Олар ұдайы назарымызда!
Жүйке ауруынан немесе ақыл-есінің кемдігінен өз әрекеттерінің мәнін түсіне алмайтын адамдарды сот органдары әрекетке қабілетсіз деп танып жатады. Бірақ, соттың бұл шешіміне қарап олардың құқықтары мен заңды мүдделері енді ескерілмейді деген ой тумауы қажет. Керісінше, мұндай адамдардың құқықтары ерекше қорғауды қажет етеді. Олардың мүлкіне, әлеуметтік және өзге де заңды мүдделеріне нұқсан келтіруге жол берілмейді. Ал, қорғаншылық және қамқоршылық органдары өз өкілеттіктерін заңда белгіленген тәртіппен уақтылы әрі сапалы жүзеге асыруға міндетті. Бұл талаптардың барлығы ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексі және Үкіметтің 2012 жылғы 30 наурыздағы №382 қаулысымен бекітілген қағидалармен реттелген. Яғни, мұндай адамдардың құқықтарын қорғауды формальды міндет емес, адами тұрғыда алып қарағанда үлкен жауапкершілік деп түсінген жөн. Бұл ретте ҚР «Прокуратура туралы» Конституциялық Заңының 2-бөлігі, 22-бабына сәйкес, прокуратура органдары заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етіп, азаматтардың, оның ішінде өз құқықтарын өздігінен қорғай алмайтын адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөнінде шаралар қабылдайды.
Түркістан қаласының прокуратурасы.