Қара өлеңнен өсиет өрген

Зейнеттегі дәрігер Түзелбек Әбжанұлын өлеңді өміріне серік еткен, ақ қағазбен сырласып, ой тамшыларын, сезім шуақтарын жазып отыруды әдетке айналдырған ақынжанды азамат ретінде құрметтеймін.
 
Ол өзінің «Өмір шындығы» атты кітабының алғысөзінде: «Табиғаттың заңы дейміз бе, заман талабы дейміз бе, өмір – түсінген адамға үлкен күрес. Адам баласы өмір сүру үшін, аңсаған арманына қол жеткізу үшін, ауырып қалса жеңу үшін күреседі. Күресіп жүріп өмірдің қыр-сырын үйренеді. Иә, өмір – дәптер, адам – қалам. Адам баласы біліп тумайды, бәрін біліп кету де мүмкін емес. Өмір үйретеді. Адам өмірде жақсыдан үйренеді, жаманнан жиренеді. Жақсыны көріп сүйсінесің, жаманға қарап күйінесің. Адамның ең жақсы қасиеті – ақыл-ойы, өмірден алған тәрбиесі, адамгершілік қасиеті, адами қарым-қатынасы, мінезі, саналы сөзі. Өмірден көрген-білгенін жан-жүрегімен сезіне білген адам ғана тағдыр емтиханынан сүрінбесі хақ. Өмір – құпия,  терең сыры бар жұмбақ. Алдыңды болжап бағдарлап отырмасаң, адасасың, сүрінесің. Өмірдің мәні – өткеннен сабақ алу, үлгі тұтар жайттардан үйрену» деп ой толғайды.
Кезінде дәрігер болып қызмет еткен Түзелбек Әбжанұлы жұмыс бабында өмірден көрген-білгенінен ой қорытып, қағаз бетіне түсіруге уақыты болмағанын айтады. Науқас жанның тағдыры дәрігердің емдеудегі біліктілігіне байланысты болғандықтан бұл мамандық үлкен жауапкершілікті талап етеді.
«Алдыңа келген науқас жанды жылы қабылдау, жылы сөзіңді аямау оның көңіл-күйінің аз да болса сергіп, жазылуға деген үміт отының сөнбеуіне ауадай қажет. Қазақтың: «Жақсы сөз – жарым ырыс. Жақсы сөз жан семіртеді» дегені осыны білдіреді. Науқастың сауығып шыққандағы ризалық сәттеріне куә болудың өзі қандай қуаныш. Сонымен қатар дәрігерлік көмектің дер кезінде көрсетілмеу салдарынан «әттеген-ай» дейтін сәттердің де болатыны аян. Адам баласының өмірден көрген жақсылығы мен қуанышы тез ұмытылады. Ал, ілуде бір кездесетін реніш пен өкініші ұмытылмайды» дейді ақынжанды Әбжанұлы.
Түзелбек Әбжанұлы бұл өмірдің сынағын да аз көрмеді. 2004 жылдың күзінде күйеу баласы, айтыскер ақын Оразалы Досбосынов жол апатынан қайтыс болды. Қызы Ажар бір қыз, бір ұлымен жесір қалды. 2006 жылдың жазында бауыры Жұпарбек өмірден озды. 2010 жылдың күзінде жұбайы Зина, 2011 жылдың мамырында қызы Ажар жол апатынан көз жұмды. «Тас түскен жеріне ауыр» деген, осы қайғылар Түзекеңе де, отбасына да оңай тимегені анық. 
«Біздер адамдардың қадір-қасиетіне тірлігінде көп мән бермейміз. Адамның өмір сүрген ортасына қандай еңбек сіңіргенін дүниеден өткен соң ғана білеміз. Оған бауырым Жұпарбектің қазасынан соң көзім жетті. Алланың сынағы кейде таусылмайды ма деп те қалады екенсің» дейді кейіпкеріміз.
Түзелбек Әбжанұлының зайыбы Зина көзінің тірісінде: «Мен әкелеріңе ризамын, бірінші – Алла, екінші осы әкелеріңнің арқасында екі рет қатты ауырып аман қалдым. Егер мен өмірден ерте озатын болсам, әкелерің жалғыз қалмасын, мен ризалығымды бердім» деп қыздарына айтып отырады екен.
«Жұбайым өмірден озған соң, қызым Ажар маған адам іздей бастапты. Мен: «Анаңның жылдық асын бермей жатып үйленбеймін» дедім. Сөйтіп жүргенде Ажардың өзі жол апатынан қайтыс болды. Кейін балам Бауыржан: «Әке, үйленіңіз, осынша ауыртпалық денсаулығыңызға зиян келтірер» деп болмады. Сонымен Алланың қалауы шығар, Мәдина есімді жайсаң жанмен қосылдық. Оның бір қызы, екі ұлы бар, олар да балалы-шағалы. Өзі зейнеткер, кезінде медбике болып қызмет істеген. Екеуміз бүгінде екі рулы елдің ұл-қыздарына басшылық етіп, солардың тілеуін тілеп, 24 немере, 27 шөбере сүйіп отырмыз» дейді Түзелбек ағамыз.
«Әр көз жастың артында қуаныш, әр қиындықтың артында жеңілдік, әр сабырлылықтың артында жасырылған абырой бар» дейді қазақ. 
2012 жылы мамыр айында ҚазМУ-дің студенттер сарайында Қазақстан Жазушылар одағының экс-төрағасы Нұрлан Оразалин екеуі «Қос жұлдыз» атты кітаптың лентасын қиды. Оразалы мен Ажарға арналған бұл кітапқа кейіпкерімнің біраз айтыстары мен Ажардың әндері, екеуі жайлы айтылған жолдастарының естеліктері енгізілген.
Шығармашылығынан шабыт алатын Түзелбек Әбжанұлының әр жылдарда «Ой өрнектері», «Көңіл толқындары» атты өлеңдер жинағы шыққан. Биыл өмірден алған, түйген сабақтарынан өскелең ұрпақтарына өсиетнама ретінде «Аталар сөзі – ақылдың көзі» атты үшінші кітабын жарыққа шығарды. Соңғы еңбегі жайлы автордың өзі толғамды ой қозғайды.
«Қазіргі ұрпаққа жердің, елдің жанашыры болу үшін ұлттық тәрбиені бойына сіңіру қажет-ақ. Біз 70 жыл кеңестік идеологиямен, одан соң 30 жыл ұлтсыздық идеологиямен тәрбиеленгеніміз жасырын емес. Жазушы Ғабиден Мұстафиннің: «Бұрын ұлтшылдықпен күресетін едік, енді ұлтсыздықпен күресетін болдық» деген сөзі ойыма жиі оралады.
Сондықтан кейінгі ұрпаққа санасын оятып, ұлттың тілін, дінін, салт-дәстүрін, бұрынғы өткен бабалардың даналық ақыл-кеңестерін бойына сіңіретіндей мағыналы, мәнге толы кітап ұсынғым келді. Жазушы Қабдеш Жұмаділов сатирик Көпен Әмірбектің: «Сіз поэзияны неге тастадыңыз?» деген сұрағына: «Өмірден көргенім мен түйгенім өлеңге сыймай, арнасынан асып, өзендей тасыды. Сол себепті құлашы мол қазақтың қара сөзімен сермемесем өлеңнің сұлу өлшеміне сыймайтын болды» деп жауап беріпті. Әрине, мен ол кісідей  жазушы емеспін, арнайы журналистік мамандығым да жоқ. Өмірден көрген-білгенімді, ұрпақтарыма айтар ақыл-өсиетімді өлеңмен толық  жеткізуге шамам келмейтінін білемін. Сондықтан Әкім Ысқақтың, Кемел Мырзагелдінің, Ғаббас Баталовтың, Клара Лаханқызының «Отан үшін от кешті» кітабындағы Атемов Лаханның балаларына жазып қалдырған өсиетін сол қалпында оқырманға ұсынуды жөн көрдім. Жазушы Жолтай Әлмеш-
ұлының «Сөз жұпары» атты кітабынан да өсиет алынды. Адам баласы өмірде жақсы ғұмыр кешіп, халқына адал еңбек етіп, артына өшпес із қалдыруы үшін ақылды, білімді, адамгершілігі мол, кішіпейіл болуы керек. Ондай адамдардың артында өзі өлсе де өнегесі өлмейтін, өшпейтін саналы да ғибратты сөздер қалады. Кейде бабалардың өсиетін оқып: «Біреулер тірі жүрсе де  жоқ сияқты, ал, біреулер өмірден өтсе де бар сияқты» деп еріксіз ойланасың» дейді Түзелбек Әбжанұлы. 
Сонау сұрапыл соғыс басталған жылы Теріскей өңірінде дүниеге келген кейіпкеріміз Созақ аудандық орталық ауруханасында ұзақ жылдар қызмет етті. 1992-1996 жылдары бас дәрігердің ана мен баланы қорғау жөніндегі орынбасары міндетін атқарды. 
«Еңбек ардагері» медалімен, облыстық денсаулық сақтау департаментінің, облыстық Қызыл крест қоғамының мақтау Грамотасымен бірнеше мәрте марапатталған. Есімі Әлем халықтары жазушылары одағының энциклопедиясына енген ӘХЖО мүшесі.
«Келген ойды жүректе жасырмаймын, 
Күркіреген ол кезде жасындаймын.
Өз жолыммен келемін ақырындап, 
Мәймөңкелеп ешкімге бас ұрмаймын» деп қара өлеңнен өсиет өрген ақын ағама: «Кезекті жыр жинағыңыз құтты болсын!» деп тақия сыйладым...

Әлия УТЕУЛИНА,
Алматы қаласы Орталықтандырылған 
кітапханалар жүйесінің №32 кітапхана қызметкері.
Пікір қалдырыңыз