Ұлттық жоба аясында 49 нысан
«Басты байлық — денсаулық». Өйткені, біздің
елімізде адам тағдыры бәрінен де жоғары тұрады. Сондықтан тұрғындардың
саулығына баса көңіл бөлінеді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық
жобасы аясында біздің өңірде су жаңа 49 нысанның құрылысы жүргізілуде. Атап
айтар болсақ, 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6
медициналық пункт салынуда. Бұдан бөлек, Келес ауданындағы «Абай» аудандық
ауруханасы, Бәйдібек ауданындағы «Боралдай» ауылдық ауруханасы, Кентау
қаласындағы «Кентау қалалық» орталық ауруханасы мен Сайрам ауданындағы «Сайрам»
аудандық ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған.
Сонымен қатар, облыста бұрын-соңды
жасалмаған операциялар алғаш рет жасалып, медицина саласында оң өзгерістер орын
алуда. Мәселен, жыл ортасында Түркістан қалалық орталық ауруханасының
дәрігерлері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде, алғаш рет
ишемиялық инсульт кезінде қолданылатын тромбоэкстракция отасын сәтті жүргізді.
Сондай-ақ, Түркістан облысында жыл
басынан бері 108 сәбидің жүрегіне ота жасалған. Өңірде кардиохирургия саласы қарқынды дамып
келеді. Түркістан облыстық балалар
ауруханасында туа біткен жүрек кемістігі бар балаларды тасымалдаудың жол картасы
әзірленіп, дәрігерлердің Қызылорда мен
Тараздан жүрек кемістігі бар нәрестені санавиация бортымен тасымалдау тәжірибесі бар. Ауруханада кардиореанимация бөлімшесі ашылып,
онда жаңа туған нәрестелерді күрделі және ұзақ ашық жүрекке операциядан кейін
күтеді.
Медицинадағы мұндай түбегейлі
өзгерістер халықтың болашағына мінсіз қызмет етеді деген сенімдемін.
Маржан ЕРБАУОВА,
көп балалы ана.
Төлеби
ауданы.