Қозғалтқыштың нөмірі не үшін қажет?
Кез келген көлік құралының ең маңызды бөліктері – қозғалтқышында, жақтауы мен шанағында жеке таңбасы болады. Соның ішінде қозғалтқыштың таңбасы аталған бөліктің жеке нөмірі болып саналады. Ол қондырғыға таңбаланады және техникалық құжаттамада жазылады. Бұл таңбалар арқылы қуат блогы туралы әртүрлі техникалық ақпаратты білуге болады.
Қозғалтқыш нөмірін қалай табуға болады? Қуат блогының таңбасын орналастыруда бірыңғай стандарт немесе норматив жоқ. Автокөлік өндірушілер өз ойларына сүйене отырып, таңбаның орнын өз қалауларына сай таңдайды. Дегенмен, қозғалтқыштың негізгі бөлігі болып саналатын цилиндрлер блогы жиірек таңдалады.
Таңбаның орналасатын жері түрлі автокөлік маркаларында ғана емес, белгілі бір өндірушінің модельдері арасында да әртүрлі болуы мүмкін. Жалпы, қозғалтқыш нөмірі ең жиі таңбаланатын орындар мыналар: қуат блогы мен беріліс қорабы түйісетін жер; газ тарату механизмінің белдік қаптамасы; қабылдау коллекторы; генератор шкивінің жаны; май сүзгісінің асты; май деңгейін тексеруге арналған «зондтың» асты; доңғалақ доғалары (мысалы, Land Cruiser моделінде).
Қозғалтқыш нөмірі не үшін қажет? Барлық автокөлік жүргізушілерінің ең бірінші және басты сұрағы – «көлік құралын есепке қою кезінде қозғалтқыш нөмірі қажет пе?» деген сауал. Заңнама бойынша қазір жол полициясы қозғалтқыш нөмірін тексермейді. Сондықтан көлік құралын тіркеу туралы куәлікке қозғалтқыш нөмірі енгізілмейді. Сонда автомобильдегі қозғалтқыш нөмірі не үшін қажет?
Қуат блогындағы таңба кем дегенде екі жағдайда қажет. Алдымен сервистік қызмет көрсету кезінде. Өйткені, қозғалтқыштың кодында құрылғы туралы барлық негізгі ақпарат шифрланған. Соған сүйене отырып номиналды қуатты, шығарылған жылын және қозғалтқыштың сериясын ғана емес, нақты модификацияға сәйкес келетін бөлшектерді біле аласыз.
Екіншіден, көлік құралын сәйкестендіру кезінде қажет. Себебі, көлік құралын түрлі уақытта есепке қою кезінде қозғалтқыш таңбасы қажет болмағанымен, бірінші рет тіркеген кезде керек болады. Яғни жаңа көлікті тіркеу кезінде барлық маңызды агрегаттық нөмірлер жол полициясының мәліметтер базасына енгізіледі және олар техникалық жағынан өзара байланысты болады. Соның арқасында қандай да бір уақыт өткен соң қозғалтқыштың коды бойынша оның «ғұмырын» білуге болады. Бұл, әсіресе, көлік ұрланған жағдайда өте маңызды. Себебі, полицейлер барлық белгілерге, соның ішінде қуат блогының нөміріне қарап та іздеу жүргізеді.
Тағы бір нұсқа – ұрланған көліктердің шанағындағы нөмір қолдан өзгертіледі, бірақ қозғалтқыш нөмірі назардан тыс қалып жатады. Сонымен қатар сарапшылардың жалған шанақ кодын анықтауы қиын, сондықтан ұрланған көлікті іздеу барысында қуат блогының нөмірі бойынша тексереді. Сәйкесінше қозғалтқыштың нөмірін толығымен жою немесе өзгерту мүмкін емес.
Қозғалтқыш нөмірін сақтау қаншалықты маңызды? Бұрын көлік құралының ажырамас бөлігі болып саналатын қуат блогының таңбасы міндетті түрде автокөлік құжаттамасына сәйкес келуі керек еді. Сонымен қатар, автокөлікті кез келген уақытта автоинспекция қызметкері тоқтатып, қозғалтқыш нөмірін техпаспорттағы дерекпен салыстыра алатын. Сәйкес келмеген жағдайда көлік айыппұл тұрағына қойылуы мүмкін болатын.
Ал, бүгінгі таңда қозғалтқыш нөмірі бұрынғыдай заңдық тұрғыдан аса маңызды емес. Соған қарамастан бұл нөмірді сақтау керек. Сонда көлікті есепке алу кезінде кейбір қиындықтарға тап болмайсыз.
Егер қуат блогының нөмірі оқуға қиын болса, оны қандай да бір құралдармен өзіңіз тазартуға тырыспаңыз. Себебі, мұндай әрекет арқылы таңбаларды толығымен жойып жіберуіңіз мүмкін.