Ұлттың тағдыры ұрпақ тәрбиесіне тәуелді

Ұрпақ тәрбиесі деген мәселе ұлт тағдырын айқындайтын ең негізгі критерий болып табылады. Әрбір ел өзінің болашағын қалыптастыруда ең алдымен тәрбие мен білімге басымдық беруі қажет. Әсіресе, мектепке дейінгі білім беру саласы – тұлғаның қалыптасуына негіз болатын алғашқы баспалдақ. Сондықтан осы кезеңдегі тәрбие жұмыстарының басты бағыттарының бірі – ұлттық тәрбие болуы тиіс. Себебі, ұлттық тәрбие – бала бойына туған халқына деген сүйіспеншілік пен құрметті сіңіріп, ұлттық болмысты сақтаудың негізі. Өз тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрін білген бала ғана өз елінің нағыз патриоты бола алады. 

Мектепке дейінгі кезең – баланың ақыл-ойы, дүниетанымы, мінез-құлқы, тілі мен мәдениеті қарқынды дамып, тұлға болып қалыптасуының алғашқы баспалдағы. Бұл уақытта бала тыңдағанын, көргенін тез қабылдап, бойына тез сіңіреді. Демек, бұл кезең – балаға ұлттық дәстүр мен құндылықтарды сіңіріп, болашақта елін, жерін сүйетін, тарихын құрметтейтін азамат етіп тәрбиелеудің кепілі. Сондықтан балабақшада тәрбие жұмыстары тек жалпыға ортақ педагогикалық талаптармен ғана шектелмей, ұлттық болмысты бойға сіңіруге бағытталуы қажет. Ұлттық тәрбие дегеніміз — халықтың мәдениеті, тілі, дәстүрі, салт-санасы арқылы баланың адамгершілік, рухани және эстетикалық дүниесін қалыптастыру. Бұл тәрбиенің негізінде қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан өмірлік тәжірибесі, дүниетанымы, әдеп-ғұрпы жатыр.
Ұлттық тәрбиенің мазмұны – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері, халық ауыз әдебиеті, ұлттық ойындары, музыкасы мен қолөнері арқылы көрініс табады. Осы құндылықтар мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру бағдарламаларына кеңінен енгізіліп жатыр. Дегенмен, тек мектепке дейінгі ұйымдағы іс-әрекет барысында ғана емес, отбасында да ұлттық мәдени құндылықтарымызды дәріптей білуіміз қажет. Ол үшін балабақша ұжымы мен отбасы өзара ынтымақтастықта бірлесе жұмыс атқаруы керек. Отбасылық ойын-сауық, танымдық жарыстар мен байқаулар ұйымдастыруға болады. Аталған мәдени іс-шаралар барысында ұлттық ойындарды, ұлттық өнер түрлерін және халық ауыз әдебиеті үлгілерін пайдалануға болады.
Сонымен қатар, ұлттық тағамдар, ұлттық киім үлгілері, ою-өрнек, тұрмыстық заттар туралы танымдық іс-шаралар  өткізу де бүлдіршіндердің ұлттық дүниетанымын кеңейтеді. Балабақша тәрбиешілерінің де негізгі міндеттерінің бірі ұлтжанды азамат тәрбиелеу болуы тиіс.
Ұлттық тәрбие мәселесі тәрбиеші мен ата-ананың қарым-қатынасынан да көрініс табуы тиіс. Баланың бойында ұлттық мінезді қалыптастыру үшін ең алдымен, ересектердің өзі ұлттық құндылықтарды дәріптеп, үлгі бола білуі керек. Баламен сөйлесу, оған халық даналығынан мысалдар келтіру, қазақы иба мен ізетті үйрету – ұлттық тәрбиенің негізгі қағидаларына жатады.
Қазіргі таңда балабақша бағдарламаларына ұлттық мазмұнды кеңірек енгізу мәселесі өте өзекті. Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан «Мәңгілік Ел», «Рухани жаңғыру», «Біртұтас тәрбие» бағдарламалары осы бағыттағы жұмыстарға серпін беруде, жандандыруда.
Ұлттық тәрбиенің бастауы мектепке дейінгі кезеңде басталады.  Ұлттық тәрбие – ұлт бірлігін, рухани тұтастығын сақтаудың ең тиімді жолдарының бірі. Жаһандану дәуірінде басқа мәдениеттердің ықпалына түспей, өз болмысын жоғалтпай өсу үшін әр балаға ұлттық тамырынан нәр беру қажет. Бұл ретте ата-аналар мен педагогтар бірлесе жұмыс істеп, балаларға ұлттық тәрбие берудің мазмұнын тереңдетіп, әдіс-тәсілдерін жетілдіруі қажет.
Мектепке дейінгі білім беруде ұлттық тәрбие – баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуына, отансүйгіштік қасиеттерін дамытуға, ұлттық болмысты сақтауға зор ықпал етеді.

Гүлмира Танабаева,
Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың аға оқытушысы, филология ғылымының кандидаты.
Пікір қалдырыңыз