Рекордтар кімге тиесілі?
Алғаш рет автокөлік тарихындағы сағатына 100 шақырым жылдамдық XIX ғасырда тіркелген. Ал, 1998 жылдан 2005 жылға дейінгі жеті жыл ішінде McLaren F1 автомобильдер арасында сағатына 386,4 шақырым жылдамдық рекордын сақтап тұрған және одан озу мүмкін еместей көрінген. Одан кейін Bugatti Veyron пайда болып, бұл көліктің жылдамдығы сағатына 407 шақырымға жеткен. Бірақ, осы екі көлікке дейін жылдамдық бойынша рекорд орнатқан басқа да машиналар болған екен.
Қазір автокөліктерді салыстырғанда олардың 100 км/сағ жылдамдыққа қаншалықты тез жететіндігі көрсеткіш ретінде қолданылады. Бірақ, бір кездері мұндай мүмкіндік болмаған. Яғни рекорд алдымен сағатына 100 шақырым жылдамдыққа лезде жететіндердің арасында емес, мұндай жылдамдыққа қол жеткізе алатындардың арасында орнатылған. Атап айтқанда, 1899 жылы Карл Бенцтің көлігі пайда болса, 14 жыл өткен соң француздық la Jamais Contente автокөлігі тұтынушыларға жол тартқан. Сол көлік сағатына 105,8 шақырым жылдамдықпен жарыс жолында рекорд орнатқан. Көлік торпедо тәрізді корпусқа ие болған. Бірақ, жүргізушінің шанақтан жоғары орналасуы аэродинамиканы бұзып, көліктің одан да жоғары жылдамдықпен жүруіне кедергі келтірген. Бір қызығы, алғашқы рекордты электромобиль орнатқан. Нақтырақ айтсақ, La Jamais Contente екі электрлі қозғалтқышпен жабдықталған екен. Олардың жалпы қуаты шамамен 68 аттың күшіне тең болған. Өкінішке қарай, бұл көлік рекордты ұзақ ұстап тұра алмады. Себебі, осыдан үш жылдан кейін, яғни 1902 жылы ішкі жану жүйесі арқылы жұмыс істейтін қозғалтқышы бар алғашқы көлік аталған рекордты жаңартып, сағатына 120 шақырым жылдамдықты бағындырған.
Тарихшылар мен сарапшылар «қай көлік сағатына 160 шақырым жылдамдыққа алғашқы болып жете алды?» деген сұраққа әртүрлі жауап беріп, ортақ пікірге келе алмай жатыр. Себебі, 1900 жылдары бухгалтерлік есеп дами қоймаған. Дегенмен, бұл рекордқа үміткерлердің бірі – Baker torpedo EV. Электрлі қозғалтқышы небәрі 14 ат күшіне тең болған көлік тамшы тәрізді пішіні және 36 дюймдік дөңгелектерінің арқасында ауаны тіліп жүре алған. Өкінішке қарай, бұл көлікпен рекорд орнатудың алғашқы әрекеті кезінде үлкен дөңгелектердің бірі шығып кетіп, 20 адамның өмірін қиған үлкен апат орын алған. Одан кейінгі талпыныс та қайғылы жағдаймен аяқталады. Жүргізуші рөлге ие бола алмай, көлік көрермендерге қарай ұшып кеткен. Бірақ, жүргізуші зардап шекпеген екен. Себебі, бұл қауіпсіздік белдіктерімен жабдықталған алғашқы жарыс машинасы болатын. Осы сәтте көлік сағатына 167,3 шақырым жылдамдықпен жүрді деп болжанған. Бірақ, сол өлімге соқтырған апатқа байланысты АҚШ билігі көпшіліктің алдында автокөлікпен рекорд орнатуға тыйым салады. Ал, белгіленген жылдамдық есепке алынбаған. Бұл рекордқа екінші үміткер де сол өндірушінің көлігі. Нақтырақ айтсақ, біршама уақыттан кейін шығарылған Baker torpedo kid моделі сағатына 167 шақырым жылдамдыққа жеткен. Сол сынақта көлік бірнеше рет максималды жылдамдыққа жетуге тырысқан екен. Расталмаған мәліметтерге сәйкес, бір талпыныс кезінде көлік жылдамдығы сағатына 218 шақырым жылдамдықты көрсетіпті. Өкінішке қарай, мұны ешкім растай алмайды. Ал, ресми тұрғыдан келер болсақ, бұл рекорд француздық Gobron-brillié көлігіне тиесілі. Ол 13,5 литрлі, 110 ат күшіне ие, төрт цилиндрлі қозғалтқышпен жұмыс істеген.
Ал, сағатына 240 шақырым жылдамдықты бағындырған алғашқы көлік британдық Sunbeam өндірушісінің моделі. 1920 жылы компания Sunbeam 350 HP көлігін шығарған. Ол 18,8 литрлі, 350 ат күшіне ие V12 авиациялық қозғалтқышымен жабдықталған. Британдық жүргізуші мен автомобиль журналисі Сэр Малколм Кэмпбелл 1922 жылы тағы бір рекорд орнатады. Алайда, рекордты тіркейтін кезде шенеуніктер секундомерді бұзып, жылдамдық есептелмей қалған. Содан кейін тағы да талпыныстар жасалған. Нәтижесінде осы автокөлік 1925 жылы сағатына 242 шақырым жылдамдықпен жүре алды. Өзге көліктер бұл жылдамдыққа шамамен отыз жылдан кейін ғана жетіп, 1955 жылы Mercedes-Benz 300 SL рекорд тіркеген. Ал, 1927 жылы Sunbeam екі авиациялық қозғалтқышы бар 1000HP Mystery моделін әзірлеген. Сол көлік дүние жүзінде бірінші болып сағатына 328 шақырым жылдамдықпен жүре алған және бұл жаңа рекорд еді. Оны тек 1987 жылы Ferrari F40 машинасы ғана жете алған. Малколм Кэмпбелл одан кейін тағы бірнеше рекорд орната алды. Дәлірек айтсақ, көлік жылдамдығын алдымен сағатына 402, содан кейін 482 шақырым жылдамдыққа жеткізген.