Бәйдібектік қариялар

Бәйдібектік ардагерлер облыс баспасөзінің қара шаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 100 жылдығын мерекелеуді Жамбыл және Мыңбұлақ ауылдық округтерінде өткен іс-шаралармен бастап жіберді. Бұған басты себеп, ауданымыздың түлектері, аталған ауылдық округтердің Қайнарбұлақ және Жүзімдік ауылдарында туып-өскен, негізгі еңбек жолдары облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жиырма екі жыл газеттің бас редакторы қызметін атқарған Әмірсейіт Әлиевті және жауапты хатшы, редактордың бірінші орынбасары болған Байдаулла Қонысбеков пен фототілші әрі суретшісі Қасымбек Нұрбековті еске алу. Жерлестері олардың есімдерін ешуақытта естерінен шығарған емес.

Мыңбұлақ ауылдық округіндегі Бөген орта мектебінде ауыл тұрғындарының және жоғары сынып оқушыларының қатысуымен өткен іс-шарада Әлиев Әмірсейіт ағамыздың өмір жолы ұлықталды. Мектептің залындағы деректер мен суреттер көрмесінде Әмірсейіт ағаның облыстық газетте бірге қызмет атқарған әріптестері, журналист інілері Жұмамұрат Тұяқбаев, Пайыз Кәдеев, Кәрім Үкібаев, Оразхан Жарқынбеков, Мархабат Байғұт, тағы да басқалармен бірге түскен фотосуреттерін көріп, олардың есімдеріне қанығып өскен буын сол қаламгер ағалардың өздерімен жүздескендей әсерленді.   «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тарихы және сол газетті басқарған Әмірсейіт Әлиевтің еңбек жолына қатысты деректерді осы мақаланың авторы көпшілікке таныстырып, кеңінен  мағлұмат берді. Бұдан соң мектеп оқушылары «Ағамыздың дара жолы» деген тақырыппен өздері жазған арнау өлеңдерін оқып, көріністер көрсетті. 

Еңбек ардагері Елшібек Әділбеков «мен Әмірсейітпен бірге өстім. Соғыс басталған жылы ол он бір-он екі жастағы бозбала болатын. Менің үш-төрт жас кішілігім бар. Әмірсейіт пен Мәулен деген ауылдың баласы екеуі жүйек тартып, мақта шабатын. Бес-алты жастағы біздер солар шаршағанда шамамыздың жеткенінше қолғабыс жасайтынбыз. Күніге ерте тұрып, кеш жататын біздің балалық шағымызда ешқандай жеңілдік болған жоқ. Соның бәріне мұқалмаған, оқуға құмар Әмірсейіт қиналса да Түркістанға барып педучилищені оқып бітірді. Содан әрі қарай еңбек жолы қалада жалғасты. Ауылдан қалаға жолы түскендердің бәрі дерлік сол кісінің үйіне баратын» деп өткен күндерді еске алды. 

Мыңбұлақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұманәлі Тұрсынбеков облыстан «Бөген» кеңшарына науқан кездерінде уәкілдікке жіберілген Әмірсейіт ағамен жолығысады екен. «Мен кеңшарда комсомол комитетінің хашысы болдым. Әмірсейіт аға әуелі ағасы Абылайға барып амандасып шыққанан кейін, кеңшар партия комитетінің хатшысы Қансейіт Түймебаевқа кіреді. Содан мені ілестіріп, үшеуміз бірінші кезекте малшыларды аралаймыз. Жағдайды көзімен көріп, істің барысына көңілі тоғайған соң, әуелі Сартайға, одан соң Қуандыққа барайық дейді ол кісі. Сөйтсем әлгі көкелеріміз Әмірсейіт ағаның құрдастары екен. Өткен балалық жылдардың оқиғаларын естеріне түсіріп, ұзақ әңгімелесетін. Бауырмал, кішіпейіл, ашуы жоқ кісі еді» дейді ол. Одан кейін зейнеткер ұстаз Жетпісбай Оразбаев, Қайнарбұлақ ауылының имамы Төрехан Бектұрғанов естеліктер айтты. Ал, кездесуді жүргізуші ұстаздар Ұлмекен Жарылқапова, Олжас Құнанбаев, мектеп директоры Лаура Бимырзаева «Оңтүстік Қазақстан» газетінің   100 жылдық мерекесіне қатысты ойларын өрбітіп, баспасөздің күнделікті өмірдегі алатын орны ерекше екеніне тоқталды. 

Жүзімдік облысымыздың, ауданымыздың құрметті азаматы, белгілі көсемсөзші-жорналшы Байдулла Қонысбековтің туған ауылы. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 100 жылдығымен бірге Байдулла Қонысбековті және Қасымбек Нұрбековті еске алған жұртшылықтың бас қосуы аталған ауылдағы Жүзімдік мектебінде өткен үлкен іс-шараға ұласты. Еңбек ардагері Оразбек Серіков: «Бір күні тоқты бағатын әкемнің үйіне ферманың меңгерушісі Әбілдабек Шардарбеков, бас зоотехник Алтынхан Оразқұлов, фото аппаратын асынып, блокнотын қолтықтаған Қасымбек Нұрбеков келді. Сол келістерінде Қасымбек ағамыз қаламмен шимайлап отырып әкемнің тоқтылардың ортасында тұрған суретін айнытпай салып еді. Кейін онысы «Оңтүстік Қазақстанға» шықты. Әкемнің суреті шыққан «Оңтүстіктің» 100 жылдық тойы құтты болсын!» деген тілекпен сөзін қорытты. Мектеп мұғалімі Ердан Байсейітов, Жүзімдік ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ұласхан Тобажанов, тағы басқалар Байдулла Қонысбековтің облыстық телеарнаны басқарып тұрғанда Жүзімдік ауылына телестанса орнатуға мұрындық болғанын, ал, «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жорналшы қызметінде жүріп,  Жүзімдіктен шыққан еңбек озаттарын жарқырата талай жазғанын айтып берді. 

Аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы «Әжелер алқасының» төрайымы Әтір Әлиева, Шаяндағы әжелер алқасының төрайымы  Мейрамкүл Ормаханова осы кездесуде ауданның тарихын да, бүгінгі шежіресін де «Оңтүстік Қазақстаннан» табуға болатынын, Шаяндық өнерпаздардың 1961–1965 жылдары Мәскеуде өнер көрсетіп, халық театры атағын алған тарихын облыстық газеттің қалай дәріптегенін әңгімеледі. Өйткені, бүгінгі еңбек ардагерлері әнші әжелер Әтір Әлиева мен Мейрамкүл Ормаханова сол жылдары сахнада өнер көрсеткен ауылдың байырғы өнерпаздары ғой.

Жиында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Созақ және Бәйдібек аудандарындағы меншікті тілшісі болған, Қазақстанның құрметті журналисі Серікбай Тұржан қаламгер ағалары әрі әріптестері Әмірсейіт Әлиев, Байдулла Қонысбеков, Қасымбек Нұрбеков туралы айтып, өзінің осы газетте өткен еңбек жолдарын газеттің 100 жылдығымен байланыстырды. 

Облыс баспасөзінің қара шаңырағының  ғасырлық тойын тойлаған ардагерлер «Оңтүстігіміздің» оқырманы бүгінгісінен де көбейіп, әдебиетшіл де, бұқарашыл да газет бола беруіне тілектестігін білдіріп тарқасты. 


Бағдат ҚАЛАУБАЙ,

Бәйдібек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Пікір қалдырыңыз