Маңызды міндет – ортақ жауапкершілік

Қолданысқа енгізілген жаңа Ата Заңның 9-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылған. Сонымен қатар сот саласындағы негізгі заң – «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңда сот ісі жүргізілетін тіл нақты айқындалған. Онда сот ісі, негізінен, мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс тілінде немесе басқа тілдерде жүргізілетіні көрсетілген.
Бүгінде Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында істерді қарау, құжат айналымы негізінен мемлекеттік тілде жүргізіледі. Бұл өз кезегінде азаматтардың өз құқықтарын ана тілінде толық қорғауына, құқықтық сауаттылығын көтеріп, әділдікке деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді. Әрине, бұл жерде ең алдымен тараптардың тілдік құқығы сақталатынын айрықша атап өткен жөн.
Сотқа жүгінетін әрбір азамат өз ісін мемлекеттік тілде жүргізіп, материалдарды өз ана тілінде түсініп, заңды шешімдердің мазмұнын еркін ұғынуы қажет. Бұл – заң алдындағы теңдік пен әділдік қағидаларын жүзеге асырудың бір тетігі. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен сот қызметкерлерінің құжаттарды мемлекеттік тілде сауатты дайындауы да тіл мәдениетін көтеріп қана қоймай, соттың ашықтығы мен кәсіби деңгейін жақсарта түседі.
Қорыта айтқанда, Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған аудан-аралық соты өзіне жүктелген жауапкершілікті терең сезіне отырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жолындағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастырып келеді. Нәтижесінде, соттың беделі, халықтың сотқа деген сенімі мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру арқылы нығая түседі.
Тілдің болашағын мемлекет болашағы деп пайымдар болсақ, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын сот саласында барынша кеңейту әрбір судья мен сот қызметкерінің міндеті деп түсінуіміз керек.

Нұрлан НЫШАНОВ,
Шымкент қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған 
ауданаралық соты төрағасының міндетін атқарушы.
Пікір қалдырыңыз