Баланы қорқытып тәрбиелеуге болмайды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғаны мәлім. Осыған орай, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі үшін жауапкершілік күшейтіліп, отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтуға арналған нормалар енгізілді. 

Бұдан былай отбасында зорлық-зомбылыққа жол бергендер Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер» делінетін 73-бабы бойынша жазаланбайды. Зорлықшыл тараптың мұндай әрекеттері қылмыстық кодекс бойынша сараланып, сотқа жіберіледі. Яғни ұрып-соғу мен жеңіл дене жарақатын салу бойынша істерді қарау кезінде Қылмыстық кодекс негізге алынады.

 Заңға сәйкес, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қасақана ауырлығы орташа және денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін жауаптылық күшейтіліп отыр. Яғни сот мұндай қылмыс үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Одан бөлек, заңда неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген «Неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды құрметтеу тұрғысында балалардың адамгершілік және рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты көзделген. 

Тағы бір айта кетерлігі, мемлекеттік органдар отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасап қана қоймай, азаматтардың өтініштерін қарау қорытындылары бойынша қабылданған шаралар туралы ақпарат беру міндеті енгізілді. Жаңа заңда тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құру және олардың жұмыс істеуі заңнамалық тұрғыдан бекітілгенін де айту керек. 

Жаңа заңда баланы қорқыту, кибербуллинг үшін де жаза қарастырылған. Кәмелетке толмаған баланы алғаш рет қорқытсаңыз, алдымен Әкімшілік кодекс бойынша жаза аласыз, қайталанар болса, ол – қылмыс. Ал, білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті. Жаңа заңда 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жолақысы болмаған кезде оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынғанын да айта кету керек. 


Нұрғиса АХМЕТ,

Шымкент қаласының қылмыстық істер 

жөніндегі ауданаралық сотының судьясы.


Пікір қалдырыңыз