Құрылыс басқармасының қаржы есебі тексерілді

Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті «Түркістан облысының құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өткен жылғы қаржылық есебін тексерді. Нақтылай айтқанда, аталған мекеменің бухгалтерлік есебі мен қаржылық жай-күйі, есептің дұрыстығы, оның негізділігін бағалау бойынша аудиторлық іс-шара жүргізілді.
Мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне сәйкес жүргізілген тексеру нәтижесінде 175 918 005,6 мың теңгеге қатысты заң бұзушылық анықталды. Оның ішінде қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы 98 050 323,3 мың теңге. Аудит барысында есепке алу мен қайта есептеу бойынша бухгалтерлік есептілікті дұрыс көрсету жолымен 42 879 426,8 мың теңге қалпына келтірілді. Сонымен бірге қалпына келтіруге жататын рәсімдік сипаттағы 77 867 682,3 мың теңге анықталды.
Анықталған заң бұзушылықтар қаржы-шаруашылық қызмет пен есептілікті реттейтін нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтамаудан орын алған. Олар негізінен активтерді мерзімінде немесе дұрыс есепке алмау, амортизацияның дұрыс есептелмеуі, қаржылық операцияларды уақтылы жүргізбеу және қаржылық есептілікке деректердің дұрыс көшірілмеуінен болған.
ҚР «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңының талаптарына сәйкес, мекемеге мемлекеттік қаржылық бақылаудың ден қою шаралары қолданылды. Атап айтқанда:
1) «Анықталған заң бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама» жолданып, нәтижесінде тиісті қызметкерге «Ескерту» түріндегі тәртіптік жазасы берілді.
2) Қаржылық бұзушылықтарға жол бергені үшін тиісті лауазымды тұлға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 238-бабы, 1-тармағының 2) тармақшасымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
С.НҰРЛЫБАЕВ,
Түркістан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қаржылық есептілік аудиті
бөлімінің бас маман-мемлекеттік аудиторы.