ОҚПУ өз «жұлдыздарын» анықтады

      

Маржан Жаманқұлова,

«Оңтүстік Қазақстан».


     Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде дәстүрлі «Қыз сыны және Жігіт сұлтаны – 2026» байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл іс-шара – жастардың тек сыртқы келбетін емес, олардың өнерін, білімін, ұлттық құндылықтарға деген құрметін және жан-жақты қабілетін танытатын рухани кешке айналды.

     Байқауға университеттің барлық факультеттерінен іріктелген қыз, жігіттер өзара бақ сынады. Сайыс негізінен «Қыз сыны» және «Жігіт сұлтаны» номинациялары бойынша өтті. Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы «Таныстыру» бөлімінде қатысушылар өздерін ерекше форматта таныстырып, шығармашылық қабілеттері мен сахна мәдениетін көрсетті. Бұл кезеңде әр үміткердің өзіндік ерекшелігі мен креативтілігі айқын байқалды.

      Келесі «Өнерлі өрге жүзер» кезеңінде қатысушылар ән айтып, би биледі, күй тартып, түрлі өнерлерін паш етті. Әрбір өнер көрсетілім көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, кештің әсерлі сәттеріне айналды.

Үшінші «Сұлу мен сымбат» кезеңінде ұлттық киім үлгілері таныстырылып, қатысушылардың сахнадағы жүріс-тұрысы мен эстетикалық талғамы бағаланды. Қазақтың ұлттық киімдері арқылы халқымыздың бай мәдениеті мен әсемдігі көрініс тапты. Ал, шешуші «Тұлға – Дәстүр – Тәуелсіздік» кезеңінде қатысушылардың білім деңгейі сынға түсті. Бұл турда үміткерлер көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен еңбегі, қазақ халқының салт-дәстүрлері және Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері туралы сұрақтарға жауап берді.

       Байқауды университеттің Басқарма төрағасы – ректор міндетін атқарушы Әлібек Нұртаев арнайы тамашалады. Ал, білім ордасындағы  Тәрбие және жастар саясаты департаментінің директоры Қайрат Анарбаев бастаған қазылар алқасы қатысушылардың өнері мен білімін жан-жақты бағалады.

     Байқау қорытындысы бойынша филология факультетінің студенті Рысдәулет Смайлов «Жігіт сұлтаны – 2026» жүлдесін жеңіп алса, Диана Досболова «ОҚПУ аруы» атанды. Сонымен қатар, өзге қатысушылар да түрлі номинациялар бойынша марапатталып, дипломдар мен алғыс хаттарға ие болды.

      Жалпы, «Қыз сыны» және «Жігіт сұлтаны – 2026» байқауы – тек жарыс қана емес, жастардың бойындағы өнер мен білімді, ұлттық тәрбиені дәріптейтін тағылымы мол мәдени кеш болды. Бұл іс-шара студенттердің шығармашылық әлеуетін ашып, олардың ұлттық рух пен заманауи көзқарасты үйлестіре білетінін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Пікір қалдырыңыз