Бұл көліктер Башар Асадтың гаражынан табылды

Біршама уақыт бұрын Сирияның экс-президенті Башар Асад елінен қашып, Ресейді паналаған болатын. Біз бүгін оның резиденциясынан табылған көліктерге тоқталмақпыз. 
Дамаскідегі Башар Асад резиденциясында сирек кездесетін сәнді көліктер коллекциясы болған. Мүмкін, бұрынғы Сирия президентінің гаражындағы ең мықты модельдер ретінде Land Rover Defender, Toyota Land Cruiser және Audi A8 көліктерін атауға болатын шығар. Дегенмен, Башар Асадтың гаражынан бұлардан да басқа мықты көліктер шықты. 
Мәселен, сол гаражда тұрған Mercedes-Benz SL65 AMG Black Series көлігі. Әлем бойынша бұл көліктің небәрі 350 данасы ғана шығарылған. Бұл көлік арматураланған пластиктен жасалған бірегей корпус элементтерімен, доғасы кеңейтілген доңғалақтармен, аэродинамикалық спойлермен, сондай-ақ эксклюзивті интерьер дизайнымен ерекшеленеді. Қозғалтқыш бөлігінде үлкейтілген интеркулері, жаңартылған қуатты жүйесі және қайта конфигурацияланған басқару блогы бар 12 цилиндрлі қозғалтқыш бар. Қозғалтқышының қуаты 670 ат күшіне тең. Бұл көлік сағатына 100 шақырым жылдамдыққа 3,8 секундта жетеді екен. Екінші нарықтағы сәнді неміс лимузинінің бағасы орта есеппен 150 мың АҚШ долларын құрайды. 
Башар Асадтың гаражында тоқсаныншы жылдардың ортасында аты аңызға айналған, 590 аттың күші бар қозғалтқышпен жабдықталған суперкөлік Lamborghini Diablo да болған. Бұл көлік сағатына 100 шақырым жылдамдыққа жету үшін 3,4 секундты қажет етеді. Сонымен қатар, 1995 жылы автонарықты бағындырып, атын алтын әріппен жазған итальяндық бренд Ferrari 
F50 көлігі де табылған. Бұл модель 520 аттың күші бар V12 қозғалтқышының арқасында сағатына 100 шақырым жылдамдыққа 3,7 секундта жетеді. Сирек кездесетін көліктің бағасы 3,5 миллион АҚШ долларына дейін жетеді. 
Башар Асад тақымдаған тағы бір «темір тұлпар» – Lamborghini LM002. Бұл сексенінші жылдардың соңында шығарылған итальяндық брендтің алғашқы жол талғамайтын көлігі. Зауыттан небәрі 328 данасы ғана шыққан. Көлік 455 аттың  күшіне ие V12 қозғалтқышымен жабдықталған. Толық жетекті және тәуелсіз серіппелі суспензияға ие. Ең жоғары жылдамдығы 201 км/сағ-пен шектеледі. Шет елдерде бұл модельдің құны 480 мың АҚШ долларын құрайды. Ал, Асадтың Aston Martin Rapide атты спорттық көлігі көлемі 6 литрді құрайтын 477 ат күшіне ие қозғалтқышпен жұмыс істейді. Модель бір кездері әлемдік автоқауымдастық пікірімен өз класындағы ең әдемі динамикалық көліктердің бірі ретінде танылған. Айтпақшы, бұл көліктің максималды жылдамдығы – сағатына 303 шақырым. Құны 100 мың АҚШ долларынан асады. 
Башар Асадтың гаражында бұл көліктерден бөлек Rolls-Royce Wraith, Bentley Continental GT, Audi R8, Cadillac Escalade, Mercedes-Benz SLS AMG және бірегей Mercedes-Benz 600 Grosser бар екен. Айтпақшы, соңғы аталған көліктің түрлі кезеңдегі модельдерін Саддам Хусейн, Мао Цзэдун және Леонид Брежнев мінген. Кейбір деректерге сүйенсек, Сирияның бұрынғы президенті коллекциясының құны 1 миллиард АҚШ долларынан асып түседі. 
Пікір қалдырыңыз