Мақтааралдықтар мақта егуді бастады

Мақтаарал ауданында биылғы көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүргізіліп, мақта егу науқаны басталып кетті. 

Ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі дақыл саналатын мақтаны егу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда аудан бойынша 1494 гектар аумаққа мақта шиті себілді.
Мақтаарал ауданында 60 мың гектардан астам егістік алқап бар. Бүгінгі күнге дейін оның 20 мың гектарға жуығы тырмаланып, 14 мың гектары чизельденген. Бұл алқаптар толықтай мақта егуге дайын. Ауа райының қолайлы жағдайына байланысты дала жұмыстары алдағы күндері қарқын ала түседі деп күтілуде.
Ауданда озық агротехнологияларды енгізу бағытында да нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Сондай жұмыстардың бірі ретінде А.Қалыбеков ауылдық округінде орналасқан «Қалдан» шаруа қожалығы қолдана бастаған қос жүйек технологиясын айтуға болады. Шаруа қожалығының басшысы Асылхан Қасымбеков биыл 40 гектар жерге мақтаны осы жаңа тәсілмен егуде. Бұл технология бойынша қос жүйектің арасы 6 сантиметрді, ал, қатар аралығы 90 сантиметрді құрайды.
Дәстүрлі әдісте бір гектарға шамамен 25 келі мақта шиті себілсе, жаңа технология арқылы бұл көрсеткіш 40 келіге дейін артқан. Мамандардың айтуынша, мұндай тәсіл өнімділікті екі есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл әдіс су мен тыңайтқышты тиімді пайдалануға да оң әсерін тигізеді. 
Мақтадан бөлек, аудан диқандары басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын егуде ілкімділік танытып отыр. Бүгінгі таңда 571 гектарға қырыққабат, 640 гектарға дәнді-бұршақты дақылдар, 610 гектарға жүгері мен арпа, 30 гектарға маш, 95 гектарға сүрлемдік жүгері, сондай-ақ, 4947 гектарға бақша дақылдары егілген.
Пікір қалдырыңыз