Тұрғын үйді басқарудың пилоттық жобасы
Аман Жайымбетов,
«Оңтүстік Қазақстан».
Газетімізде бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Түркістан қаласында «Turgyndar amanaty» атты семинар-форум өткен болатын. «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» деген атауға ие жиынның өтуіне «Amanat» партиясы бастамашы болғанын да айта кетейік. Жалпы, тұрғын үй қорын басқару жүйесіне біршама жаңашылдық ала келген пилоттық жобаның пайдасы неде? Мақсаты мен міндеттері қандай? Артықшылықтары бар ма? Бұл сауалдарға семинар-форумға қатысқандар терең талдау жасап, жан-жақты жауап берді.
Алдымен «Amanat» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев хабарлама жасап, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын басқарудың жаңа моделін қалыптастыруды көздейтін реформалар әрбір қала тұрғынының өмір сапасына тікелей әсер ететініне тоқталды. Реформа, әсіресе, тарифтер, абаттандыру, жарықтандыру, лифтілер, интернет, қауіпсіздік мәселелеріне қатысты жүйелі шешімдер қабылдануына ықпал ететінін түсіндірді. «Түркістан облысы құрылғаннан бері өңірде құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Мысалы, облыс орталығы – Түркістан қаласында жаңа шағынаудандардың іргесі қаланып, 422 тұрғын үй бой көтерді. Осы үйлерде мүлік иелерінің бірлестіктері және пәтер иелерінің кооперативтік жүйелері енгізіліп, тұрақты түрде қызмет атқарып отыр. Біз бүгін Түркістан облысында мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтері төрағаларының қатысуымен осы пилоттық жобаны талқылап, алдағы бірлескен жұмысымыздың басым бағыттарын айқындау үшін жиналып отырмыз. Жыл басынан бері осындай форум-семинарлар Қарағанды, Ақмола, Павлодар облыстарында өтіп, өз тиімділігін көрсетті. Сол себепті де біз Түркістанда бұл жұмысты жалғастырдық. Себебі, сіздер күн сайын тұрғындармен тікелей байланыста болып, олардың нақты сұраныстарын жақсы білесіздер. Сіздердің тәжірибелеріңіз бен кері байланыстарыңыз маңызды рөл атқарады» деді Ержан Жұматұлы.
Жиында қаралған мәселелер бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер мен оны дамыту жолдарына тоқталды. Өңірдегі 1877 көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқаруға 199 мүлік иелерінің бірлестігі және 10 пәтер иелерінің кооперативтері құрылғаны айтылды. Облыс көлемінде 550 тұрғын үй тікелей бірлескен басқару моделіне көшкені хабарланды. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде азаматтарға қолайлы, қауіпсіз, жайлы, заманауи қалалық орта қалыптастыру және тұрғындардың белсенділігін көтеру көзделгені жеткізілді.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрсұлтан Байтілесов Түркістан облысы қарқынды дамып жатқан өңірлердің бірі екенін айта келе: «Мемлекет басшысының саяси тірегі ретінде «Amanat» партиясы барлық бастамаларды өңірлерде іске асыруға, халыққа түсіндіру және ашық талқылау жұмыстарын жүргізуге ерекше мән беріп келеді. Осы ретте ҚР Президенті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғыртуды стратегиялық басымдық ретінде айқындады. Инфрақұрылымды басқарудың тиімді, ашық әрі жауапты жүйесін қалыптастыру жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Осы міндеттер ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңы аясында жүйелі түрде іске асырылуда. Аталған заң 2025 жылы 15 шілдеде қабылданып, 15 қыркүйектен бастап күшіне енді. Бұл өзгерістер тұрғын үйді басқару жүйесіндегі ережелерді түбегейлі жаңартып, жаңа талаптар мен жауапкершілік деңгейін қалыптастырады деген сенім бар. Бұл – тек салалық реформа емес, бұл әр азаматтың өмір сапасына тікелей әсер ететін жүйелі өзгеріс. Бүгінде біз тұрғын үйдің ауласын абаттандыру, коммуналдық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, қауіпсіздік деңгейін күшейту және шаруашылық басқаруды жетілдіру бағытында кешенді жұмыстардың жүзеге асып жатқанын көріп отырмыз. Алайда, бұл бастамалар тек инфрақұрылымды жақсартумен шектелмеуі тиіс. Олар адамдардың өз ортасына деген жауапкершілігін, қоғамдық белсенділігін көтеруге негіз болуы маңызды» деді Нұрсұлтан Төленұлы.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев партия қолға алған жоба аясында тұрғын үй саласындағы өзекті мәселелерді жүйелі шешудің маңыздылығына тоқталды. Ол өңірде инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, көп қабатты тұрғын үйлерді тиімді басқару, сондай-ақ тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазыл-
бекұлы мен Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың хабарламаларында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар баяндалып, көп қабатты тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылымын жаңарту, аулаларды абаттандыру туралы айтылды. Сондай-ақ, осы мәселелерге байланысты тұрғындар тарапынан келіп түсетін өтініштер де назардан тыс қалмады. Тозығы жеткен үйлерді кезең-кезеңімен жөндеу, коммуналдық қызметтердің сапасын көтеру және басқарушы компаниялардың жауапкершілігін арттыру мәселелері де сөз болды.
Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Мейрамбек Көкенов көп қабатты тұрғын үйлерді басқарушы ұйымдардың, оның ішінде мүлік иелері бірлестіктері мен басқарушы компаниялардың қызметі заң аясында жүргізілуі тиіс екенін айта келе, салық міндеттемелерін уақтылы әрі толық орындаудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, жиында тұрғын үйді басқару саласында қаржылық ашықтықты қамтамасыз ету тұрғындардың сенімін нығайтудың негізгі тетіктерінің бірі екенін айтып, төлемдердің заңды түрде жүргізілуі, кірістер мен шығыстардың айқын көрсетілуі басқару сапасын жақсарта түсетінін ортаға салды.
Түркістан қаласындағы тұрғын үйлерді басқарушы компанияның өкілі Бақтияр Бердібаев, «Turkestan Lift» ЖШС-нің жоба жетекшісі Марат Әбдікамалұлы, мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Айжан Хансейітова семинар-форум аясында ұйымдастырылған диалог алаңын ашып берген «Amanat» партиясына алғыстарын білдірді. Олар мұндай кездесулердің тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді ашық талқылауға, тұрғындардың ұсыныстарын ескеріп, басқару сапасын жақсартуға оң әсер ететінін атап өтті.
Жиында сервистік мекемелердің қызмет тарифін қайта қарау, тұрғын үй басқарушы компания жетекшілерінің біліктілігін арттыру, өзара тәжірибе алмасу үшін жағдай жасау керек екендігі де сөз болды. Арендалық тұрғын үйлерде тұратын азаматтар жалпыға бірдей тәртіп негізінде мүлік иелері бірлестіктеріне жарна төлеуі қажет екені айтылды.
Жиынға қатысушылар тарапынан түскен сауалдарға жауап берген спикерлер бұл саладағы реформалардың өзектілігін ерекше атап өтті. Бұл диалог алаңы тұрғындардың талаптары мен ұсыныстарын тыңдауға, басқарушылар мен тұрғындар арасындағы сенім мен ашық қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік беретінін да айта кеткен жөн. Облыс әкімінің баспасөз қызметі көп қабатты тұрғын үйлер негізінен Түркістан, Арыс, Кентау, Леңгір, Жетісай, Сарыағаш қалалары мен аудан орталықтары болып табылатын ірі елді мекендерде шоғырланғанын айтады. Жергілікті тұрғындардан келіп түсетін арыз-шағымдардың жартысына жуығы осы сала қызметкерлерінің «адресіне» айтылатынын ескерсек, бұл басқосуда күн тәртібіне қойылған мәселенің қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады. Айталық, аталған партияның Түркістан облыстық филиалына өткен жылы 15 687 арыз-шағым келіп түссе, оның 6 314-і немесе барлық өтініштердің 40,2 пайызы – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері төңірегінде. Биылғы жылдың І тоқсанында облыстық партия филиалы 3 310 арыз-шағымды қарап, оның 1 437-сі немесе барлық өтініштердің 43,4 пайызы тұрғын үй қатынастары саласына қатысты екенін анықтаған.
Азаматтар тарапынан түсіп жатқан өтініштер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй қатынастары мәселелерінің өңір үшін аса өзекті екенін көрсетеді. Өтініштердің басым бөлігінің дәл осы салаға тиесілі болуы – халықты толғандырған негізгі мәселелердің бірі екенін дәлелдейді. Осы тұрғыда бүгінгі ұйымдастырылған семинар-форум қатысушылар үшін мазмұнды әрі пайдалы алаңға айналып, аталған бағыттағы жұмыстарды жүйелеуге, өзекті проблемаларды тиімді шешу жолдарын қарастыруға нақты мүмкіндік берді деген сенімдеміз.