Қайта оралған қазына

Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».

Облыс орталығындағы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде XIV ғасырдан бері сақталып келе жатқан құнды жәдігерлер бар. Солардың бірі Қабірхана бөлмесінің оюлы ағаш есігі – «Қапсырма». Аталған жәдігер Алматыдағы ғылыми реставрациялық зертханада қайта жаңғыртудан өткізіліп, бірер күн бұрын Түркістан төріне қайта әкелінді. Осыған орай  «Сирек жәдігерлер музейінде» тарихи ескерткіштің таныстырылымы өтті.

Іс-шара барысында облыстық мәдениет басқармасының «тарихи мәдени құндылықтарды қорғау» бөлімінің басшысы Омар Абдуллаұлы және «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мұрат Мейірбекұлы Қабірхана есігінің қайта қалпына келтірілуі жайлы айтып, есіктің музей-қорық үшін, жалпы руханиятымыз үшін маңыздылығына тоқталды. 
Бес жыл бойы аса ұқыптылықпен жүргізілген қайта қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесінде есік ғасырлар бойы жинақталып қалған шаң-тозаңнан, түрлі зиянды заттардан тазартылып, термиттер кемірген қуыс жерлері толтырылған. Бұл көне есіктің әрі қарай сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, сол дәуірдің қолөнерін, рухани танымын ұғынуға, сонымен қатар осы уақытқа дейін оқылмай келген терең сырлы жазулардың мағынасын ашуға да мүмкіндік беріп отыр.
Пікір қалдырыңыз