ЗАҢДЫЛЫҚ ПЕН ТӘРТІП – ЖАУЫНГЕРЛІК ӘЗІРЛІКТІҢ КЕПІЛІ
–Әскери салада заңдылық пен тәртіп қағидатын ұстану – жауынгерлік әзірліктің, қауіпсіздік пен тұрақтылықтың негізгі кепілі.
Ұлттық ұлан – Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп»
қағидатын іске асыратын негізгі әскери құрылымдардың бірі. Қазір осы әскери
ортада заң мен тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын-алу және әскери
қызметшілердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударылуда.
Әсіресе, бұл бағытта жұмыстар Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлімінде қарқынды
жүргізіліп жатыр. Біз әскери қызметшілерге арналған құқықтық іс-шаралар туралы толығырақ
білу мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты Оңтүстік
өңірлік әскери-тергеу басқармасының тергеушісі, әділет капитаны Әлібек
ШАМИДИНОВПЕН әңгімелескен едік.
–Әлібек Лесбекұлы, «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыруға
байланысты әскери қызметшілермен жиі кездесіп жүрсіздер. Мұндағы мақсат не?
–Жалпы, мұндай кездесулерде
әскери қызметшілер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, әскери тәртіп
пен заңдылықты нығайтуға, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алуға баса мән
беріледі. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Конституциясын, «Әскери қызмет және
әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңды және «Қазақстан Республикасы Қарулы
Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың жалпы әскери жарғылары» мен
«Заң мен тәртіп» қағидатының маңыздылығын түсіндіріп, әрбір әскери қызметшінің
әскери антқа адал болып, заң талаптарын мүлтіксіз орындауға шақырамыз.
–Басқосуларда қандай құқықтық мәселелер қозғалады?
–Әскери қызметшілерге
әскери тәртіптің талаптарын түсіндіріп қана қоймай, қызметтік міндеттерді адал
орындаудың, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу және әскери қызметті өткеру кезінде
заң талаптарын бұзудың жауапкершілігін де ұғындыруға тырысамыз. Әсіресе,
Қылмыстық кодекстегі әскери қылмыстарға қатысты баптарды біліп, әскери
қызметтен жалтару, бұйрықты орындамау, әскери мүлікті бүлдіру және әскери
тәртіпті бұзудың құқықтық салдарын түсінуді міндеттейміз. Себебі, бұл
талаптарды әрбір әскери қызметшінің білуі қажет.
–Әскери салада «Заң мен тәртіп» қағидаты қаншалықты маңызды?
–Әскери салада
заңдылық пен тәртіп қағидатын ұстану – жауынгерлік әзірліктің, қауіпсіздік пен
тұрақтылықтың негізгі кепілі. Әскери қызмет қатаң тәртіпке негізделеді. Жалпы, әскери
жарғыларға сәйкес, әрбір әскери қызметші командирдің заңды бұйрығын бұлжытпай
орындауға міндетті. Егер әскери ортада тәртіп әлсіресе, бұл бөлімнің
жауынгерлік қабілетіне, әскери ұжымның моральдық-психологиялық ахуалына кері
әсер етеді. Сондықтан құқықтық профилактика – саладағы маңызды бағыттардың
бірі.
–Әскери қызметшілер арасында құқық бұзатындар жоқ емес. Мұның
алдын-алу үшін не істеген жөн?
–Әскерилер арасында
құқық бұзушылықтың алдын-алуға байланысты құқықтық сабақтар, түсіндіру жұмыстары
мен жеке профилактикалық әңгімелер жиі өткізіліп тұрады. Бұдан бөлек, әскери
психологтар мен тәрбие мамандары әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық
жағдайын бақылауда ұстайды. Бұдан бөлек, әскерилердің сыбайлас жемқорлыққа
қарсы мәдениетін қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасының «Сыбайлас
жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңын кеңінен түсіндіріп, кез-келген заңсыз
әрекет үшін қатаң жауапкершілік бар екенін ескертіп отырамыз.
–Әскери қызметшілер арасында салаға енді келіп жатқан жас
сарбаздар аз емес, Оларға қандай кеңестер айтасыздар?
–Жас сарбаздарға
алдымен әскери антқа адал болу, әскери жарғы талаптарын сақтау, әскери
қызметтен жалтармау, сарбаздар арасында бір-біріне күш көрсетпеу, командирлердің
заңды талаптарын орындау және жарғыға жат әрекеттерден аулақ болу, әскери мүлікті күтіп
ұстау қажеттігін жете түсіндіреміз. Сондай-ақ жоғарыда айтылған құқық бұзушылықтарға
жол берген жағдайда оның жазасы мен жауапкершілігінің бар екенін жеткіземіз. Әлеуметтік
желілерді пайдаланғанда мәдениетті болуға шақырамыз. Себебі, қызметтік
ақпараттарды жарияламау, әскери нысандардың суреттерін рұқсатсыз таратпау,
ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтауда ыждағатты болу қажет. Бұл талаптар
әскери қауіпсіздік тұрғысынан өте маңызды.
–Әскери қызметшілерді қандай мәселелер толғандырады?
Кездесуде бұл жайында айтыла ма?
–Әрине, әскери
қызметшілер әскери қызмет өткеру тәртібі, құқықтық жауапкершілік, әскери
қызметшілердің әлеуметтік құқықтары мен жеңілдіктері жөнінде жиі сұрайды. Барлық
сұрақтарға қолданыстағы заңдар мен әскери нормативтік-құқықтық актілер аясында толық
жауап береміз.
–Алдағы уақытта мұндай іс-шаралар жалғаса ма?
–Мұндай
профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Қазір әскери ортада
құқықтық мәдениетті арттыру – әскери тәртіп пен заңдылықты нығайтудың, құқық бұзушылықтардың
алдын алудың және әскери қызметшілердің еліміздің ішкі қауіпсіздігін, қоғамдық
тәртібін күзетудегі жауапкершілігін қалыптастырудың маңыз өте зор. Біздің де мақсатымыз
–заңды құрметтейтін, тәртіпті сақтайтын, Отан алдындағы борышына адал әскери
қызметшілерді тәрбиелеуге үлес қосу. Осындай профилактикалық кездесулер әскери
қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттырып, заң талаптарын сақтауға үндейді.
Тәртіп пен заңдылықты қатаң ұстанған жауынгер ел қауіпсіздігі мен қоғам
тұрақтылығының сенімді кепілі екенін естен шығармаған жөн.
–Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Малика ШЫНЖІГІТОВА,
6698 әскери бөлімінің тәрбие және
әлеуметтік-құқықтар бөлімшесі
бастығының аға көмекшісі, капитан.