Әр шешімнің артында жүйелі жұмыс бар
Еліміздегі сот жүйесі жыл өткен сайын жаңарып келеді. Мемлекет басшысының пәрменімен қолға алынған реформалардың нәтижесінде заңдар жетілдіріліп, судьялардың сапалы жұмыс істеуіне қолайлы жағдай туындады. Бұған қоса, сот кеңсесінің қызметін оңтайландыру, азаматтардың сотқа қолжетімділігін арттыру бағытында да атқарылған істер аз емес.
Жалпы, сот жұмысын көп адам тек судьяның еңбегіне қарап бағалап жатады. Ал, сот процесін ұйымдастырудағы кеңсе мамандарының жанкешті жұмысын көп азаматтар біле бермейді. Мәселен, сот отырысының дұрыс ұйымдастырылуы, сотқа қатысушылардың процеске уақтылы келуі, сот отырыстарының талапқа сай өтуі сот мәжілісінің хатшыларына тікелей байланысты. Сонымен қатар сот отырысы бітіп, іске нүкте қойылғаннан кейін де кеңсе қызметкерлерінің жұмысы бітпейді. Сот мамандары хаттама толтырып, дыбыс-бейне жазу құрылғысына жазылған таспаны құжаттап, сот актісін тараптардың қолына табыстауда да ортақ тәртіпке сай қызмет етеді.
Әрине, заманауи технологиялар кеңсе қызметінің жұмысын едәуір жеңілдетті. Заман ағымына орай енгізілген «Сот кабинеті» сервисі, «Төрелік» жүйесі соттармен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Соның арқасында құжаттарды қабылдау, талап-арыздар мен істерді автоматты түрде бөлу, сот талқылауы, шешімдер, атқарушылық құжаттарды беру секілді сот қызметіне қатысты қызметтер жылдам әрі сапалы атқарылатын болды.
Мұндай жаңашылдықтардың барлығы азаматтардың сотқа деген сенімін нығайтып қана қоймай, құқықтық сауаттылығын арттыруға да септігін тигізеді.
Жанар Аманова,
Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты әкімшісі
басшысының орынбасары.