БИЫЛ 106 МЫҢ ГЕКТАРҒА МАҚТА ЕГІЛДІ



Еліміз бойынше тек біздің облыста ғана мақта егіледі. Биыл мұнда 106 мың гектарға шит себіліп, бүгінде толық жианлып алынды. Бірақ, мақта бағасы арзан болып, шаруалар өз шығынын әрең жапқан көрінеді. Ақ алтыннан мол табыс табу үшін қайтпек керек? Мамандар ол үшін жоғары сортты өнім егуге кеңес береді. Сондай-ақ, шығынды барынша азайту үшін су үнемдеу технологиясын қолданған тиімді. 
Енді осы тәсілді қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластерін құру қолға алынбақ. Яғни мақта өсіруден бастап жіп, мата және киім сияқты дайын тоқыма өнімдерін өндіруге дейін қамтылмақ. Түркістан қаласында мақтаны терең өңдейтін ірі зауыттың құрылысы басталған көрінеді. Құны 147 млрд. теңгені құрайтын жоба толық іске қосылса төрт мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасады екен. 
Облыс басшыларының айтуынша, жалпы өңірде мақта кластерінде 9 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Ол жобалар толық іске қосылғанда 40 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, 50 мың тоннаға жуық дайын өнім өндіріледі. Мақта өнімділігі үш есеге дейін артып, өнімділік көрсеткіші гектарына 70 центнерге жетеді деп межеленіп отыр. Бүгінде мақталы аймақтарда егістікті әртараптандыру бағытында жұмыстар басталып кеткен көрінеді.
А.ЖАЙЫМБЕТОВ. 
«Оңтүстік Қазақстан».
Пікір қалдырыңыз