Сазы бөлек «САЯЛЫ САРЫАҒАШ»

Қазақтың әйгілі композиторы, дирижер, Қазақстанның халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай, Сарыағаш ауданында «Саялы Сарыағаш» этно-фольклорлық ансамблінің «Тұран рухы» деген атпен шығармашылық кеші өтті.
Ел тарихын бүгінгі күнмен ұштастырып, көңілдің күйін сазды аспаптар арқылы сөйлеткен өзгеше кешке аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы қатысып, өнерпаздарға ыстық ықыласын білдірді. Шығармашылық кешке Түлкібас ауданынан арнайы келіп, өнер көрсеткен «Аршат» ансамбліне де құрмет көрсетілді.
Халықаралық сахналарда өнер көрсетіп жүрген ұжым бұл кеште де тыңдармандарына ерекше көңіл-күй сыйлады.
1996 жылы мәдениет майталманы, ұлттық өнердің жанашыры Әбләзім Жаншуақовтың бастамасымен құрылған «Саялы Сарыағаш» ұлт-аспаптар ансамблі бүгінде еліміздің айтулы өнер ұжымдарының біріне айналды.
Ансамбльдің шығармашылық жолындағы алғашқы ірі жеңістерінің бірі 2000 жылы өткен Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын орындаушыларға арналған облыстық «Аққу» байқауында жүлделі І орынды иеленуі еді. Бұл жеңіс ансамбль мүшелерінің кәсіби шеберлігін, қазақтың төл өнеріне деген сүйіспеншілігін танытты.
Ансамбльдің басты ерекшелігі – ұжым құрамында небәрі алты өнерпаз болса да, олар бір ғана шығарманың өзінде әрқайсысы бір уақытта бірнеше аспапта еркін ойнайды. Жалпы, ансамбль концерттерде 15-ке жуық ұлттық музыкалық аспаптарды пайдаланады. Олардың қатарында домбыра, қобыз, шертер, сыбызғы, шаңқобыз, асатаяқ, дауылпаз, жетіген, нар қобыз, мүйіз сырнай бар.
Ансамбльдің репертуарында халық әндері мен күйлері, Құрманғазы, Дәулеткерей, Шернияз, Нұрғиса Тілендиевтің күйлері, сондай-ақ Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Нұрғиса Тілендиев сынды қазақ композиторларының әндері мен шығармалары, жалпы 40-тан астам туынды бар. .
2008 жылдың мамыр айында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің №159 бұйрығына сәйкес ансамбльге «Халықтық ансамбль» атағы берілді. 2011 жылдан бастап ансамбль заман талабына сай қайта құрылып, этно-фольклорлық бағытқа бет бұрды. Ұжым ұлттық өнерді халық арасында кеңінен насихаттап, дәстүрлі өнердің дамуына өзіндік үлесін қосып келеді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.