Сертке берік сарбаздар
Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден, ал, Отанға қызмет ету білекпен емес, жүрекпен!» деген ұлағатты сөзі бар. Бұл сөздің мән-мағынасын Ұлттық ұлан сапында әскери борышын өтеп жүрген әрбір сарбаз жете түсінеді. Себебі, олардың күнделікті ісі Отанға деген абыройлы міндеттен тұрады.
Өткен жылдың соңына таман Ұлттық ұланға қарасты 6698 әскери бөлімі Жетісу, Жамбыл және Қызылорда облыстарынан келген 150-ге жуық сарбазбен толықты. Қазір олар әскери қызметтің алғашқы дайындығынан өтіп жатыр. Жас сарбаздарға тәлімгер ретінде белгіленген тәжірибесі мол білікті офицерлер мен сержанттар оларды әскери қызметшілер арасында қарым-қатынас жасауға, әдептілікті сақтауға, саптық дайындыққа, дене шынықтыруға, қарумен жаттығуға үйретіп, әскери киімді дайындау, оны тігу сияқты күнделікті тұрмыстық дағдыларға машықтандырады.
Біз осыдан бір ай бұрын Отанға адал қызмет етемін деп серт берген Дәулет Болат пен Бейбарыс Олжабековті әңгімеге тартып, алғашқы жауынгерлік қызметтен алған әсерлерін білген едік. Үшарал қаласынан келген Дәулет ережесіз жекпе-жек спортынан (ММА) еліміздің бірнеше дүркін чемпионы болса, тараздық Бейбарыс Польша елінде білімін жетілдіріп келген.
Дәулеттің айтуынша, ол жастайынан елінің патриоты болуды армандаған. Спортқа деген қызығушылығы да сол бала жастан ояныпты.
– Қазақстанның былғары қолғап шеберлері әлемдік ареналарда көк туымызды желбіретіп жатқанда, өзім де жеңіске жеткендей ерекше сезімде болатынмын. Менде де көк туымызды көкте желбіретіп, әнұранымызды әлемге естіртсем деген арман болды. Спорттың ережесіз жекпе-жек түрімен бала кезден айналыса бастадым. Әлемді мойындатқан ағаларым сияқты болу үшін мен де тынбай жаттыға бердім. Қол жеткізген жетістіктерім де аз емес. Әлемдік деңгейде өткен жарыстарда үш рет жеңістің ең биік тұғырына көтерілдім. Сол кездегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, көзіңе еріксіз жас келеді екен.
Ел қорғау – 18 жасқа толған әрбір азаматтың қасиетті борышы. Әскерге сол мақсатпен келдім. Қазір әскери дағдыларды үйреніп, жауынгерлік қызметтің қыр-сырын құлшына меңгеріп жатқанымыздан болар, әр күнім қызықты әрі тез өтуде. Бұрын әскер десе, көз алдыма қару асынып жүгіретін, бекетте күзетте тұратын немесе атысып жатқан жауынгерлер елестейтін. Ал, Ұлттық ұланда мен ойлаған дүниелерден басқа да міндеттер көп екен. Мұндағы әскери қызмет мен ойлағаннан да қызықты болып шықты. Бұл жердегі тәртіп менің спорттағы мүмкіндігімді шыңдай түсті. Қазір әр өңірден келген сарбаздармен етене дос болып кеттім. Бізді алда ауыр да абыройлы, салмақты да жауапкершілігі мол жұмыстар күтіп тұр. Біздің қалауымыз – ел азаматтарының амандығы, – дейді Ұлттық ұлан сарбазы.
Ал, қатардағы жауынгер, ақпараттық технологиялар маманы Бейбарыс Олжабеков 2001 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Өзінің айтуынша, мектеп жасынан компьютер мен технология саласына қызығып өскен.
– 10 жасымда өзімнің алғашқы бағдарламамды жаздым. 11-сыныпты бітіргенше, ақпараттық технология саласына бейімделіп, болашағымды тек сол мамандықпен байланыстырамын деп шештім. Жоғары оқу орнын Польшада бітірдім. Шетелде жүріп елімнің қадірін жақсы түсіндім, себебі, мұндағы білім мен жаңашылдықтар мені тек алға қарай жетеледі. Жақсы білім алып, өз елімнің ғылымын дамытуға үлес қоссам деген мақсат болды. Оқуымды аяқтап елге келісімен азамат ретінде әскерге барамын деп шештім. Төрт жыл туған жерден жырақта жүргенде елге деген сағынышым, оның қадір-касиетін ұғыну сияқты сезімдер менің нағыз патриот болып қалыптасуыма үлкен әсер етті деп ойлаймын.
Сарбаз болған күннен бастап әскери өмірдің біз үшін қаншалықты қажет екеніне, елге қызмет етсең, болашағыңа жарқын жол ашылатынына көзім жетті. Мұнда әскери тәртіпке, мінезіңді шыңдауға, ұжымда жұмыс істей білуге үйретеді. Ұлттық ұланның қатарында болған қысқа ғана уақытта мен мұнда нағыз әскери жолдастықты көрдім. Бір сөзбен айтқанда, өмірге мүлде басқаша көзқараспен қарай бастадым. Әскери қызметтен соң жүзеге асыратын бірнеше жоспарым бар. Өзімнің ойларымды жинақтап, қазір бастамаларымды іске асыруға талпынып жатырмын. Егер әскерге келмегенімде, көп нәрсенің қадір-қасиетін білмей жүреді екенмін. Мен өз қаламда қыдырып жүргенімде, менің тыныштығым мен амандығымды күзететін адам бар деп ойламаппын. Бүгін өзім де замандастарымды, қала берді қоғамның тыныштығын қорғап жүрмін, – дейді Бейбарыс.
Иә, бұл – кеше ғана әскери борышын өтеуге келген жас жауынгерлердің жүректен шыққан жалынды сөзі. Ал, біз олардың анттан аттамайтын, сертке берік сарбаз болатынына сенімдіміз.