Хас шебер еді, Қасекем

Театрдың жарқын белестері 1950-1960 жылдар аралығында Ғ.Хайруллинаның бас режиссер болған кезеңімен байланысты болды. 
Театр 1958 жылы Алматыда тұңғыш рет ұйымдастырылған «Театр көктемі» фестиваліне «Жазықсыз айыптылар» (А.Островский), «Өгей шеше» (О.Бальзак) секілді мазмұнды спектакльдермен қатысып, әсем қаланың рухани атмосферасын дүр сілкіндірді. Бұл өнер сапарының негізгі базарлығы – С.Мұқанов пьесасы бойынша қойылған «Шоқан Уәлиханов» спектаклі болды. Қойылымда Шоқан рөлін Қасымхан Шанин сомдады. Көрерменді алғашқы минуттан-ақ тамсандырған нәрсе, ол – Қасымхан Шаниннің Шоқанға портреттік ұқсастығы еді.  
Сол көктемгі гастрольде  көркемдік рейтингін көтеріп алғаны ұжым үшін, жалпы Шымкент үшін көп кезеңге азық болды. 
1938 жылы Ленинградтан арнайы білім алып қайтқан топтан біраз кісілер соғысқа аттанды. Содан кейін театрдың актерлік құрамын қайта жасақтау мақсатында ел ішіндегі талантты жастар арасында іріктеу жүрді. Жас өнерпаз Қасымхан Шанин жұмысқа қабылданды. Оның домбырамен ән салуы, аккордеонда шебер ойнауы бәрі-бәрі... жұтынып сахнаға шығуға дайын екенін дәлелдеп тұрғандай болды. Қасекең сомдаған рөлдердің ішінде Ә.Тәжібаевтың «Майра» шығармасындағы Дүрбіт пен К.Симоновтың «Прага каштаны саясы» шығармасындағы Жокичті көрермен көпке дейін аузынан тастамай айтып жүрді. Кейіннен Қасымхан Шаниннің актерлік шеберлігін Е.Арон, Ш.Айманов секілді кинорежиссерлер жоғары бағалап, өздері түсіріп жатқан «Ботагөз» (1957 ж.), «Алдар көсе» (1964 ж.) фильмдеріне шақырады. 
Білімін жетілдіру үшін Қасекең Мәскеуге, Ленинградқа барды. Алайда, ұстаздары қанша тырысса да «халық жауының баласы» деп танылған Қасымхан Шанинді қорғап қала алмады. Оқудан шеттетілді. Бірақ, ол солай болды екен деп салы суға кетпей, өзін қолға алып, режиссерлікпен айналысты. Шымкенттегі театр сахнасында «Шұға», «Айман-Шолпан», «Жалбыр», «Аршын мал алан», «Тау қызы» секілді әуені шалқыған спектакльдердің қойылуына үлкен қозғау салады. Осы жұмыстан қол үзбей жүріп, А.Островский атындағы Ташкент театр-көркемөнер институтының режиссерлік бөліміне оқуға түсті. Ол кезеңде сол институтта қазақ азаматтарынан Б.Құндақбаев, М.Қосубаев, Б.Омаров, Қ.Мұхамеджанов, А.Ысрайылов, С.Тұрлымұратов, Ж.Шынәсілов, Н.Жантурин оқитын.
Бірде Қасымхан атақты режиссер-педагог А.Гинзбургтің өткізіп жатқан репетициясына барады. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклі. Қодар рөліндегі Н.Жантуриннің монологы жүріп жатқанда, режиссер қолындағы қамшысымен актердің арқасын осып жібереді. Бір сәтте арқасы сыздап, жанын қоярға жер таппай қалған  Н.Жантуринге Александр Осипович «Продолжайте!» деп бұйырады. Н.Жантурин  монологын жалғастыра түседі. Бұл эпизод жас талапкерге үлкен әсер қалдырады. Кейін спектакль кезінде монологтың сол тұсына келгенде Қасекең Гинзбургтің нағыз білгір маман екеніне көз жеткізеді. Өкінішке қарай, көп ұзамай Қасекең бұл оқудан да «белгілі себептермен» шеттетіліп,  Ташкентті тастап кете барады.
Театрда «Шұға» спектаклін қою жас режиссер Қ.Шанинге тапсырылады. Қойылымның ерекше формасын табу, оны мейлінше музыкамен көмкеру, әуен лейтмотивін, кейіпкер характерін сипаттайтын ария тектес әнді пайдалану үлкен шеберлікті талап ететіні Қасекеңнің осы спектаклінде айқын аңғарылды. Алғашқы сахнада идиллияға толы ауыл өмірі, халық ойындары көрсетілсе, кейіннен бұл драматизмге ұласты. Ырғақ ауысты. Шұғаның ақтық сөзін ести алмаған Әбіштің жан-дүниесінің толғанысын, революцияны... бәрін-бәрін режиссер көрерменге К.Дүйсековке арнайы жаздырған кабалетта іспеттес жігерлі әуенмен  жеткізді.  А.Қалмырзаев,  Х.Сазантаева, Е.Садақбаева, А.Тайғаринова, О.Жұмабеков, Р.Байкенов, М.Ильясқаров секілді актерлер шебер сомдаған бұл спектакль шынында ғажап дүние болды. 
Сол уақыттарда қаланың рухани аурасын М.Өтебаев, С.Досмағамбетов, Қ.Шаниннен құралған көшпелі театр ән-күймен өрнектеді. Бұл үш ноян өздері-ақ сағаттап концерт беретін. Оларға сахнада орыс тілінде де спектакль қойып, ән салу түк те қиын болмайтын. Кейін бұл топқа театрдың басқа да қыз-жігіттері қосылып, Шымкент театры музыкалық болып  құрыла  бастады. Режиссер Қ.Шанин аккордеонын құлаштай тартып, әсем әндері сүйемелдеп жүретін. Көшпелі өнер керуеніне анда-санда Шәмші Қалдаяқов  қосылатын. Әдемілікке, классикаға жаны құмар Қасекең мәдениет институтын, музыка  училищесін айналшықтап, мамандармен тілдесіп, Оккерттің «Шұғаға» арнап оркестровка жасап беруін келісетін. Одан ары Оқушылар сарайындағы балетмейстер А.Л.Цандековаға барып, жоспардағы «Тау қызы» спектакліне Лабазан рөлін орындаушы актер 
М.Ильясқаровқа арнап лезгинка биін қоюын келісетін. Қысқасы, Шымкентте де Алматыдағыдай талантты режиссерлер мен композиторлардың бір-бірін қолдап, демеп жүретіні сондай жарасымды көрінетін. 
Р.Гамзатовтың «Тау қызы» поэтикалық драмасын қоюы театр үшін тың дүние болды. Көңілдері алып-ұшып тұрған мектеп оқушыларынан құралған қыздар тобы ұшқан құсқа үн қосып, ән салды. Режиссер оларды сакля үстіне жайғастырды. Спектакльде Қасекем сахна сыртында өзі дирижерлап тұрды. 
Қ.Шанин өз замандастарының, бір буынның кумирі, ұстазы бола білді. 1960 жылы Өзбекстан территориясында уақытша қалған Киров ауданындағы халық театры Мәскеуде Кремль сахнасында «Қыз Жібекті» қою құрметіне ие болады. Одан соң Қасекең Б.Майлиннің «Жалбыр» пьесасын қоюды қолға алады. Ауданның мәдениет бөлімінің бір автоклубы режиссер Қ.Шанинді  белгіленген кестемен Шымкенттен  Бағараға әкеліп тұратын.
1967 жылы қос театр  бір ортақ директордың жетекшілігімен қазіргі әл-Фараби алаңындағы жаңа ғимаратқа көшті. Шымылдық Ғ.Мүсіреповтің «Амангелді» драмасымен түрілді. Бұл қойылым Қасекеңнің Шымкент сахнасындағы соңғы режиссерлік жұмысының бірі болды. 1968 жылы театрдың бас режиссері ҚР еңбек сіңірген әртісі Ә.Ордабаев «Шоқан Уәлихановты» қолға алды. Әрине, Шоқан рөлінде – Қ.Шанин. Есейген, жүріс-тұрысы баяулаған, салмақты актер бұл жолы екпінді Шоқанның ішкі сезіміне түсірді. Патша аудиенциясынан көңілі қалған, елдегі сайлау тартысынан шаршаған, Катаринаның ықыласын еске алған Шоқан-Қасымхан бір сәтте жайлау төсінде поручик погоны жарқыраған кителін шешіп тастап, қолына домбыраны алып «Еділ-ай» әнін шырқай жөнелді. Офицерлік сымбат, ғалымдық таным, сарай мәдениетін еркін меңгерген бекзада Шоқанның бар болмысы осындайда ашыла түсетін... 
...ВГИК-ті бітірген қырғыз кинорежиссері Б.Шамшиев Қасекеңді М.Әуезовтың «Қараш-Қараш» оқиғасындағы Күшіковтің рөліне шақырады. Қасекеңнің бұл рөлі де көрермен көңілінде мәңгі сақталып қалды деуге болады. 
Қасекеңнің еңбегі Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігінің ерекше назарына ілігеді. Содан 1968 жылдың қаңтарында өкіметтің сол халық театрының негізінде «қазақ музыкалық драма театры құрылсын» деген Қаулысы қабылданып, оркестр, хор, балет, солистер, драма актерлары қамтылған типтік штаттық кестесімен толыққанды театр ашылады.
Шымкент театрындағы өзінің режиссерлік жұмысынан қол үзбей жаңа театрдың ашылуына барынша қамқорлық еткен Қасекең Ташкентке Мәдениет министрлігіне көркемдік жетекші болып тағайындалуға бұйрық алу үшін келеді. Бұл туралы Қ.Молдәулетов өз естелігінде былай дейді: 
«Министрліктегілер Қасекеңе «Сіздің жоғары біліміңіз жоқ екен ғой» деп тиісе бастайды. Біраздан соң бізді Өнер істері жөніндегі басқарма басшысы Рахманов шақырды. Ол кісі аппараттағы қызметкерлердің біразын шақырып, Қасекеңе қарап тұрып: «Сіз Жұмат Шаниннің ұлысыз! Соның өзі бізге жеткілікті! Сізге ешқандай дипломның қажеті жоқ. Сіз нағыз асылдың сынығысыз» деп жұрт көзінше бұйрыққа қолын қояды. Кейін білдім, Рахманов кезінде Алматыда жұмыс істеген екен».
1977 жылы сол театр жаңа, Өзбекстан мемлекеті салып берген ғимаратқа көшкен кезде театрдың бас режиссері А.Оңалбаев «Жалбырдың» Қасекең редакциялаған нұсқасын ыждағатпен қайта құрастырып, ондағы кейіпкердің әрқайсысына ән-арияларын түгелдегені бар. Көпке дейін «Жалбыр» Жетісай театрының төлқұжатындай болды.
Қасекең өте кірпияз болатын. Өнер туралы пікір, сын айту үшін кісінің правосы болу керек дейтін. Яғни театр, өнер дүниесіне ой қоспақ адам  ішкі дайындығы, талғамы, мәліметі зор болу керек деп тұратын.
Оркестр музыканты, виоленчель шебері В.Шундровский өзінің естелік әңгімесінде режиссер Қ.Шанин бірде көп уақыт есік сыртында тұрып, музыканттың дайындалып жатқанын бақылағанын айтады.
Ой-өрісі кең, ассоциативтік ойлау қабілеті мол Қасымхан Шанин сахна адамының өте көрікті, сымбатты, сұлу болғанын жақсы көретін. Көрікті сыңғырлаған сопрано дауысты қыздардың бойынан айдаладағы норвегиялық Сольвейг бейнесін еске алып, виртуалды сапар шегіп кететіндей болатын. Біз, жастар, Қасымхан ағамыздан көп нәрсені сұрап, театр өнерінің сырына қаныға бергіміз келетін. 
Өзінің тәрбиесін көрген актриса А.Жұмабекова Қасымхан ағаға «Асқар Ленинградқа оқуға түсіпті» деп сүйінші сұрағандай хабарлағанда, ол кісі «Е-е, Ленинградтың көшесінде 4 күн жүрген адам  институттың 4 курсын бітіргенмен пара-пар!» деген екен. ...Қанша қолдау болғанымен ауылды жерден театр құру, труппа түзу ол кезде оңай шаруа емес-тін. 1969 жылы ерте көктемде Шымкенттегі өзі тұрған қазіргі Қазыбек би көшесі бойындағы ауруханада Қасекең мезгілсіз дүниеден озды. 
Жұмат Шаниннің, әкесінің ықпалымен құрылған  Шымкент театрына бозбала болып келіп, сахна сардары ретінде талай еңбек етіп, қазақ театр, кино өнеріне  үлкен үлес қосқан  актер, режиссер Қасымхан Шаниннің тұрған үйіне  театр ұжымы 2006 жылы мемориалдық тақта орнатқан болатын. 
Көрнекті сахнагерді есте сақтаудың басқа да жолдары бар шығар...

Асқар ӘЛИХАН.
Пікір қалдырыңыз