Трамп ФИФА-ның да президенті сияқты...

Ерболат АЙНАБЕКОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Солтүстік Америка құрлығының жасыл алаңдарында өтіп жатқан доп додасы плей-офф сатысына өткенде ғана нағыз футболдың иісі шыға бастады. Алайда, бұл жолғы чемпионат тек таза спорттық көрсеткіштермен емес, футбол шенеуніктерінің лас саясатымен, ФИФА-ның қос стандарттарымен, төрешілердің масқара әрекеттерімен және ең бастысы – футбол әлемін ширек ғасыр бойы билеген ұлы футболшылардың «бутсыларын шегеге ілумен» тарихта қалатын сияқты.

Роналду мен Неймар қоштасты

Бұл әлем чемпионаты футболсүйер қауым үшін үлкен дәуірдің аяқталуымен есте қалады. Бірақ, бұл қоштасу салтанатты шеру емес, кеудеге тығылған өксік пен көз жасына толы қоштасу болды. Футболдың қос жарық жұлдызы – Криштиану Роналду мен Неймар – Солтүстік Америка төрінде өз мансаптарының ең мұңды аккордын басты.
Криштиану Роналду әлем чемпионаттарындағы ұлы жорығына Далластағы «АТ&Т Стэдиумда» мәңгілікке нүкте қойды. Португалия мен Испания арасындағы Пиреней дербиі 39 жастағы шабуылшы үшін соңғы мүмкіндік еді. ФИФА-ның кулуарлық шешімдерінің арқасында (өткен қарашада алған «қызыл қағазы» үшін тиесілі 3 матчтық жазасы шегеріліп) турнирдің алғашқы ойындарына қатысуға рұқсат алған Криштиану бұл тосынсыйды жеңіске айналдыра алмады.
Бірінші таймда қос құрама тең дәрежеде ойнады. Жоао Канселудың қауіпті соққысы, Нуну Мендестің маңдайшаны көздеуі Португалияны басым көрсеткендей еді. Роналдудың өзі де бірінші таймның соңында өкшесімен соққы жасап көрді, бірақ, Унаи Симон қырағылық танытты. 
Матчтың тағдырын 91-минутта алаңға тыңнан шыққан Микель Мерино шешті. Ферран Торрестің керемет пасынан кейін соғылған жалғыз гол (1:0) Португалияны үйіне қайтарды. Қосымша уақыттың соңғы секундтарында Бернарду Силва баспен соққы жасап, есепті теңестіруге шақ қалды. Бірақ, доп бағанадан сәл биік кеткенде Роналдудың да үміті біржола сөнді. Ол алаңнан шығып бара жатып көз жасына ерік берді. Бұл алты бірдей әлем чемпионатында гол соққан жалғыз аңыздың мундиаль сахнасымен мұңды қоштасуы еді.
Қырықтағы Роналдудың жеңілісі түсінікті, ал, Бразилия құрамасы мен оның «жұлдызы» Неймар бапкерлік қателік пен медиа-қысымның құрбаны болды. Бес дүркін әлем чемпиондарының ширек финалға да жетпей, Эрлинг Холланд бастаған Норвегиядан ұтылуы Бразилияда аза тұту күнін жариялатты.
Бас бапкер Карло Анчелотти бұл турнирде тактикалық тұрғыдан ұтылды. Оның ең үлкен қателігі – маусым бойы Лондонның «Челси» сапында 29 нәтижелі әрекет жасап, бабында тұрған 24 жасар шабуылшы Жоао Педроны құрамнан тыс қалдыруы еді. Анчелотти Педроның орнына 2023 жылдан бері ауыр жарақаттардан көз ашпай, Сауд Арабиясында футболдан гөрі шоу-бизнеспен көбірек айналысып кеткен 34 жастағы Неймарды шақырды. Неймар турнирге дайын емес еді, ол тіпті АҚШ-қа келген бойда тағы да жарақат алып, алғашқы екі ойынды сырттан тамашалады.
Норвегияға қарсы өткен тағдыршешті матчта Неймар ештеңе істей алмады, ал, сұрмерген Холланд бразилиялықтардың тас-талқанын шығарды. Бразилия футболының аңызы Роналдо Назарио матчтан кейін ашуын ішке бүгіп қала алмады.
«Бұл жеңіліс – бапкерлер штабының тікелей кінәсі. Мен Жоао Педро секілді бабында тұрған жас таланттың неге үйде қалғанын түсіне алмаймын. Ол командаға жаңа леп, агрессия мен жылдамдық әкелер еді. Біз өткен күннің елесіне (Неймарға) сеніп, бүгініміз бен болашағымызды құрбан еттік» дейді ол.

Трамп, Инфантино және АҚШ-тың «еркелігі»

Спорттың тазалығы мен әділдігі туралы ұрандар бұл мундиальда АҚШ билігі мен ФИФА-ның кулуарлық ымырасының астында қалды. Турнир қожайындары – АҚШ құрамасын турнирде мүмкіндігінше ұзағырақ сүйреу үшін ФИФА президенті Джанни Инфантино мен Трамп әкімшілігі спорт тарихындағы ең лас келісімдердің бірін жасады.
АҚШ құрамасының үздік шабуылшысы Фоларин Балогун 1/32 финалда Босния және Герцеговинаға қарсы кездесуде Тарик Мухарремовичке қарсы өте қауіпті ойнап, «қызыл қағаз» алған болатын. Ереже бойынша кез келген футболшы «қызыл қағаз» алғаны үшін келесі матчтан шеттетілуі тиіс. Алайда, Сиэтлдегі Бельгияға қарсы маңызды ойынға 24 сағат қалғанда ФИФА арнайы мәлімдеме жасап, Балогунның жазасын алып тастады! Бұл шешім футбол әлемін дүр сілкіндірді.
Алайда, Сиэтлде өткен матчта Бельгия құрамасы ФИФА мен төрешілердің көмегіне сүйенген АҚШ-ты аяусыз жазалап, қайта футбол ойнамайтындай қылды. Саяси қолдау да, заңсыз жеңілдіктер де жарыс қожайындарын масқара жеңілістен құтқара алмады.
Бұл жеңілісті АҚШ-тың геосаяси және спорттық майдандағы басты қарсыласы – Иран жағы ерекше қуанышпен қарсы алды. Иран футбол федерациясы мен жергілікті басылымдар АҚШ-тың масқара болып жеңілгенін «Бүкіл әлем билеп жүр, әділдік орнады!» деген ұрандармен атап өтті. 

Францияның сүреңсіз сериясы

Төрешілердің сорақылығы мұнымен де шектелген жоқ. 1/8 финалдағы Франция мен Парагвай арасындағы кездесуде төрелік еткен өзбекстандық рефери Ильгиз Танташев әлем чемпионаттары тарихына ең нашар төреші ретінде енді.
Парагвай құрамасы әдеттегідей агрессивті футбол ойнады. Матч барысында олар 13 рет өрескел фол жасап, Францияның «жұлдыздарын», әсіресе, Килиан Мбаппені ашықтан-ашық арандатумен болды. Алайда, Танташев парагвайлықтардың бұл әрекеттеріне көз жұма қарап, оларға бірде-бір «сары қағаз» көрсетпеді! Бұл – Парагвай құрамасының әлем чемпионаттары тарихында 1998 жылдан бері (соңғы 28 жылда) алғаш рет матчты ескертусіз аяқтауы еді. Керісінше, бар болғаны 10 фол жасаған Франция құрамасы алаңнан 3 «сары қағаз» арқалап кетті.
Матчтың өзіне келер болсақ, бұл ойын 2006 жылғы әлем чемпионатындағы Франция – Бразилия кездесуінен бергі бірінші таймда қақпаға бірде-бір тура соққы жасалмаған ең сүреңсіз, ең зеріктірерлік матч ретінде тарихқа енді. Француздарды Мбаппенің пенальтиден соққан жалғыз голы ширек финалға сүйреп шықты.

Тухельдің ерлігі

Турнирде нағыз чемпиондық мінез бен тактикалық реформаны Томас Тухель бастаған Англия құрамасы көрсетті. Мехикодағы аты аңызға айналған «Ацтека» стадионында Мексикаға қарсы өткен матч нағыз триллерге айналды. «Ацтекада» бұған дейін ресми матчтарда тек екі-ақ қонақ команда жеңіске жеткен еді, Англия жеңіске жеткен үшінші команда болу үшін «тозақ отының» өзінен өткендей болды.
Бастапқыда Тухельдің жоспары тамаша жұмыс істеді. Джуд Беллингем 38-минутта дубль жасап, Англияны 2:0 есебімен алға шығарды. Бірақ, бірінші таймның соңында Хулиан Киньонес есепті қысқартты (2:1).
Екінші таймда Англия бақылауды ұстаудың орнына ашық футболға көшті. Нико О’Райлидің соққысы қақпа бағанасына тисе, Энтони Гордон алаңда құйындай ұшып, мексикалықтарды сәт сайын мазалады. Бірақ, дәл осы сәтте жас қорғаушы Джарелл Куанса үлкен қателік жіберді. Ол Мексиканың қауіпті шабуылын тоқтатамын деп ойын ережесін бұзып алды. VAR тексерісінен кейін төреші оған тікелей «қызыл қағаз» көрсетіп, алаңнан қуды.
Дегенмен, он ойыншымен қалса да Англия жасымады. Энтони Гордон жылдамдығымен қарсылас қақпашысы Рауль Ранхельді қателік жасауға мәжбүрлеп, өз командасының   пенальти тебуіне мүмкіндік жасап берді. Хорватиямен өткен алғашқы матчта пенальтиден мүлт кеткен Харри Кейн бұл жолы мүлт кеткен жоқ, есепті 3:1 қылды. Алайда, драма мұнымен бітпеді.  Кейн өз айып алаңында допты тебемін деп Брайан Гутьерреске қарсы тәртіп бұзды. Рауль Хименес есепті 3:2-ге жеткізгенде стадион жарылуға шақ қалды.
Осы алмағайып сәтте Томас Тухель өзінің өте мықты маман екенін көрсетті. Ол шабуылшыларды ысырып, алаңға алып қорғаушы Дэн Бернді шығарды және команданы «5-3-1» схемасына тас-түйін көшірді. Мексиканың толқын-толқын шабуылдарына Англия тасқамал қорғаныспен жауап берді. Джордан Пикфорд қақпада жанқиярлық ерліктер жасаса, Дэн Берн әуедегі доп атаулыны қағып тастап отырды. Тіпті, Харри Кейннің өзі өз айып алаңында қорғаушы болып жүрді. Бұл өзі өте ауыр, жүйке жұқартқан жеңіс болды. Бірақ, бұл матч Англияның тек талантты ұжым ғана емес, әлем чемпионы болуға лайықты мінезі бар ұжым екенін де көрсетті.

Мессидің камбэгі

Хьюстонда Канадаға қарсы өткен 1/8 финалдық кездесуде Марокко құрамасы нағыз бүгінгі замандағы жылдам футболдың үлгісін көрсетті. Канадалықтарды 3:0 есебімен тас-талқан еткен «Атлас арыстандары» ширек финалға өте сенімді түрде өтті. Матч барысында команданың үздік сұрмергені Исмаэль Сайбари бірінші таймда-ақ жарақат алып, алаңнан кетуге мәжбүр болса да, марокколықтардың екпіні басылмады. Аззедин Унахидің тамаша дублі және Суфиан Рахимидің голы матч тағдырын шешті. Майкл Оливердің 8 «сары қағаз» көрсеткен дөрекі ойынында Марокконың сағы сынған жоқ. Енді олар ширек финалда Франциямен кездеседі. 
Роналду жылап қайтқан чемпионатта оның мәңгілік бәсекелесі Лионель Месси мен оның Аргентинасы да өз орнын әзер дегенде сақтап қалды. Атлантада Египетке қарсы өткен матч нағыз классикалық драмаға айналды. Ойынның 70-минутында 2:0 есебімен ұтылып жатқан «Альбиселесте» матч соңына қарай ғана өз өздеріне келе алды.
Месси осы ойында Египет қақпасына пенальти сала алмады. Осылайша әлем чемпионаттарында екі ойында пенальти сала алмаған алғашқы футболшы атанды. Алайда, бұл сәтсіздік Мессиді жасытқан жоқ, қайта ширықтырды. Лео көп ұзамай ойын барысында гол соғып, есепті теңестірсе, матчтың соңғы минуттарында Энцо Фернандес жеңіс голын соғып, Аргентинаны 3:2 есебімен ширек финалға алып шықты. 
Ширек финалдың соңғы вагонына Швейцария құрамасы мініп үлгерді. Олар Колумбия құрамасымен кездесіп, ойынның негізгі және қосымша уақыттарында жеңімпазды анықтай алмады. Матч соңындағы пенальтилер сериясында еуропалықтардың жолы болды. Осылайша олар ширек финалға өтіп, Аргентина құрамасымен күш сынаспақ.
Пікір қалдырыңыз