Жұмысқа кассациялық соттар кіріседі

Елімізде судьялардың шығарған сот актілерінің сапасына көңілі толмайтындар аз кездеспейді. Әрине, сотта екі тараптың да мүддесі қозғалатындықтан, жеңілген тараптың өкпе-реніші болатыны айтпаса да түсінікті. Мемлекет басшысы Қазақстан судьяларының ⅤⅠⅠⅠ съезінде сот төрелігінің әділ және заңды жүзеге асырылуына мемлекет те, бүкіл қоғам да мүдделі екендігін айтқан болатын. Президенттің айтуынша, қылмыстық және азаматтық істердің небәрі 5 пайызы ғана кассацияға жолданады екен.

«Бұл өте аз әрі азаматтардың сұранысына сәйкес келмейді. Сондықтан өз алдына бөлек кассациялық соттар құру мәселесі пісіп-жетілді деп ойлаймын» деген Мемлекет басшысы. 
«Қазақстанның сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, Астана қаласында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша кассациялық соттар құрылатыны белгілі болды. Өзгерістерге байланысты сот төрелігін жүзеге асырумен бұдан былай жергілікті және кассациялық соттар ғана айналысады. Онда істі алдын-ала қарау процесі алынып тасталады. Осылайша, Жоғарғы соттың рөлі едәуір өзгереді. Бұл жаңашылдық алдағы шілде айынан бастап қолданысқа енгізіледі. 
Кезінде облыстық, қалалық соттардың кассациялық және қадағалау сатыларына қатысты міндеттерін бір өзіне жүктеп алған Жоғарғы сот бұл  жұмысты толық игеріп кете алған жоқ. Керісінше, Жоғарғы сот арыз-шағымнан бас көтере алмай қалды. Қаншама адамның жер алшақтығына байланысты кассациялық шағымдану мүмкіндігі шектелді. Кассациялық соттардың құрылуы осы олқылықтардың орнын толтыруды көздейді. Соның арқасында заңсыздықтарға дер кезінде тосқауыл қойылып, сот билігінің тиімділігі мен қолжетімділігі арта түспек.

Бақытжан МҮЛКІБАЕВ,
Шымкент қаласының қылмыстық істер
 жөніндегі ауданаралық сотының судьясы.
Пікір қалдырыңыз