» Аргентина 2022 жылы Катарда алтын кубокты иеленді.
Егер заңдылық бұзылмаса, 4 жыл бұрын Катарда чемпион атанған Аргентинадан жеңілген Аустралия, Нидерланд, Хорватия немесе Франция құрамаларының бірі осы 2026 жылы чемпион атануы тиіс! Бұл логикаға салсақ, Нидерланд пен Францияның мүмкіндігі өте жоғары көрінеді. Сонымен, жүйкені жұқартатын, жүректі ауыртатын нағыз тартысты матчтар енді басталды. Плей-оффқа шығып алған құрамалар енді өздерін де, өзгелерді де аямайды.
Пікір қалдырыңыз