«Бірліктен» шыққан бірегей батыр
1941 жылдың маусым айында Молотов-Риббентроптың шабуыл жасамау туралы пактісінің талаптарын Германия біржақты бұзып, Кеңес Одағына тұтқиылдан соғыс ашады.
Соғыстың алғашқы жылы қиян-кескі ұрысқа кірісіп кеткен аталарымыз бен ағаларымыздың көбісі жаумен қақтығыста Отан үшін қаза тапты. Солардың бірі Бірлік ауылынан шыққан жерлесіміз Сапарбай Қасымханов ағамыз болатын.
Ол 1914 жылы осы ауылда кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. 1929 жылдан бастап «Бірлік» ұжымшарында еңбек етіп, үздік жұмысшылар қатарында болды. Ата-анасынан ерте айырылған Сапарбай ағамыз 1925-1927 жылдары Арыс қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленді. 1927-1933 жылдары Қызылорда қаласындағы мектепті бітіріп, сол жылы педагогикалық институтқа түседі. Облыс басшыларының ұйғарымымен қалалық қаржы бөлімінде, қалалық кеңесте инспектор қызметін атқарады.1936 жылы Қызыл әскердің даярлық мектебінде оқып, лейтенант шенін алып, бөлімше командирі болды. 1938 жылдан КПСС мүшесі. 1939 жылы облыстық кеңесте бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болады. Облыстық партия комитетінің бюро мүшелігіне үміткерлердің қатарында жүрді.
1939 жылы адал еңбегі үшін КСРО Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің алтын сағатымен марапатталады.
Әскери және саяси оқу үздігі атанған ағамыз Шымкент қаласына келген соң, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.А.Нечаевтың ұсынысымен сол кездегі Қаратас, қазіргі Қазығұрт ауданына әскери комиссардың орынбасары қызметіне тағайындалады.
1941 жылы Горький облысындағы Карповка ауылына уақытша қоныстанған әскери-саяси оқу орнына білімін көтеруге жолданады. Оқуды бітірген кезде Ұлы Отан соғысы басталып, майданға аттанады. Оңтүстік-Батыс майданының 2-ші гвардиялық атқыштар дивизиясында рота командирінің саяси-тәрбие жөніндегі орынбасары болып ұрысқа кіріседі. Курск облысының Совет ауданындағы Мансуров селосында 1941 жылдың желтоқсан айында болған қоян-қолтық ұрыста ерлікпен қаза табады.
Сонау бір заманда бабасы Мұсабек батыр ұлт-азаттық күресін басқарып, Қоқан ханының жандайшабы Мырзабидің басын қылышпен шауып алған ерлігін ел біледі. Ал, бабасының ерлігін қайталаған Сапарбай ағамыз ротасын өзі басқарып, талай фашисті жер жастандырған екен.
Курск облысының әскери комиссары В.Родионов және Нижегород облысының әскери комиссары В.Паковтың жазған хаттарында Сапарбай Қасымхановтың Ұлы Отан соғысының алғашқы ең қиын, ең ауыр сәттерінде ел үшін, Отан үшін ерлікпен шайқасқанын айтады. Хатта «Олар атақ, марапат үшін емес, Отанын басқыншы жаудан азат ету үшін тек жеңуді ғана ойлады» деген сөз жолдары бар. Сапарбай Қасымхановтың ерлігі Кеңес Одағының Батыры атағына лайықты еді. Алайда, жоғарыда аталған әскери комиссарлардың ұсыныстары сол кездегі кеңестік басшылардың шаң басқан сөрелерінен әрі қарай жылжи қоймаған.
Әскери комиссарлар В.Родионов пен В.Паков біздің ағайынымыз, жегжатымыз емес. Олар шындық пен ақиқатты жазды.
Біздің сұранатынымыз ұрпақсыз шейіт кеткен батыр ағамыз Сапарбай Қасымхановтың аты өзі туып-өскен Бірлік ауылында мәңгілік есте қалса дейміз. Ол ағамыздың Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері бүгін жас ұрпаққа үлгі-өнеге болса, оның іште кеткен арманы орындалған болар еді.
Қамбарбек ӘЖІБЕКҰЛЫ,
еңбек ардагері,
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.