«Түркістан сақшылары» көрерменге жол тартты
Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».
Түркістан қаласында жаңа ұлттық анимациялық жоба – «Түркістан сақшылары» мультфильмінің тұсаукесері өтті. Жоба өскелең ұрпақ бойындағы ұлттық құндылықтарды нығайтуға, балалардың тәрбиесін жолға қоюға, ізгілікті дәріптеуге және заманауи технологияларды тиімді пайдалануға бағытталған. Аталған іс-шараға облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, мультфильмнің идеясы мен маңыздылығына тоқталды.
Тұсаукесер рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Е.Алтаев қатысушыларды анимация саласындағы тың жоба – «Түркістан сақшылары» мультфильмінің көрермендерге жол тартуымен құттықтады.
– Түркістан – жай ғана қала емес. Бұл – ғасырлар бойы түркі дүниесінің рухани өзегіне айналған киелі мекен. Мұнда тарихтың ізі сайрап жатыр, бабалар рухы сезіледі. Осындай қасиетті өлкеде өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына туған жерге деген сүйіспеншілік пен тарихқа құрметті бала кезден сіңіру – ортақ міндетіміз. «Түркістан сақшылары» мультфильмі – тәрбиелік маңызы зор жоба. Бұл туынды жас көрермендерді туған жерін сүюге, ел тарихын құрметтеуге, адалдық пен әділдікке, достық пен бірлікке үндейді, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Елу минуттық мультфильм өскелең ұрпақты тәрбиелеу, тарихи сананы қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау және оларды цифрлық дәуірге бейімдеу мақсатында әзірленген. Сонымен қатар жоба «Заң және тәртіп» қағидаттарын ілгерілету аясында жүзеге асырылып, жас буынның құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Аталған жоба биылғы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылды. Заманауи технологиялардың мүмкіндіктері қолданылып, балаларға арналған мазмұн жаңа форматта ұсынылды. Мультфильмді «Turkistan» телеарнасы әзірлеген. Бас продюсер – Уәли Қыдыр, жоба және идея авторы – Ғасыр Құралбайұлы, режиссер – Еркебұлан Шуашов.