Таяу Шығыстағы ахуал: Текетірес теңдікке алып келе ме?
Әлем назары Израиль мен палестиналық ХАМАС радикал тобы арасындағы қарулы қақтығысқа ауды. Өйткені, Израиль-Палестина шиеленісі Ливан мен Иран елдерін де шарпыды. Бұған бүкіл ел болып алаңдаушылық білдіруде.
Былтыр 7 қазанда ХАМАС тобы Израильдің оңтүстігіне шабуылдаған болатын. Соның салдарынан мыңнан астам адам қаза тапқан, 250-ге жуық адамды ХАМАС өкілдері Газа секторына күштеп алып кеткен. Кепілге алынғандардың бір бөлігі Израильдің ХАМАС-пен келісімі аясында босатылды. Тұтқында жүзге жуық адам қалды, 40-қа жуығы қаза болды деп саналған. Осы оқиғаның бір жыл толуына бір күн қалғанда, яғни 30 қыркүйектен 1 қазанға қараған түні Израильдің қорғаныс армиясы Ливанның оңтүстігінде «Солтүстік жебе» атты құрлықтық операциясын бастады. «Израиль қорғаныс армиясы «Хезболла» террористік нысандары мен инфрақұрылымына қарсы нақты барлауға негізделген мақсатты рейдтерге кірісті» делінген Тель-Авивтің ресми хабарламасында. Бұл операцияға олар бірнеше апта бойы дайындалды. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл шабуылдарды «шектеулі операция» деп атады. Яғни шекаралас аудандардағы «Хезболла» қарулы тобының нысандарын жойған соң, Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) елден шығады-мыс.
Белгілі болғанындай, Вашингтон Тель-Авивке қолдау көрсетті. Мемлекеттік департаменттің өкілі Мэттью Миллер Израиль билігі АҚШ-қа бұл жоспарлар туралы хабарлағанын және Пентагон басшысы Ллойд Остин Қорғаныс министрі Йоав Галанттың Ливанның оңтүстігіндегі «Хезболла» инфрақұрылымын жою қажеттілігі туралы пікірімен келіскенін айтты. Сонымен қатар, Таяу Шығысқа қосымша күш жіберді. Алайда, АҚШ Иран тарапынан зымыран шабуылының мүмкіндігі туралы Израильге ескерту жасады.
Айтқанындай, Израиль Ливанға жаяу әскер кіргізгені сол еді, Иран Израильді атқылады. Өткен аптаның сейсенбі күні кешінде Иран Израильге жаппай зымыран соққысын жасады. Тегеран мұны «Хезболла» және ХАМАС топтарының жетекшілерінің қазасына жауап ретінде жасағанын мәлімдеді. Яғни Ислам революциясы сақшылар корпусы Израильге жасалған соққыларды ХАМАС жетекшісі Исмаил Ханиенің өлтірілуіне, сондай-ақ жуырда Бейрутке жасалған шабуылы «Хезболла» жетекшісі Хасан Насролланың қазасына жауап ретінде жасалғанын мәлімдеген.
Ливан жағынан Израильге 180 баллистикалық ракета ұшырылды. Осыдан соң Израиль соғыс жағдайын жариялады. Қарулы топтың әрекетіне жауап ретінде «Темір қылыштар» атты операциясын бастап, әуеден оқ жаудырды. АҚШ ХАМАС қарулы тобының шабуылын сынға алып, Израиль өзін-өзі қорғауға құқылы деп мәлімдеді. Катар болса, оқиғаға Израильді айыптады. Айта кету керек, Израиль мен ХАМАС арасында бұған дейін соңғы ірі соғыс 2021 жылы болып, 10 күнге созылған еді.
Иран әскері көктемде еврей еліне 400-дей зымыран жаудырғаны есте. Бірақ, ол кезде қандай нысанды сағат нешеде атқылайтыны туралы алдын-ала ескерту жасаған болатын. Бұл жолы Тегеран ешқандай ескерту жасамады. Шабуылды тойтаруға Жерорта теңізінде орналасқан АҚШ әскери-теңіз күштерінің екі эсминеці қатысқан. Осылайша америкалықтар Израильге Иран зымырандарын атып түсіруге көмектесті.
– Иран үлкен қателік жіберді. Олар бұл әрекеті үшін жауап береді. Иран режимі біздің мықтылығымызды түсінбеген. Біз белгілеген ережені ұстанамыз: кім бізге шабуыл жасаса, біз де оған қарымта қайтарамыз, – деді Нетаньяху.
Міне, осылайша Таяу Шығыста жағдай ушығып кетті.
Иран билігі Израильдегі әскери нысандарға ғана шабуыл жасағанын және ауқымды соғысты қаламайтынын, бірақ өзін-өзі қорғау құқығын пайдалануға дайын екендерін мәлімдеді. Мысалы, Иран президенті Масуд Пезешкян соққының мақсаты Израильге Иранның өз мүдделері мен азаматтарын қорғауға дайын екенін көрсету екенін айтса, Иран сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Иран операциясының аяқталғанын жазып, Израиль кек қайтарған жағдайда Тегеранның реакциясы «қаттырақ әрі күштірек» болатынын ескерткен. Иран қарулы күштері бас штабының басшысы Мұхаммед Багери де осы тектес әңгіме айтты. «Егер олар біздің егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымызға қарсы әрекет жасаса, бұл операция бірнеше есе күштірек болып қайталанады. Біз Израильдың барлық инфрақұрылымын нысанаға аламыз» деді ол.
Негізінде Иран ашық түрде Израильмен соғысуға құмбыл емес. Бірақ, енді «Хезболланың» артында Иран тұрғаны түсінікті. Барлық қиындықтарға қарамастан, «Хезболла» маңызды күш болып қала береді, сондықтан Тель-Авивтің абайлап әрекет ететіні анық.
Қарулы қақтығысқа әлем лидерлерінің көзқарасы қандай?
Израиль мен ХАМАС арасындағы қарулы қақтығысқа алаңдаушылық білдіргендер аз емес. «Саясаттанушы ретінде айтарым, бұл – шиеленістің кезекті кезеңі. Мұны міндетті түрде тоқтату қажет. БҰҰ жарғысы бойынша бірнеше шешім бар, алайда, олар жұмыс істемейтінін көріп отырмыз. Ол үшін үлкен мемлекеттер араласып, бұл агрессияны тоқтату қажет деп ойлаймын» дейді саясаттанушы Аман Мәмбеталиев.
Нетаньяху Израильді ұзақ және күрделі соғыс күтіп тұрғанын айтты. Израиль әскерінің баспасөз хатшысы Даниель Хагари де Тегеран әрекетінің салдары ауыр болатынын жеткізді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі шабуылды сынға алды. ЕуроОдақ Израильдегі жағдайды бақылап отырғанын мәлімдеді. Қытай да халықаралық қауымдастықты бітімге тезірек қол жеткізуге үндеді. Жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермеу үшін соғыс қимылдарын тоқтатуға шақырды. Катар болса, оқиғаға Израильді айыптады. Түркия мен Ресей қарулы қақтығысқа қатысушы тараптарды диалогқа шақырды. Ал, Түркия оппозициясының позициясы қарама-қайшы. İYİP партиясының лидері Мераль Акшене ХАМАС-тың әрекетін сынағанымен, Палестинаға қолдау білдірді. Иран меджлисінің депутаттары, тіпті, ХАМАС-тың Израильге қарсы әскери операциясын ашық құптап отыр.
АҚШ президенті Джо Байден Вашингтон Израильді толығымен қолдайтынын айтты. Байденнің айтуынша, оның тікелей нұсқауымен АҚШ әскері соққы кезінде Израильдің қорғанысына белсенді түрде қолдау көрсетті. Сондай-ақ, ол Иранның шабуылы нәтижесіз болғанын айтты.
Президенттікке үміткер Камала Харрис те Байденнің Израильге бағытталған зымырандарды атып түсіруге бұйрық беру туралы шешімін толық қолдайтынын жеткізді.
АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин Вашингтонның дипломатиялық келісімге келуге берік екенін, бірақ қажет болған жағдайда Израильді Иран агрессиясынан қорғауға дайын екенін жазды.
Израиль мен Иранда жаппай қырып-жою қаруы бар дейді. Рас па?
Сарапшылар Израильдің соққысы әлдеқайда жойқын болуы мүмкін деп болжады. Ақпарат құралдары Израиль Ирандағы стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдар мен ядролық нысандарға соққы жасауы ықтимал деп жазып жатыр.
Негізінде қос тарап та ядролық державалар қатарына кірмейді. Бірақ, былайғы жұрт Израиль мен Иранда жаппай қырып-жою қаруы бар дейді.
Бізге белгілісі, Иран – уранға ең бай елдердің бірі. Әрі елде бейбіт атомды игеру жақсы дамыған. Ал, Израильде 200-ге жуық атом бомбасы бар деседі. Оның үстіне ЦАХАЛ ядролық қаруға қатысты мұндай болжамдарды ешқашан жоққа шығармаған.
Жұрт халықаралық қауымдастық жағдайдың бұлай ушығуына жол бермеуі тиіс деп үміттенеді. Қазірдің өзінде бейбіт халық қынадай қырылуда. Кек аламын деп білек сыбанып отырған Нетаньяхудың ашуын АҚШ тізгіндей алады ма екен, кім білсін.
Әрине, жазықсыз жұрттың бар сенім артары Біріккен Ұлттар Ұйымы мен араағайын бола алатын дамыған мемлекеттер болып отыр. Бірақ, Израиль Антониу Гуттеришті нон-
гранта тұлғасы деп жариялап, оның елге кіруіне тыйым салды. Қарулы топты 32 жыл басқарған лидерінен айырылған «Хезболла» да Иранға құлақ аспай кетуі мүмкін. Енді Таяу Шығыстағы қақтығыс қалай өрбиді?
ЦАХАЛ барлық зымыранды әуеде атып түсірдік деген мәлімдеме жасады. Ал, Иран көзделген әскери нысанның 90 пайызын зақымдадық деп отыр.
Сарапшылар Иран әскерінің қауқары өте жоғары дейді. Дегенмен, егер екі елді салыстыратын болсақ, Израильдің күші әлдеқайда көп. Өйткені, оларға технология жағынан миллиардтаған қаржы бөліп, АҚШ көмектесіп отыр.
Израиль ешқашан ашып айтпаса да оның ядролық қаруы бар. Иранда да жаппай қырып-жою құралы бар деген пікірлер айтылып қалады. Бірақ, Иран діни себептерге байланысты оны пайдаланбайтынын айтады, өйткені исламда ашық соғыстан бөлек жағдайда жаппай адам өлтіруге болмайды.
Жақында Иран басшылығы Ұлы-британия, Германия, Франция билігімен телефон арқылы тілдескен соң, осы үштік егер Израиль соққы жасаса Иранның қарымта шабуылдарға шектеу шараларына қатыспайтынын мәлімдеген еді. Алайда, Еуропадағы мұндай ірі ойыншылардың соғысты шектеуге араласудан бас тартуы Иранда шынымен ядролық қару бар дегенді білдіреді.
АҚШ Израильді толық қолдайды. Иранмен қақтығысқа қатысты Джо Байден осылай деп мәлімдеген. Алайда, ядролық нысандарды атқылау мүмкіндігі туралы айтыла бастағанда, Израильдің ең жақын одақтасы Ақ үйдің оған қатысты пікірі өзгерген секілді.
– Менің жауабым жоқ. Израильдің қорғануға толық құқы барын біз қолдаймыз. Бірақ, жауап шабуылға сай ойға қонымды болуы керек, – деді Джо Байден.
Үлкен жетілік елдері де Израильге үндеу жасап, Иран шабуылына сабырмен жауап қайтаруға, ядролық нысандарды соққылаудан аулақ болуға шақырды. Қазір Иран мұнайына санкция салына ма белгісіз. АҚШ бұл мәселені қарастырып жатырмыз деді. Жалпы, Таяу Шығыстағы жағдай ең алдымен мұнай бағасына әсер етті. Қара алтын құны 5 пайызға қымбаттады.
«Хезболла» – халықаралық қозғалыс
Биыл 27 қыркүйекте Израиль армиясы 30 жыл ізіне түскен қас дұшпаны Хасан Насралланы өлтірген. Ол Таяу Шығыстағы күштердің тепе-теңдігін ұстап тұратын салмақты күш болған деседі. Әрі өте салмақты саяси тұлға еді. Ол әлемдегі ең ірі мемлекеттік емес әскер – «Хезболланы» 32 жыл басқарған. Еуроньюстің жазуынша, Насралла жетекшілігіндегі «Хезболла» былтыр 8 қазанда палестиндік Хамастың Израильге қарсы соғысына қосылған. Содан бері Израильді Ливан жақтан тұрақты атқылап келген. Сарапшылар болса қарулы топтың көшбасшыларын өлтіру мәселені шешпейді дейді.
Әрине, «Хезболланы» Иранның жобасы деп айтатындар көп. Бірақ, «Хезболла» ең алдымен идея, яғни оның басты мақсаты – Таяу Шығысты Израиль оккупациясынан тазарту. «Хезболланың» қанша лидерін өлтірсе де, ұйым өлмейді. Өйткені, оған сенетіндер өте көп. Иә, олар тым радикальды. Содан да Изараильмен қандай бір келісімге келуге кедергі болып отыр. Олар өз жерінен бөлек, Палестинаны тәуелсіз етуді сұрап отыр. Бірақ, қазіргі жағдайға қарап бұл жақын арада болмайтын сыңайлы.
Қазір Израильдің басты мақсаты – «Хезболланың» әскери инфрақұрылымын жою. Тура осындай жоспарды олар Палестинадағы ХАМАС әскеріне қатысты қолданған еді. Оның арты неге әкелгенін білеміз. Газадағы қырғын әлі аяқталған жоқ. Сарапшылар Таяу Шығыстағы негізгі проблема осы, бәрінің ұстанымы құру емес, жою дейді» дейді.
Қазіргі таңда кейбір араб мемлекеттері Израильмен өте жақсы қарым-қатынас орнатқан. Оған БАӘ, Катар, Сауд Арабиясы, Мысыр елдері кіреді. Ал, кейбір мемлекеттердің онымен мүлдем байланысы жоқ. Оған Палестина, Сирия, Иран жатады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының қауқары жете ме?
Шиеленістің өршуіне байланысты БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі шұғыл жиын өткізді. Антониу Гутерриш Ливандағы соғыс қимылдарын тоқтатудың уақыты келді деді. Себебі, Таяу Шығыстағы екі әскери державаның тікелей қақтығысы қантөгіске айналғалы отыр. Жиынға қатысқан 15 мемлекет те бұл пікірді құптайды. Алайда, сарапшылар ұйымның Иран, Израиль мен Ливан мәселесін дипломатиялық жолмен шешуге қауқары жетпейді деп ойлайды. Өйткені БҰҰ-ға АҚШ-тың ықпалы басым деседі. Ұйымның қауіпсіздік кеңесінде АҚШ өзінің вето құқығын 83 рет қолданыпты. Оның тең жартысы Израильге қарсы қарарларды тоқтату үшін жасалған.
БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдар өздерінің ештеңеге қауқарсыз екенін көрсетіп отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі салымшысының бірі – АҚШ. Сондықтан ұйым АҚШ-тың саяси көзқарастарын ұстанады деуге болады. Қазіргі таңда БҰҰ өте қиын кезеңді бастан кешіруде. Оған ірі реформалар керек.
Биыл 18 қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясы Израильден 12 ай ішінде «басып алынған Палестина аумағынан кетуді талап еткен» қарар қабылдаған болатын.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарынан айырмашылығы мұнда құжаттың орындалуын міндеттейтін күші жоқ. Қарар Израильдің 1967 жылдан бергі Палестина аумағын басып алуын «заңсыз» деп таныған Халықаралық БҰҰ сотының консультативтік қорытындысына негізделген.
Израиль қарарды үзілді-кесілді айыптап, бұл Таяу Шығыстағы жағдайды одан сайын ушықтырады деп мәлімдеді.
124 ел құжатты қолдап дауыс берген. 14 ел қарсы болған, 43-і қалыс қалған. Құжатқа АҚШ қарсы дауыс берген. АҚШ-тың БҰҰ-дағы уәкілі Линда Томас-Гринфилд ұсынылған қарар Таяу Шығыстағы бейбітшілікке жетелемейді және ол былтыр 7 қазанда Израильге шабуыл жасаған (дәл осы шабуылдан кейін Израиль Газа секторында әскери операция бастаған) ХАМАС тобын айыптамайтынын сынады.
БҰҰ Бас ассамблеясы бұған дейін де Израильден 1967 жылғы соғыстан кейін бақылауға алған аумақтарды, яғни Иордан өзенінің Батыс жағалауы, Газа секторы мен Шығыс Иерусалимді оккупациялауын тоқтатуды талап еткен қарарлар қабылдаған.
Қақтығыстың тағы бір жағы – йемендегі хуситтер
Хуситтер – Йемендегі мұсылман шииттерінің бір тобы. 1990 жылдары елдегі сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін құрылған. Олар өз атын қозғалыстың негізін қалаушы Хусейн әл-Хусидің құрметіне атаған. Өздерін «Ансар Алла» деп те атайды. Олар өздерін Ливанның «Хезболла» қозғалысының жақтастары деп санайды. Батыс сарапшыларының пікірінше, хуситтерді Иран қарумен қамтамасыз етеді. Сауд Арабиясы бастаған коалиция Иранды хуситтерді қаруландырды, оқытты және қаржыландырды деп айыптап келеді. Бұл топ болса, Иранның сенімді өкілі екенін жоққа шығарып, өз қару-жарағын жасап жатқанын айтады.
Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыс басталғаннан кейін хуситтер палестиналық қозғалысты қолдап, Қызыл теңіз арқылы өтетін кемелерге шабуыл жасаған. Айта кетейік, Қызыл теңіз арқылы өтетін тасымал әлемдік трафиктің шамамен 15 пайызын құрайды. Хуситтер шабуылдарынан кейін ірі компаниялар бұл бағыттан бас тартқан. Сәйкесінше мұндай жағдай тасымалдау мерзімдері мен шығындардың өсуіне әкеліп соғары сөзсіз. Негізінен хуситтер еуропалық және американдық кемелерді нысанаға алған. Хасан Насралла қаза тапқаннан кейін Израиль хуситтерге де шабуыл жасады. Оған жауап ретінде йемендік көтерілісшілер Израильдегі әскери нысандарға қанатты зымырандармен соққы берді. Хуситтердің өкілі Иранның Израильге жасаған соққысын қолдайтынын айтып, Иранды Тель-Авивке қарсы бірлескен операциялар жүргізуге шақырды.
Десе де сарапшылар: «Америка да, Иран да соғысты қаламайды деген ойдамыз. Қатты шиеленісіп кетсе де Иран мен Израильдің арасында ашық кең ауқымды соғыс болмауы тиіс. Болса да Ливанның оңтүстігінде жағдай шиеленісуі мүмкін» дейді.
Интернет басылымдары негізінде әзірлеген Саясат бөлімі.