«Сіздер қандай құрметке де лайықтысыздар!»
Түркістанда облыстық «Ардагерлер ұйымының» ІХ конференциясы өтті. Келелі басқосуға мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облыстық сотының төрағасы Айдос Сұлтанов, «Аманат» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиында облыс әкімінің орынбасары қоғамдық мәселелерге белсене араласып жүрген ардагерлердің рөлі мен үлесін ерекше атап өтті.
– Түркістан облысында ардагерлердің әлеуметтік жағдайын, олардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Сіздердің ел бірлігін сақтауға, жастарды тәрбиелеуге бағытталған жұмыстарыңыз ерекше құрметке лайық. Жастарға отбасы құндылықтарының маңызын түсіндіру, патриоттық тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу ісінде сіздердің белсенділіктеріңіз аса маңызды. Жуырда ел Президенті өңірімізге келген сапарында келелі ойлар айтып, облыстың дамуына жоғары баға берді. Бұл – бірлескен іс-қимылдың нәтижесі. Алдағы уақытта да осы қарқынды сақтап, өңірдің әлеуетін арттыру – біздің ортақ міндетіміз. Түркістан – тек тарихи өңір ғана емес, бүкіл түркі әлемінің рухани орталығы. Сондықтан оның дамуы мен өркендеуі бәріміздің назарымызда болуға тиіс, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Маңызды жүздесу «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалының І пленарлық отырысына ұласты. Пленум барысында Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Жеңісбек Мәуленқұлов қайта сайланды.
Жиында «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов қайта сайланған төрағаны құттықтап, ұйым мүшелеріне сәттілік тіледі.
Айта кетейік, бүгінде азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Өңірдегі зейнет жасына келгендер саны – 207 421. Оларға қызмет көрсететін «Ардагерлер үйі» және «Мейір» ардагерлер үйлері бар. Сондай-ақ, облыстың барлық аудандарында зейнет жасындағы қарттарды сауықтыру және әлеуметтік оңалту іс-шараларына бағытталған «Белсенді ұзақ өмір орталықтары» жұмыс істеп тұр. Былтыр мұнда 11 мыңнан астам зейнет жасындағы азаматқа қызмет көрсетілді.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жиын қорытындысында қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуда, мәдени іс-шараларды ұйымдастыруда, жастармен кездесулер өткізуде, тәлімгерлік бағыттағы жобаларды іске асыруда нақты нәтиже көрсетіп жүрген ардагерлер ұйымының алдағы жұмыстарына табыс тіледі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.