Көктей орып, жуадай солдырады...

Ерлан Қуандық, «Оңтүстік Қазақстан».
Қайсыбір елде болмасын есірткі ең қауіпті әрі зиянды қылмыс түріне жатады. Әлем елдері бұл қылмыспен түрлі жолдармен күреседі. Құзырлы органдардың сан түрлі операциялары, жедел іс-шаралары, салаға жауапты тұлғалардың қатысуындағы есепсіз жиындар мен басқосулар өтеді. Алайда, есірткі қылмысын толық жеңу оңай емес. Заманына қарай есірткінің түрі, оның жасалу технологиялары да өзгеріп, есірткіні сатудың жаңа әдістері пайда болуда. Ол интернеттің дамуынан кейін тіпті белең алып кетті. Құзырлы органдар заңсыз есірткі сататын сайттарды, телеграм арналарын бұғаттап-ақ жатыр. Дегенмен, есірткімен күресте тек сатушы-таратушыларды ұстап-жазалау жеткіліксіз екендігін көз көріп отыр. Сонымен қатар бұл істе жеткізушілерді, кейін сақтау қоймаларын, ең бастысы, осыған жағдай туғызатын адамдардың жолын кесу ең тиімді тәсіл екенін уақыт дәлелдеуде.
Нашақорлық – Қазақстан үшін де қайғы-қасіреті мол дерт. Ол бар жерде есірткі бизнесі де қатарласа жүреді. Бұл індет қоғамымыздың тұрақтылығына, мемлекетіміздің қауіпсіздігіне де қатер төндіреді. Есірткі қармағына бір іліндірген соң, торға түскен балықтай қанша бұлқынсаң да одан қайтып шығу қиын. Әсіресе, жастарды көктей орып, жуадай солдырады.
Ел арасында наша тарту деп аталатын есірткі құмарлық – адам баласының жаман әдетке бой алдыруының алғашқы сатысы немесе ауыр дертке әкелетін қадам. Есірткінің әлемнің көп елдеріне жайылып, жасырын бизнестің ең қауіпті түріне айналуы – қазіргі ең өзекті проблемалардың бірі.
ҚР ІІМ-нің медиа-орталығы жанынан «Есірткісіз болашақ» және «Наркопост» атты журналдар жарық көреді. Ішкі істер министрлігінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитетінің шақыруымен Орта Азия елдерінде есірткі бизнесінің алдын алуға бағытталған бірнеше семинар-кеңеске қатысқаным бар. Жиында Қазақстан дайындаған бейнеролик пен польшалықтар жасаған туынды салыстырмалы түрде көрсетілді. Германия мен Польшадан келген білікті сарапшылардың «Сіздерде (оның ішінде Қазақстанды да айтып отыр) есірткі тақырыбын сөз ете қалса болды, өз қолына ине шаншып (қадап) жатқан есірткіге мұқтаж жанды көрсете салу үрдісі байқалады» дегені бар-тын. Шындығында да солай. Поляк ағайындар дайындаған бейнероликтен біз ешқандай есірткі затын не болмаса оны пайдаланып жатқан адамды, не құрал-жабдықты көрмедік. Тек балаға аз уақыт бөлетін ата-ананы, сұрағына жауап беруге ынтасыз үлкен адамды ғана байқадық. Сарапшы мамандардың айтуынша, есірткіні көрсетіп есіне салғаннан гөрі балаға көп уақыт бөлуді ескертетін тәрбиелік көрсетілімдер әлдеқайда пайдалы.
Бір нәрсе анық, кез келген бала немесе жасөспірім әу баста «инесі құрысын, қайдағы жоқ пәлеге мен ешқашан бармаспын» деген ойда болады. Ал, қолына ине шаншып жатқан көріністі қайта-қайта тықпалай отырып, біз шылым шегетін баланы мүлде назардан тыс қалдырамыз. Былайша айтқанда, инеге дейінгі ұзақ жолғы сатыларды елемейміз. Қазіргі күндері темекіден келетін зардапты ескертетін темекі қорабына салынған суреттерді залалды алдын алуға бағытталған ең дұрыс қадам дер едік.
Полиция органдарында 20 жылдан аса еңбек өтілі бар, оның ішінде есірткі бизнесіне қарсы күрес саласында көп жыл жұмыс атқарған тәжірибелі маманмен жуырда осы тақырыпта әңгіме өрбіттік. Маманның айтуынша, кез келген адам әуел баста «мен өзіме-өзім ешқашан ине салмаспын» деген ойда болады екен. Ал, инеге дейінгі сатылардан өтсе, оған қалай барып қалғанын өзі де байқамай қалатын көрінеді. Мағынасы мынаған саяды: адам баласы, мейлі ол жас болсын, ересек адам болсын, әсіресе, жастардың арасында есірткіге әуестік көп ретте білместіктен басталады. Есірткіге баратын адам алдымен темекі тартады. Шылым шекпейтін адам есірткіге жоламайды. Әртүрлі факторлар нәтижесінде, мысалы, тәрбиесі, өскен ортасы, достары, мектеп қабырғасы, түнгі клубтар, т.б. жағдайларда жасөспірім темекі шеге жүріп, марихуана шегіп көруді жай ғана әншейін ермек деп қабылдайды. Бір рет не бірнеше рет шегіп көргеннен кейін оны құмарлық сезімі тарта бастайды. Кейін ол тұрақты дағдыға айналады. Күндердің күнінде сол адам героин иіскейтіндердің қатарынан табылып жатса, онда да «мен ине деген пәлеге жоламаймын, тек бір рет қана иіскеп көрейін» деп ойлайды. Иіскеп үйренген адам тәуелділікке қалай бой алдырғанын байқамай да қалады.
Есірткі тақырыбында «мөлшер» деген ұғым кең қолданылады. Оны халық арасында көбіне «доза» деп атайды. Енді осы героинді 3-4 жігіт иіскеп жүрген болса, бір күні оның «дозасын» және бағасын бағамдаған бір «білгіш» бізге неге бір рет қана иіскейтін «дозаны» екі-үшке бөліп, ине арқылы салмасқа деген пікірді ортаға тастайды. Ақшаны үнемдеу мен «дозаны» мөлшерлеуде дұрыс айтылған пікір болған соң, оған қалғандары келіседі. Иіскеуден инеге өту осы үнемдеуден келетін кесел екен. Иә, инеге алғаш өткен адам оны өзі емес, өзгеге салдырып, барлық сақтық шараларын жасап-ақ жүреді. Бұл тек алғашқы сатыларда. Кейін уақыт өте адамның тәуелділігі күшейе түседі және қасында оған ине салып жүретін адам үнемі бола бермейді. Әлгі өзіме-өзім ешқашан ине салмаймын деген адам «ломка» (есірткіден келетін сырқат іспеттес қалтырау не басқа түрде келетін қиналу процесін айтады) кезінде шыдай алмастан өзіне-өзі ине салуға барады. Ине – біреу, ал, адам көп болған жағдайда ортақ инемен есірткі салуға да барып жатады.
Олай болса, есірткімен күрес мәселесінде инені көрсете бергеннен гөрі темекінің, арақтың, марихуананың залалын түсіндіруден жалықпағанымыз абзал. Олардың ойнақтап жүріп от басып қалмауын қадағалау қажет.
Негізінде нашаның залалын зияны көп деп айта беру тыңдаушыны жалықтырады. Сондықтан нақты мысалдарды келтірейік. Нашақорда ең алдымен өкпе қабынады. Бронхит, одан әрі өкпе рагі дамиды да, адам өлімге (Алла өзі сақтасын) дайындалады. Соңғы кезде ғалымдар марихуананың бауыр мен жүрекке де кері әсері бар екенін дәлелдеді.
«Адам нашақорлыққа не үшін ұрынады?» деген сұраққа жауап бере кетейік. Көбіне ол отбасыдағы нашар тәрбиемен, ата-ананың бұрын-соңды спирттік ішімдікке, есірткіге әуестігімен байланысты. Балаға деген мейірімнің болмауы мен отбасыдағы кикілжің де негізгі себептердің бірі. Басқа да себептері жеткілікті, әрине.
Ал, енді жастарды есірткіден қалай қорғап қалуға болады? Қазіргі жастар тез өсіп, физикалық тұрғыдан тез жетіледі. Алайда, олардың сана-сезімі мен дүниетанымы әлі де болса балалықтан асып кете алмайды. Сондықтан балаларға жаман әдеттен аулақ болуды жастайынан құлақтарына құя беру керек. Негізі 9-12 жасар балалар темекі шегуді де мәртебе санайды. Олардың кейбіреулері шарап та ішеді. Сондықтан ата-ананың міндеті – осы жастағы балаға көбірек көңіл бөліп, олардың темекіден, спирттік ішімдіктерден және есірткіден аулақ болуына күш салу.