«Бұл – тынымсыз еңбектің нәтижесі»

Әрбір шәкірттің өмірінде ерекше кезеңдер мен маңызды шешімдер қабылдайтын кез болады. «Алтын белгі» иегерлері – сол кезеңдер арқылы үлкен өмірге қадам басатын жастардың жарқын үлгісі. Бүгінгі сұхбатымызда өңіріміздегі «Алтын белгі» иеленуге үміткер жастармен сөйлесіп, олардың мектептегі жетістіктері мен алдағы мақсаттары туралы біліп, болашақта қандай кәсіпті таңдайтындықтарын сұрағанбыз.
1. «Алтын белгінің» сен үшін маңызы қандай?
2. Осы жолда саған ерекше қолдау көрсеткен кім болды?
3. Ең жақсы көретін пәнің қайсы? Сен үшін ең қиын пән?
4. Қандай кітап оқығанды ұнатасың?
5. Қай оқу орнына, қандай мамандыққа түскің келеді?
6. Он жылдан кейін өзіңді қалай елестетесің?
Меңтай ДОСМАН, А.Иманов атындағы шағын жинақты мектептің оқушысы, Созақ ауданы:
1. Бұл – 11 жылдық еңбектің, тынымсыз оқудың жемісі. Еңбегімнің еленуі мен үшін үлкен мәртебе. Сондықтан мен үшін «Алтын белгінің» маңызы да осында.
2. Анамның маған артқан сенімі ерекше әсер етті. Ол әрдайым менің қолдаушым болды.
3. Химия – ең сүйікті пәнім. Қызықты әрі түсінікті. Ал, қиын пән деп физиканы айтар едім. Бұл пәндегі кейбір тақырыптар өте күрделі.
4. Көркем әдебиетті ұнатамын.
5. Абай атындағы ҚазҰПУ, СДУ немесе МУА университеттеріне түсіп, химия пәні мұғалімі немесе медицина саласы бойынша білім алғым келеді.
6. Ұстаз болып, балаларға білгенімді үйреткім келеді. Он жылдан соң өзімді шәкірт тәрбиелеп, алғашқы түлектерінің қияларға қанат қаққанына қарап отыратын мұғалім ретінде көремін.
Нұрымжан Лесбек, «Ақбастау» жалпы білім беретін мектебінің оқушысы,
Төлеби ауданы:
1. Алтын белгі иегері болу осы уақытқа дейінгі ұстаздарымның берген білімі мен тәрбиесінің және жеткен жетістіктерімнің жемісі деп білемін.
2. Мені анамның қолдауы ерекше қанаттандырып отырды.
3. Ең сүйікті пәнім – Алғашқы әскери дайындық сабағы. Өйткені, осы сабақ барысында физикалық және логикалық жаттығуларда көптеп кездеседі. Қызықты элементтермен танысасың. Мен үшін қиын пәндер – химия, биология, дүниежүзілік тарих пәндері.
4. Ғылыми фантастикалық кітаптарды оқығанды жақсы көремін, соған қатысты фильмдерді көремін.
5. Қазіргі таңда таңдаған мамандығым физика, математика, соның ішінде мамандық электр энергетикасы. Алматы, Астана қалаларына оқуға түсуді жоспарлап отырмын.
6. Оны нақты айта алмаймын, армандаған мамандығымның иесі және қалыптасқан тұлға ретінде көргім келеді.
Нұрай АЙБОЛАТ, «Қарағұр» жалпы орта мектебінің оқушысы, Созақ ауданы:
1. Бұл мен үшін жай белгі ғана емес, мектеп қабырғасында алған біліміме берілген жоғары баға деп білемін. Сондай-ақ, болашаққа деген сенімді қадам, мықты маман ретінде қалыптасуға деген үлкен серпін.
2. Ең алдымен, ата-анам мен ұстаздарыма алғысым шексіз. Олар әрдайым демеп, қолдау білдіріп отырды.
3. Ағылшын тілі. Себебі, қазіргі заманның ғылымы мен технологиясы ағылшын тілімен тығыз байланысты. Бұл тілді меңгеру – болашаққа ашылған мүмкіндік. Ал, мен үшін қиын пәндер жоқтың қасы.
4. Әдеби кітаптарды жиі оқимын. Себебі, кітап адамның тіл байлығын арттырып, ойлау қабілетін шыңдайды.
5. Астана қаласындағы Мақсұт Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетіне түсіп, «Екі шет тілі» мамандығы бойынша білім алғым келеді.
6. Өз еліміздің абыройын асыратын, әлемдік деңгейдегі білікті маман болуды армандаймын. Осы мақсатқа жету үшін еңбек етуге дайынмын.