Өзі де, шәкірттері де бәйгенің алдын бермеуде
Гүлнар Бәкірова мамандық таңдауда еш жаңылысқан жоқ. Мектепте әдебиет пәнін сүйіп оқыды. Әдебиет пәніне бейімділігін көрсетті. Мектепте өткізілген әдеби кештердің жүргізушісі болды. Оның бойындағы осынау қабілетті қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тұрсын Оспанова одан әрі ұштай білді.
Гүлнар «Ақжар» орта мектебін 1989 жылы бітірген соң Шымкенттегі педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1994 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шықты. Сосын әңгіраталық жігітке тұрмысқа шығып, осындағы Абай атындағы орта мектепке мамандығы бойынша мұғалім болып орналасты. Міне, содан бері де 30 жыл да зымырап өте шығыпты. Түпкілікті төлебилік болып алды. 2017 жылы «Әңгір- ата» жалпы орта мектебі ашылған соң тұрғылықты жеріне байланысты сонда ауысты.
Г.Бәкірова шығармашылықпен де айналысады, үнемі ізденісте жүреді. Педагогикалық шеберлігін арттырып, білім саласындағы жаңа, озық технологияларды сабағында тиімді пайдаланып, оқушылардың терең, тиянақты білім алуы үшін тер төгеді.
Шығармашылық жұмысының тақырыбы – «Оқушыларды функционалдық сауаттылыққа баулу». Тақырыптың мақсаты – оқушыларды шығармашылыққа, көркем сөз оқуға, әдеби кітап оқуға баулу. Осы арқылы жас ұрпақтың жан-жақты ойлау қабілетін дамыту, өзіндік көзқарастарын қалыптастырып, өз пікірін айта білуге үйрету. Оқыған әдеби шығармаларды өмірмен байланыстыра отырып баяндау, оны өмірде қолдана білу және жеке тұлға етіп қалыптастыру.
Бұл тақырыптың маңызы зор. Өйткені, бүгінде жас ұрпақ интернет жетегінде кетіп, кітап оқудан алшақтап барады. Ой-өрістері таяз, өзіндік көзқарасы, пікірі төмен жастар көбейді. Сондықтан да ұстаз оларды көркем әдебиет арқылы тәрбиелеуді алдына мақсат етіп қойған. Сабағында ол, әсіресе, көркем мәтінмен жұмыс жүргізуге көп көңіл бөледі.
Жалпы білім беретін орта мектептің қазақ әдебиеті бағдарламасында «Әдебиет сабағындағы ең басты құрал – көркем мәтін. Сондықтан көркем мәтінді эмоциялық тұрғыдан әрі сапалы игеруді ең бірінші кезектегі мәселе деп қараған жөн» делінген. (Алматы, «Рауан», 1994 ж).
Ұлы педагогтар ерте заманда-ақ көркем мәтінмен баланың ойы мен сана-сезімін қалыптастырудағы қызметіне ерекше мән берген. Чехтың ұлы педагогы Я.Н.Коменский нақты мәтіннен қол үзіп, мазмұнды түрмен айырбастаған, баланың сезімін аттап өтіп, оның ақылын дамытуды көздеген ескі мектептегі оқу жүйесін сынаған. Оқыту мен тәрбиелеудің бұл тәсіліне қарсы болған. Бала көркем мәтінді оқу арқылы мазмұнды игеріп, оқудан соң шығарманың тақырыбын тапқызып, жинақтауды ұсынған. Соған қарағанда Гүлнар Сыманқызының көркем мәтінмен жұмыс жүргізу тәсілі құптарлық нәрсе. Ол баланың эстетикалық сезімін арттырып, ақыл-ойын дамытуға септігін тигізеді.
Осы жылдар ішінде Г.Бәкірованың алдынан жүздеген шәкірт білім алып, таңдаған мамандықтары бойынша оқуға түсті. Өмірден орнын тапты. Көптеген шәкірттері ұстаздық мамандықты таңдап, бүгінде білім саласында жемісті еңбек етіп жүр. Мемлекеттік қызметте жүргендері де бар. Солармен кездескенде еңбегінің зая кетпегеніне масаттанып қалады.
Ұстаз шәкірттерінің қабілеті мен талантын дамытуға айрықша көңіл бөліп, олармен жеке-жеке жұмыс жүргізеді. Әр оқушыны аудандық, облыстық, республикалық пәндік олимпиадаларға, байқауларға, жарыстарға тиянақты дайындап, баптайды. Сондықтан да шәкірттері ұстаз еңбегін ақтап, жүлделерге ие болып жатады. Мысалы, оқушысы Ақерке Тілегенова 2010 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен өткізілген республикалық олимпиадада 3-орын алды. 2019 жылы 11-сынып оқушысы Сандуғаш Бектұрова облыстық Абай оқуларына қатысып, 1-орын алды. Сандуғаш Бектұрова қазақ тілі бойынша 2-орынды иеленді. Жұпар Ақын 2022 жылы Қ.Бітібаева атындағы республикалық пән олимпиадасында 1-орын, 2023 жылы Қалима Абдалы «Ақберен» республикалық өнер байқауының облыстық кезеңінде 1-орынға ие болды. Аталған оқушы 2024 жылы республикалық І.Жансүгіров оқулары байқауында 1-орын алды. Жұпар Ақын сондай-ақ, 2022-2023 жылдары 8-11-сынып оқушылары арасында өткізілген «Мәшһүр Жүсіп шығармалары және «Ұлы даланың ұлы есімдері, ұлттың ұлы тұлғаларын сипаттау» байқауында 1-орыннан көрінді. Гүлнардың шәкірттерінің мұндай жетістіктерін тізбелей берсек көп-ақ. Осының бәрі ұстаздың үздіксіз ізденуінің, табанды еңбек етуінің нәтижесінде келген табыстар.
Ұстаз PJSA халықаралық зерттеуінің оқу сауаттылығы бойынша әдістемелік, авторлық бағдарламасын жазып дайындады. Сондай-ақ, ол өзі де түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, өзінің интеллектуалдық деңгейі жоғары екенін дәлелдеп жүр.
2010 жылы облыстық пән мұғалімдерінің олимпиадасында 2-орынға ие болды. 2024 жылы Ә.Кекілбаев шығармашылығына арналған байқауда, сахналық қойылымдар бойынша өткен облыстық байқауда бас жүлдені иеленді.
Гүлнар Сыманқызы аяулы да ардақты ана. Алты ұл-қыз өсіріп, оларға қазақы дәстүрде білім-тәрбие берді. Бүгін соның жемісін көріп отыр. Үш ұлы үйлі-жайлы, жоғары білім алып, бәрі мемлекеттік қызметте. Олардан 9 немере сүйіп отыр. Қалған үшеуі де ағалар жолын қуып, жақсы азамат болып өсіп келе жатыр.
Көшкінбай ЕЛІКБАЕВ,
ардагер ұстаз,
Төлеби ауданы.