Мықты офицер – әскер абыройы

Әлемде мамандықтың түрі көп. Мен бүгін солардың ішіндегі әскери қызметкер мамандығы туралы сөз етпекпін. Жалпы, әскери маман атану бүгінгі таңда қаншалықты маңызды? Әскери оқу орнын бітіргендер қандай қызметке орналаса алады? Себебі, өзім ұстаздық ететін М.Қашқари атындағы мектеп-лицей туған елінің оқушылары әскери қызметке жиі қызығушылық танытып жатады. Әрине, басқа мамандықтарға қарағанда, әскери маман болуың өзіндік қызығы да, қиындығы да жетіп-артылады.

Офицер ең алдымен – Отан қорғаушы. Ана баласы үшін отқа түссе, офицер де елі үшін отқа күйеді. Сондықтан да оларға үлкен жауапкершілік артылады. Офицер әріптестерімен тіл табыса білуі өзіне де, әр айтқан сөзіне де сенімді болуы қажет. Ол өзіне бекітілген рота, взвод сарбаздарын дұрыс басқара біліп, ұрыс тактикаларын жетік меңгеруі шарт.
Офицерлік қызмет Отанға қалтқысыз қызмет етумен өлшенеді. Бүгінгі таңда барлық білім беру мекемелерінде оқушыларды отаншылдыққа тәрбиелеуге ерекше назар аударыла бастады. Себебі, бүгінгідей жаһандану заманында туған еліңнің патриоты болу аса қажет дүние. Өз басым мектеп оқушыларын ұлттық рухта тәрбиелеуді, әскери борышты мүлтіксіз орындауға баулуды, Қазақстан Республикасы мен оның халқы алдындағы жауапкершілікті дұрыс ұғындыруды ең басты парыздарымның бірі деп есептеймін. Сонымен қатар, оқушыларға еліміздің Ата Заңын, «Әскери қызмет және әскери міндеттілік туралы» Заңдарды, ондағы қағидаларды ұдайы түсіндіріп отырамын. Әскери дайындық сабағы арқылы оқушыларға Қазақстан Республикасының рәміздерін насихаттаймын. Сондай-ақ, оқушыларды әртүрлі әскери-патриоттық үйірмелерге тартып, жарыстар өткізіп отыруды да назардан тыс қалдырмаймын. Әскери даярлық сабағын аяқтаған оқушыларымның басым бөлігі әскери мамандықты таңдады. Әскери дайындық сабағын үздік аяқтаған оқушылар еліміздегі 4 оқу орнына түсе алады. Атап айтар болсақ, 11-сыныптан кейін Құрлық әскерлері әскери институтына, Ра-диоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына, Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтына және 9-сыныптан кейін Ш.Уәлиханов атындағы Әскери колледжге түсуге мүмкіндіктері бар. 
Белгілі педагог К.Ушин-ский «Баланы жан-жақты етіп тәрбиелеу үшін жан-жақты білу керек» деген екен. Сол айтпақшы, оқушыны жан-жақты білу үшін мұғалімге ең алдымен ата-ананың көмегі қажет. Әрине, отбасы болған соң онда сан түрлі проблемалар болады. Дегенмен, ата- ана мектеппен етене қарым-қатынас жасаған жерде жақсы нәтиже де болады.

Лазиз ТОЙМЕТОВ,
М.Қашқари атындағы мектеп-лицейінің алғашқы әскери және технология пәнінің мұғалімі.
Кентау қаласы.
Пікір қалдырыңыз