Кімнің баласысың?
Ақмерей ШЫРЫНБЕКОВА,
«Оңтүстік Қазақстан».
«Баламды ата-әжесіне бермеймін». Қазіргі келіндер бұл сөзді жиі айтады. Бір кездері тұңғыш немере ата-әженің бауырында өсетін, кемпір-шалдың баласы саналатын. Әженің әлдиімен өскен бала әулеттің жалғасы, дәстүрдің сақтаушысы болатын. Ал, қазір бұл мәселе даулы айтысқа айналып барады... Аға ұрпақ немерені бауырға басуды дәстүр жалғастығы десе, жастар оны ата-аналық жауапкершіліктен бас тарту деп санайды.
Тұңғыш немеренің ата-әженің қолында өсуі тек тұрмыстық шешім емес, ұлттық құндылықтарды сақтаудың бір жолы еді. Ата-әженің тәрбиесін көрген бала үлкенді сыйлауды, салт-дәстүрді, сабыр мен қанағатты жастайынан бойына сіңіріп өсетін. Ал, бүгінгі ата-аналардың көпшілігі баласын ата-әжесінің қолына бергісі келмейді. Неге?
Мұның енді бірнеше себебі бар. Мәселен, бұрын ата да, бала да, немере де бәрі бір шаңырақ астында өмір сүрсе, қазір жас отбасылар көбіне бөлек тұрады. Урбанизация, жұмыс іздеп қалаға көшу, экономикалық тәуелсіздікке ұмтылу секілді мәселелер көп буынды отбасының сиреуіне әкеліп соқты. Нәтижесінде ата-әже мен немере арасындағы күнделікті қарым-қатынас азайды. Географиялық қашықтық та тәрбиені ата-әжеге тапсыруға мүмкіндік бермейді.
Қазір бала тәрбиесінде де бұрынғыдан өзгешеліктер көп. Қазіргі ата-аналар баламен эмоционалдық байланыс орнату, оның жеке тұлғасын құрметтеу, пікірін тыңдау сияқты төркіні Батыстан шығатын қағидаларды маңызды санайды. Психологтар мұны бала мен ата-ана арасындағы жақын қарым-қатынас, ашықтық, баланың өзіне сенімді болуына, өзін-өзі лайықты бағалауына, психологиялық тұрақтылығына әсер ететін қадам деп санайды. Сондықтан перзентінің балалық шағын өздерімен бірге өткізгісі келеді деп түсіндіреді.
Дегенмен, ата-әженің қолында өскен жандар бұл тәрбиенің маңызы ерекше екенін айтады. Қазығұрт ауданының тұрғыны, 23 жастағы Айдос Нұржан өз балалық шағын былай еске алады.
«Мен ата-әжемнің қолында өстім. Әжем әрдайым ертегі айтып беретін, ол кісіден «олай істеме, жаман болады, обал болады» деген сөздерді жиі еститінмін. Ал, атам еңбекқор еді. Олар қатаң талап қоймайтын, еркелетіп отырып-ақ ақылын айтып, дұрыс жолды көрсететін. Қазір ойласам, сол тәрбиенің арқасында әр нәрсеге байыппен қарауды, үлкенді сыйлау мен сабыр сақтауды үйрендім. Ата-әженің мейірімі баланың жүрегінде ерекше із қалдырады деп ойлаймын». Айдос елгезек, тіл алғыш балалар көбіне ата-әже бауырында өсетінін айтады.
Ал, бұл туралы мамандар не дейді?
«Бақытты отбасы» орталығының кеңесшісі, коучер Елжас Ертайұлы: «Ата-әже ата-ананың орнын басуға тырыспауы керек. Өкінішке қарай, біз қоғамда осы жағдайдың да куәсі болып жатамыз. Кейбір үлкендер балаға әке-шешесінің атын айтқызып, оны туған ата-анасынан алыстатқысы келеді. Бұл өте үлкен қате. Жалпы, мен толығымен баланы ата-әженің қолына беруге қарсы адамдардың қатарындамын. Әрине, бала тәрбиесіне ата-әже араласуы қажет. Бірақ, баланың орны туған әке-шешесінің жанында. Біз бұрынғы дәстүр мен қазіргі өмір сүру стиліміздегі айырмашылықты ескеруіміз керек. Мысалы, бұрындары баласын әжесінің бауырына салған ата-ана ата-әжесімен бір шаңырақ астында тұрды. Осылай бала ата-әженің баласы деген атқа еге болса да, ата-анасынан жыраққа кеткен жоқ. Ал, қазіргі таңда әке-шеше басқа қалада, бала өз ата-анасынан алыстап қалады. Мұндай жағдай баланың даму процесіне кері әсер етеді. Өйткені,
9 жасқа дейінгі балада логикалық, аналитикалық ойлау толыққанды қалыптаспағандықтан олар бұл жағдайды түсіне алмайды. Біріншіден, олар өзін тастанды сезініп, әке-шешесіне өкпесі қара қазандай болады. Екіншіден, әрине, ата-әже бар жақсысын беріп, өсіріп бағады, бірақ, өмір бар жерде өлім бар, ол кісілер қайтқанда, бала жетімсіреп қалады. Не ата-әже жоқ, әке-шешемен де дұрыс қарым-қатынас жоқ. Екі ортада бала не ары емес,не бері емес күйде қалады. Өйткені, кішкентай кезінен бірге болып, араларында терең байланыс орнамағандықтан, ол ертең өскен кезінде өзін бөтен сезіне бастайды. Егер балаңыздың ата-әже тәрбиесін көріп өскенін қаласаңыз, мұның екі ғана жолы бар. Не сіз барып қарашаңырақта тұрыңыз, не ата-анаңызды өз қолыңызға алыңыз. Тек балаларды құрбан етпеңіздер. Бала 10-12 жасқа дейін өз ата-анасынан ажырамауы керек» дейді коучер.
Рас ата-әже қолында өскен кейбір балалар кейін ата-анасымен эмоционалдық алшақтық сезінгенін алға тартады. Яғни баланың өміріндегі ата-ана рөлін ата-әжесі басып кетіп, оларға салқын қабақ танытатын тұстары да бар. Бұрынғы және қазіргі тәрбие тәсілдерінде айырмашылық осындай. Аға буын тәртіп пен қатаңдықты бірінші орынға қойса, жас ата-аналар түсіндіру мен қолдауды көбірек қолданады.
Әрине, бұл айтылғандарды да жоққа шығаруға болмас, дегенмен, ата-әже тәрбиесі немеренің өмірінде маңызды рөл атқаратынын да ұмытпайық. Ата-анасының қолында өскен бала мен ата-әжесінің тәрбиесін алған баланың айырмашылығы жер мен көктей. Ата-анасының қолында өскен бала көбіне заманауи тәрбие мен талаптың ортасында өседі. Ата-ана баласының болашағына алаңдап, оның білімді, бәсекеге қабілетті, дербес тұлға болып қалыптасуына көбірек мән береді. Мұндай ортада өскен бала жауапкершілікті ерте сезініп, өз бетімен шешім қабылдауға үйренеді. Ата-ананың талапшылдығы мен бақылауы кейде қаталдау көрінгенімен, оның астарында баланың болашағына деген үлкен алаңдаушылық жатады.
Ал, ата-әженің тәрбиесінде өскен бала ерекше мейірімнің ортасында өседі. Олар немересіне өмірдің мәнін, әр сәттің қадірін жете білуді үйретеді. Ата-әже көбіне баланың көңіл-күйіне, ішкі әлеміне көбірек мән береді. Сондықтан мұндай бала сезімтал, үлкенге құрметпен қарайтын, көбіне салт-дәстүрге жақын болып қалыптасады.
Алайда, бұл екі тәрбиенің бірін жақсы, бірін жаман деуге болмайды. Әр отбасының жағдайы, өмір сүру салты әртүрлі. Ең бастысы, баланың махаббат пен түсіністіктің ортасында өсуі. Кімнің қолында өссе де, жылудан кенде болмай өссін деңіз!
Дегенмен, ата-ана мен ата-әжені бір-біріне қарсы қою дұрыс емес. Бұл – екі түрлі махаббаттың жарысы емес. Керісінше, бұл бір баланың тағдырына жауапты екі буынның өмірге деген көзқарасы.
Ата-әже рухани тірек, өмірлік тәжірибе көзі, отбасылық тарихтың сақтаушысы. Немересіне ертегісін айтып, батасын беріп, рухани құндылықтарды бойына сіңіруі баланың болашағына зор ықпал етеді. Ата-әженің мейірімі мен даналығы баланың келешекте қандай болмағының алғашқы қадамы. Мұндай бала дұрыс пен бұрысты ажыратып қана қоймай, сонымен қатар қиындықтарға дайын, адамдармен сыйластықта өмір сүруді бойына сіңіреді. Өмірде де көп байқайтынымыз, ата-әжесінің қолында өскен бала көбіне өте зерделі, саналы, даналыққа жақын болып өседі.
Бала ата-әжесінің баласы бола ма, әке-шешенің баласы бола ма, ең бастысы адамның баласы болып өссін деңіз!