Үздіктер білім грантын жеңіп алды

Облыстық қоғамдық даму басқармасы және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті ректорының гранты үшін «EKTU QUIZ» зияткерлік сайысы өтті. Іс-шараның мақсаты – дарынды жастарды анықтап, олардың білім деңгейін көтеру және жұмысшы мамандықтарына қызығушылықты арттыру.
Сайысқа облысқа қарасты 330 мектептен 1650 оқушы қатысып, 17 аудан мен қалада іріктеу кезеңдері өткізілді. Оның жеңімпаздары мен жүлдегерлері финалдық ойындарға жолдама алды.
Ақтық сайыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сөз сөйлеп, жастарға зор үміт артылып отырғандығын атап өтті, осындай мүмкіндік ұсынған ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Сайыс қорытындысы бойынша Созақ ауданынан келген «Алгоритм» командасындағы 5 оқушы грантқа ие болып, жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, бес команданың оқушыларына ШҚТУ ректорының гранты табысталды. Атап айтсақ, «IQ Energy» (Түлкібас ауданы), «125» (Түркістан қаласы), О.Есімов атындағы мектеп (Келес ауданы), «Сайрам» (Сайрам ауданы), «Қанат» (Мақтаарал ауданы) командаларының үздік оқушылары да грантқа ие болды.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллина құттықтау сөз сөйлеп, 10 оқушыға ШҚТУ ректорының грант сертификаттарын табыс етті. Біліктілікті анықтайтын сайыс соңында барлық қатысушы командаларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар берілді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.