Өмірден кім өткенін білесіз бе?
Дәуір көшіп барады, дәуір көшіп...
Әдебиетті руханияттың үлкен бір саласы дейтін болсақ, соңғы бір жыл қазақ дейтін қабырғалы халыққа оңай соққан жоқ. Кешегі алыптардың көзін көрген, бүкіл саналы ғұмырларын солардың ізін жалғауға арнаған ағалар мен апалар бірінен кейін бірі шын дүниелеріне аттанып жатыр. Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Темірхан Медетбек, Әкім Тарази, Күләш Ахметова кеткен жолға кешегі жексенбінің кешінде Мұхтар Шаханов ағамыз да түсіп, Раббысына қайтты. Алланың әміріне қарсы тұрар кім бар дейсіз?!
Досы да, дұшпаны да мойындайтын бір шындық, Мұхтар Шаханов қазақ поэзиясына өзгеше бір құбылыс болып келді. Оның атақ, марапаттарын түгендеп жатудың қажеті жоқ, ең бастысы, Мұхтар Шаханов бүкіл халықты өлеңге ғашық қылған ақын! Ақынға бұдан артық қандай атақ керек?! Ел мерзімді басылымдардан Шахановтың жаңа жырларын асыға күтті. «Ғашықтық ғаламатын», «Нарынқұм новелласын», «Танагөзді», «Ғайша жеңгейді» «12-3=?», «Жігерлендіру немесе өзін бақытсызбын деп есептеген жігітке жауапты» академиктер мен министрлерден бастап, шопан, диқандарға дейін ешкім зорламай-ақ жатқа оқыды. Біреулер мінбеге шығып, «уа, халқым!» деп күшеніп жатқанда, ол күшенбей-ақ жоғарыда аты аталған жырларымен халықтың өз ақынына айналып жүре берді. Ол өзінің жас оқырмандарын «Өмірдің барлық сәтсіздіктерін бақытсыздық деп кім айтты саған?!» деп жігерлендіре білді! Саясатқа араласқанда да көптің бірі болып қалмады. Халық кез келген мәселеде «бұған Шаханов не айтар екен?» деп оның сөзін күтті.
Иә, ол осылай өмір сүрді! Бұйығылыққа жаны қас болды. Құдайдың жаратқан пендесі болған соң қателескен де жері болған шығар, сүрінген де жері болған шығар, бірақ халықтан алыстаған кезі болған жоқ! Туған топырағы – Түркістан өңірінен, қасиетті Отырардан өле өлгенше кіндігін ажыратқан жоқ! Өзінің алғаш шығармашылық жұмысын бастаған «Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясын бір үйі санады. Түркістан өңірінде дүниеге келіп, түгел жұрттың ұлына айналды! Тірінің негізгі арманы, ұлағатты ұстанымы осылай болса керек-ті!
Осы бір қаралы күндерден ұққанымыз, мына жалғаннан Мұхтар Шаханов қана көшкен жоқ, қазақ әдебиетінің тұтас бір дәуірі көшіп бара жатыр. Үмітіміз – әлі-ақ Шахановтың екінші өмірі басталады, демек, қазақ әдебиеті, қазақ өлеңі өлмейді! Қазақ өлеңі өлмесе, қазақтың да өмірі жаңа өріс, өнері жаңа өнеге табады! Осыған шүкір қыламыз.
Алла алдыңызды жарық қылғай, Мұхтар аға!
«Оңтүстікқазақстандық» іні-қарындастарыңыз.