Жарайсың, Жәнібек! Ауыл баласы ҰБТ-дан 140 балл жинады

Ордабасы ауданындағы Ш.Уәлиханов мектеп-гимназиясының түлегі Жәнібек Әбілхан Ұлттық бірыңғай тестілеуден (ҰБТ) 140 балл жинап, еліміздегі ең жоғары нәтижеге қол жеткізді. Бұл жетістік – оның табандылығы мен жүйелі дайындығының жемісі.

Жәнібек – Темірлан ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның үздік оқушыларының бірі. Бірінші сыныптан бастап осы оқу ордасында білім алуда. Сынып жетекшісі – Гүлзира Бортай. Мектеп-гимназияны Сәуле Исанова басқарады.
Жәнібек көп балалы отбасыдан шыққан. Ол информатика пәнін таңдап, ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсетті. Болашақта ІТ мамандығын таңдап, еліміздегі үздік жоғары оқу орындарының бірінде білім алуды мақсат тұтып отыр.
Жәнібек Әбілхан – арманға жетудің мүмкін екендігін дәлелдеген жастың бейнесі. Оның табандылығы, жауапкершілігі, уақытты тиімді пайдалануы мен өзіне деген сенімі – өзге оқушыларға үлкен үлгі. Жәнібектің бұл жетістігі еліміздің білім саласындағы үздік нәтижелердің бірі болып табылады. Себебі, оның ҰБТ-да жоғары көрсеткішке қол жеткізуі ауыл мектептерінің де жоғары деңгейде білім бере алатынын көрсетеді. Бұл жетістік жас ұрпаққа үлгі болып, олардың білімге деген құштарлығын арттырады.
Жәнібектің болашағы жарқын боларына сеніміміз мол!

Е.Қожахметұлы.
Пікір қалдырыңыз