«Оңтүстік» деп ұйықтап, деп оянған»
Серікқали Жексенбаев,
«Оңтүстік Қазақстан».
Атқан жебедей зымыраған, қайран уақыт! Дәуір көшіп барады. Сол дәуірмен бірге адамдар да көшуде. Замана көшіне ілескен пенделер мезгілі келгенде бұл жалғандағы сапарын тоқтатуға мәжбүр. Буын алма-кезек алмасады. Қариялардың орнын жастар басады. Бұл – өмір заңдылығы! «Оңтүстік Қазақстан» газеті газет болғалы қаншама редактор өмірден өтті. Олардың әрқайсысы хал-қадерінше қызмет атқарып, Оңтүстік өңірінің экономикалық-әлеуметтік жағынан дамуына, өнер, білім, мәдениет салаларының өркендеуіне үлес қосты. Ел құрметіне бөленгендері көп. Елеусіз қалғандары да бар. Жақсы істерімен жұрт жадында қалған басшылар, шүкір жетіп артылады. Оны айтасыз, редакция құрамында қарапайым ғана еңбек етіп, жазу мәнерімен, өзіндік стилімен, бар болмысымен оқырмандардың есінде қалып, нағыз тұлғаға айналған журналист аға-апаларымыз қаншама?!
Солардың бірі әрі бірегейі Әсет Тілеукеев көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған редактор болды. Өзін саптағы сарбаздай нық ұстап, үнемі жинақы жүретін, бір артық еті жоқ, мінезі тік, ойындағысын ірікпей, тіке айта салатын Тілеукеевтен «Оңтүстік Қазақстан» газеті ұжымындағы тілшілер мен қызметкерлер ғана емес, сырт көздердің өздері сескеніп тұратын, аяқ тартып тұратын. Мархабат Байғұт ағам айтпақшы, қап-қара, қою қара шашын кері қайырып, комсомол қызметіне араласа бергенде сұрапыл соғыс басталған. Сөйтіп, қолына қару алып, екінші дүниежүзілік соғыста жеті жыл қанды қасап қырғын көрген қаһарман еді. Алдымен сонау финдермен жағаласып, сосын неміс фашистерімен шайқасып, кейін жапон милитаристеріне күйрете соққы беруге қатысқан. Қырық жыл қырғыннан аман қалған, кеудесі орден, медальға толы Жеңіс жауынгері елге оралған соң идеология майданына етене араласты. Ол – облыстық «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінде еңбек жолын қарапайым тілшіден бастап редактор лауазымына дейін көтерілген білікті журналист.
Қалам ұстаған қауым Әсет ағаның өзін көрмесе де атына қанық болатын. Айдарынан жел есіп тұрған кеңес заманында атағы атқамінер облыс басшыларынан бір мысқал да кем емес, бейтаныс адам кеңсесіне бейсауыт кіре алмайтын сұсы басым кісі еді. Әсет көкемен сыйлас және қызметтес болғандар осылай дейді. Өз басым Тілеукеевті жіті танимын деп айта алмаймын. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары облыстың аға басылымы саналатын газетте өндірістік тәжірибеден өткен студент кезімізде Әмірсейіт Әлиев ағаның азды-көпті тәлім-тәрбиесін алған орта буынның өкілі екеніміз рас.
Әсет Тілеукеев Түлкібас ауданының тумасы-тын. Мінезі қанша жерден тік болса да жанашырлығы басым жан болатын. Содан да көптің арқа тұтар ағасы еді. Марқұм Мархабат Байғұт ағам айтпақшы, Шақпақ желінің өкпегінде өскен өрен ғой. «Қара жерге қақ тұрар, қайратты ерге бақ тұрар» демекші, қазақтың көрнекті көшбасшысы Тұрар Рысқұлов сияқты батыл қайраткер, қолбасшы Бауыржандай батыр болуды жас кезінде талай армандаған шығар-ау, бәлкім?! Ол кісі жоғары партия мектебін, педагогика институтын, Мәскеудегі қоғамдық ғылымдар академиясын тауысқан, тарих ғылымының кандидаты болатын. Көкірегі қазына саналатын редактор қол астындағы қызметкерлерге, журналистер мен тілшілерге қатаң талап қоя білетін. Талантты журналист Сәділ Кәдеев айтпақшы,
Ә.Тілеукеев «Оңтүстік Қазақстан» газеті деп ұйықтап, «Оңтүстік Қазақстан» газеті деп оянатын. Редакция құрамында да сайдың тасындай іріктеліп, жасындай жарқылдаған азаматтар жұмыс істеді. Әсіресе, саясат бөлімінде Наушабек Орманов, Қайым Тілегенов, ауыл шаруашылығы бөлімінде – Әбдіманап Әлшериев, Әбутәліп Текебаев, мәдениет және өнер бөлімінде – Зейілбек Өмірбеков, хат-хабар бөлімінде Уәлихан Темірбеков, фельетоншылар – Хайролла Бапаев, Жанәлі Рсымбетов, секретариатта – Жолдас Ақбердиев, Қасымбек Нұрбеков, очерк жазудың хас шебері Несіпкүл Әбдікерімова... Несін айтасыз, тізім осылай жалғасып кете беретін. Олардың әрқайсысы өз оқырмандарын қалыптастырған өте тәжірибелі журналистер еді. Әрқайсысы бір-бір мектеп болатын.
2009 жылы Мархабат Байғұт Ә.Тілеукеев туралы біздің газетке былай деп жазған екен: «...Газеттің таралымы Әсет көкеміздің тұсында 30 мыңнан 55 мың данаға (сол жылдары қарқын алған баспасөзге жазылу үрдісінің арқасында газет таралымы 100 мың данаға дейін өсті ғой) дейін артқан. Жастар беті, әдебиет пен өнер беті, «Қақпан» дейтін сын-сықақ мүйісі Тілеукеевтің тұсында тұсауын кескен. «Қақпанға» еркіндік беріліп, құзыреті күшейтілді. Ешкімнің бет-жүзіне қарамай, орнымнан алып тастайды- ау деп қаймықпай, небір жебірлерді сынап жазатын өткір мақалалар, фельетондар сол жылдары көбейген. «Тура биде туған жоқ» деген айдар ашылған. Қазақша күрестен газет жүлдесі үшін жарыс қыза бастаған...» дей келе, қасиетті қара шаңырақ Ғафу Қайырбеков, Шәмші Қалдаяқов, Әлжаппар Әбішев, Түймебай Әшімбаев, Шерияздан Елеукенов, Өмірзақ Айтбаев, Жұмабек Еділбаев, Мұхтар Шаханов, Нармахан Бегалиев, Исраил Сапарбаев және басқа да қоғам қайраткерлері, атақты ақын-жазушылар, сазгерлер мен зиялы қауым өкілдері жиі бас сұғатын қасиетті орынға айналғанын мақтанышпен жеткізіпті. Олардың бірқатары Әсет көкеміз туралы жыр жазды, толғау арнады, көлемді мақала жариялады.
Қалам ұстаған қаламгерлердің Тілеукеевтің бай дастарқанынан дәм татпағандары кемде-кем. Кезінде Бауыржандай батырға өз қолымен шай құйып берген Әсет көкеміздің жұбайы Қапира апайымыздың да айтары аз емес.
– Ағаң аса бірбеткей кісі еді ғой, – деп еске алады ол. – Сол қасиетімен өмірден өтті. Біреудің алдында маймөңкелеп, жағымпазданған емес. Ешкімнен ешнәрсе сұрамады. Жағдай жасаңдар деп жалынбады. Ешкімге еңкейіп, басын имей-ақ өтті өмірден – дейді Қапира апа.
... Құдай қарасса, қарттыққа да жетерміз. Дұрыс қартая білу де өнер. Әсет Тілеукеев әдемі қартайды. Жанарына ота жасатқан соң редакторлықты өз өтінішімен тапсырды. Ізбасар інісіне жол берді. Баспа, полиграфия және кітап саудасы басқармасына жетекшілік еткен жылдары осы салалар өңірімізде жан-жақты қанат жайып, өркендей түсті. Мұнда да Әсет көкенің өзіндік қолтаңбасы сайрап жатыр.
Әсет Үсіпұлы Тілеукеевтің 1995 жылы «Өмірімнің өрімі» атты кітабы шыққанда қаламгерлер қауымының таңқалғаны бар. Өте қатал ағаның өлең жазатыны бар екен. Жазғандарын жинақтап, жарыққа шығарғаны құп болған. Ол – өткен шақ пен болашақты жалғайтын дәнекер іспетті!