Халқымыз Қалдар атаны ұмытпайды
Әлемді дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысын еске алудың өзі ауыр. Қан майдандағы ата-бабаларымыздың ерліктері, тылда жанқиярлықпен жұмыс істеген апаларымыздың еңбектері ешқашан ұмытылмайды. Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толады.
Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихы мемлекеттік архивінің «Ұлы Отан соғысына қатысушылар (1941-1945 ж.ж.)» атты коллекциясында (№199) қор көптеген соғыс ардагерлерінің өмірдеректері сақтаулы тұр. Сол қорда ұлағатты ұстаз, Бәйдібек ауданының құрметті азаматы Қалдар Исаханов атамыз жайлы құнды мәліметтер жинақталған. Ол 1924 жылы 2 қаңтарда Бәйдібек (бұрынғы Алғабас) ауданының Борлысай ауылдық Кеңесіне қарасты Ақтас елді мекенінде туған. 1942 жылы Сталин атындағы орта мектепті бітірген жас жігітті маусым айында аудандық әскери комиссариат әскерге шақырады. Сөйтіп, шілде айында Өзбек КСР-інің Ферғана қаласындағы №18 өзбек полкіне курсант болып қабылданады. Қысқа мерзімде кіші командирлер даярлайтын курсты бітіріп, қараша айында сержант шенін алады. 1943 жылдың 17 қаңтарында Саратов қаласында әскери дайындықтан өткен соң, Сталинград қаласын жаудан азат етуге қатысады. Орел, Смоленск, Минск, Брянск, Рязань, Гомель қалаларын азат ету үшін болған қиян-кескі ұрыстардың бел ортасында болады. 1943 жылы 20 қыркүйекте сондай шайқастардың бірінде ауыр жарақат алады. Архангельск қаласындағы тыл госпиталінде 7 ай, 14 күн емделген оны комиссия «соғысқа жарамсыз» деп елге қайтарады.
Елге оралған Қалдар Исаханов Шымкент педагогикалық институтының тарих факультетін 1948 жылы сырттай бітіріп шығады. Еңбек жолын мұғалім болып бастаған ол кейін мектеп директоры қызметіне дейін өседі. Сонымен бірге шәкірттерге тарих пәнінен сабақ береді. Майдангер мұғалім 1981 жылы шілдеде құрметті демалысқа шықты. Байырғы ұстаз жұбайы екеуі үш ұл, жеті қыз тәрбиелеп, өсірді. Қырықтан астам немере, шөбере сүйді. Қалдар ата 98 жасында өмірден өтті.
Майдангер соғыста көрсеткен ерліктері үшін 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және бірнеше медальмен марапатталған. Ұлы Отан соғысына қатысып, Жеңіс жалауын желбіреткен кешегі жауынгерлердің ерлік істері жүрегімізде мәңгі сақталады.
Марина ИСМАЙЛОВА,
Түркістан облысының қоғамдық-саяси
тарихы архивінің бөлім басшысы.