Сот ізгілікке бет бұрды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен судьялар съезінде сот жүйесіндегі жүргізіліп жатқан реформалардың әділ сот төрелігін орнықтыруға тиіс екенін атап өтті. «Судьялар корпусы өздерінің күнделікті жұмысында осы ұстанымдар мен құндылықтарды басшылыққа алуға тиіс. Судьяларымыз адам құқықтарының мүлтіксіз сақталуын басты назарда ұстауы керек. Еліміздің судьялары кәсіби біліктіліктерін ұдайы арттырып, жұмыс тәсілдерін жетілдіріп, қалыптасқан ойлау жүйесін өзгертіп отыруы қажет. Бұл үшін сот саласындағы өзекті халықаралық үдерістерді ескеріп, судьялардың халықаралық қауымдастығымен тығыз байланыс орнату маңызды» деген болатын.
Соңғы жылдары сот шешімдеріне халықтың сенімін арттыру тұрғысында бірқатар ілкімді істер атқарылды. Мәселен, ұялы телефон арқылы айыпталушыға шыққан сот шешімі, яки судьяның үкімі шыққанға дейінгі процесті көпшілік тікелей эфирден бақылай алады. Яғни сот залындағы процестердің барлығы да аудио және бейнетаспаға жазылады. Бұрынғы кезде сотта шағымның барлығы қаралатын еді. Барлығын жаппай байыптау судьялардың жұмысын ауырлатып, істі қарау тым ұзаққа созылып кететін. Ал, қазіргі уақытта жұмыс үдерісі оңтайланды. Егер екі тарап келіссе, заматында судья істі қарап, шешім шығарады. Мұндағы мақсат – араздасқан екі жақты ымыраға шақыру, ортақ бітімге келтіру. Егер тараптар сотқа дейін татуласып жатса, ең алдымен өздеріне жақсы.
Деректерге сенсек, дамыған елдерде даудың 70-90 пайызы сотқа жетпей, өзара татуласумен аяқталады. Бұл ретте араздасушы екі тарапқа сотқа дейін қорғаушы, нотариус пен психолог мамандардың көмек көрсететінін айта кеткен жөн. Демек, мұнан шығатын қорытынды не? Бұл соттардың ізгілікке бет бұрғанын аңғартады. Оның үстіне адамдардың сана-сезімі мен жауапкершілігі де артып келеді. Әсілі, дау-дамайды сотсыз-ақ шешуге болады екен. Дегенмен, сотқа жүгінуге әркімнің де заңдық құқы бар. Тағы бір мысал, қазіргі уақытта өңірде жалақы мәселесіне қатысты жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасында еңбек дауы жиі орын алып жатады. Мұндай жағдайда қайтпек керек? Бұл арада ең алдымен кәсіподақтардың атқаратын рөлі өте зор. Олар мәселені сотқа дейін шешуі тиіс. Сөйтіп, еңбек дауларына осылайша нүкте қойылуы қажет. Сайып келгенде, мұның барлығы да қазіргі уақытта сот саласының ілгері дамып бара жатқанын көрсетеді.
Құрасбек РЫСҚҰЛБЕКОВ,
Түркістан облысының
мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы.