Жемісті жыл болды

Бүгінде өңіріміздегі 1 093 мектепте 553 мыңнан астам шәкірт білім алып жатыр. Биылғы оқу жылында 33 884 оқушы 11-сыныпты бітіреді. Олардың ішінде 2 313 оқушы «Алтын белгіге», 2 400 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Сонымен қатар 9-сыныпты 45 мыңға жуық  оқушы бітіреді. Тестілеуге қатыспайтын бітірушілерді (6498) «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында колледждерге оқуға тарту бойынша жұмыстар жүргізілді.

Бүгін еліміздегі барлық 1-11-сынып оқушылары үшін «Білімім – Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізіледі. Бұл іс-шара оқушылардың жыл бойы алған білімін қорытындылап, отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған.
Қорытынды мемлекеттік емтихандар 9-сыныптар үшін 29 мамыр мен 10 маусым аралығында, ал, 11-сыныптар үшін 30 мамыр мен 16 маусым аралығында ұйымдастырылады. Биыл оқыту тіліне қарамастан 5, 6, 7, 8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен CREF стандартына сәйкес аралық емтихан тапсырады. Бұл оқушылардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалауға мүмкіндік береді.
Ұлттық бірыңғай тестілеу  де – түлектер үшін маңызды кезең. Биыл облыс бойынша 27 386 түлек тест тапсырады. Облыста 5 тестілеу пункті жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, тестке қатыспайтын 6 498 түлекке колледждерге түсу үшін бағыт-бағдар берілген. 
Биылғы оқу жылы облысымыз үшін табысты жыл болды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаларда 12 алтын, 16 күміс, 27 қола медаль иелендік. Сонымен қатар, облыстағы  5 мектеп Үздік олимпиадалық мектептер қатарына енді.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірімізде 29 мектеп салынып жатыр. Оның 13-і пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 16 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Оқушылар ыстық тамақпен, қосымша білім берумен қамтылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының тұжырымдамасы негізінде «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясында шәкірттерге толық жағдай жасалды.
Мектептерді жаңғырту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, облыста 2025-2027 жылдары 115 мектеп жаңғыртудан өтеді. Биыл 41 мектепті жаңғырту жоспарланып отыр. Оның ішінде 15 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 26 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл – ауылдағы баланың да қаладағы замандасымен тең дәрежеде білім алуына жол ашады.
Бұл мектептердің басым бөлігі 30-40 жылдан астам уақыт бұрын салынған ауыл мектептері. Жөндеу жұмыстары тек  мектеп ғимаратына ғана жүргізілмейді, сонымен қатар, асханалар, кітапханалар, спорт залдары, пән кабинеттері мен сынып бөлмелері де толық жабдықталып, қауіпсіздік жүйесі және жиһаздармен қамтамасыз етіледі.
Осы оқу жылында облыста «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндаманы жүзеге асыру мақсатында «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы қолға алынды. Жобаның мақсаты – ауыл мен қала мектептерінің арасындағы айырмашылықты жою, ауыл мектептерінің, оның ішінде шағын жинақты мектептердің білім сапасын арттыру. Облыста 27 тірек мектеп, ауылда орналасқан 147 шағын жинақты мектеп бар.  Жоба аясында тірек мектептерге бекітілген шағын жинақты  мектептердің әлеуетін, білім сапасын көтеру мақсатында қарқынды жұмыстар атқару жоспарлануда. 
Мектеп кітапханаларын жандандыру бойынша жыл сайын 300 млн. теңгеден астам қаржы бөлініп, кітап қоры толықтырылуда. Облыста 70-ке жуық Coworking-орталық, кітапханашылар клубы, оқырман жобалары іске қосылған. Қазіргі таңда оқушы оқырмандар үлесі 80 пайызды құрайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Жұмысшы мамандықтары – бұл еңбекқорлық, кәсібилік, жаңашылдық және даму мүмкіндігі мол сала. Қазіргі таңда осы мақсатта облысымызда «WOOSONG-TURKISTAN» IT университеті бой көтеріп, онда 4 факультетте 2340 студент «Жасанды интеллект және үлкен ақпараттар талдауы», «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Әлемдік төртінші IT өнеркәсіптік революция» және «Мультимедия және Web дизайн» мамандықтары бойынша  білім алады. Сондай-ақ,  1 колледж IT бағытына көшіп жатыр.
Айта кетейік, биыл мамандарды даярлауға бөлінетін 15 мыңнан астам гранттың 9 500-і, яғни 63,3 пайызы жұмысшы мамандықтарына бөлінеді. Аталған салаға берілетін гранттар 1 000 орынға ұлғайтылады.
Қазіргі таңда 50 колледжде 45 мыңнан астам студент білім алуда. Биыл колледждерге 15 мыңнан астам грант бөлініп жатыр. Оқу бағдарламасы нарық талабына сай бейімделеді. Аталған бағытта жаңадан 11 жұмысшы мамандығына лицензия алынады. 
Түркістан облысында алғаш рет модульді жатын бөлмелермен жабдықталған 5 жазғы лагерь іске қосылады. 52 модульді бөлме мен санитарлық блоктар орнатылып, оған бір ауысымда 1000-нан астам бала қабылданады. Жазғы маусымда 41 мыңнан астам оқушы лагерьлермен қамтылады.
Түркістан облысының білім беру саласында жүйелі реформалар мен нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Біздің мақсатымыз – әр балаға сапалы білім беріп, әр педагогке қолдау көрсету. 

Айгүл ҚАСЫМБЕКОВА,
облыстық білім басқармасы 
басшысының міндетін атқарушы.

Пікір қалдырыңыз