Бала тәрбиесінің үш діңгегі
Ұлттық құндылық – ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан дүние. Оны адамгершілік қағидалары десек те болады. Достар арасындағы сыйластықты, адам бойындағы тәрбие мен имандылықты, кішіпейілділік пен қайырымдылықты, ізет пен ізгілікті, шешендік өнерді, сыпайы болуды, мәдениеттілік таныту сынды ізгі қасиеттерді ұлттық құндылық сипаттарына жатқызуға болады. Сонымен бірге оған халқымыздың атадан балаға мирас болып қалған салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, бабалардың ғибратты сөздері де жатады.
Әр ұлт өз құндылығымен ерекшеленеді. Ол құндылықтар мемлекет үшін маңызды. Ал, ұлттың келешегінің қандай болмағына өскелең ұрпақтың тікелей қатысы бар. Десек те, қым-қуыт бүгінгідей заманда жастардың өз ұлттық құндылықтарына назар аудармауы белең алып бара жатқандай. Тарихқа үңілу, адамгершілік қағидаларды сақтау ескерусіз қалып барады. Жастарымыз ұлттық құндылықтардан неге алшақтап кетті?
Ұлы Абай атамыз «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: біріншісі – ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан» дейді. Мұның әрбірі бала тәрбиесінде үлкен орны бар маңызды сала, сондықтан үшеуін үш институт ретінде қарастыруға болады. Осы үш тараудың қазіргі таңда өскелең ұрпаққа әсері, ықпалы қаншалықты?
Бірінші, отбасы институтына байланысты айтсақ, Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі еске оралады. Ата-ана балам аш болмаса екен, тамағы тоқ жүрсін, тоңып қалмасын, киімі бүтін әрі жылы болсын деген материалдық жауапкершіліктен басқа ең басты мәселе – рухани жауапкершілікті ұмытпауы керек. Баланың сабағын қадағалаудан өзге, уақыт тауып әңгімелесу, қажет болса сырласу да маңызды. Өзі де балаға үлгі болуы тиіс. Заман бір орында тұрмайды, уақыт өте тез өтуде. Жаһандану белең алған уақыт. Қазір кез келген ортада бәсекеге қабілетті болуың шарт. Оған сай болу үшін «Тәрбие – тал бесіктен» екенін естен шығармаған жөн.
Хакім Абайға Зере әжесі кішкентайынан ертегі айтқан. Ұлы кемеңгер тәрбиелік мәні бар әңгімелер тыңдап өскен. Мәдени мұраға жататын біз атап өткен құндылықтарды бойына сіңіріп өскен. Міне, тәрбиенің негізі! Құрылыс жүргізіп, үй тұрғызсаң, ең алдымен іргетасын берік етесің. Мықты болуына мән бересің. Ұрпақ тәрбиесі де солай. Баланы өмірге келген сәттен, бесіктен бастап тәрбиелейсің.
Екіншіден, ата-анадан кейін бала тәрбиесіне әсер етуші ол – мұғалім. Балаларды алдымен өзін құрметтеуге, ұлтын сүйіп өсуге тәрбиелесек, отансүйгіш ұрпақ қалыптасар еді. Сонымен қатар, оқу орындарында қолданылуы тиіс бір механизм бар, оны «Білім – инновация лицейлері» тәжірибеде қолданып келеді. Әр айды белгілі бір құндылыққа негіздеп, оқушыларды соған жұмылдыру. Мысалы, тазалық айында сыныпты таза ұстаудан жарыс, еңбек айында түрлі қолөнер жобалары, сенбіліктер өткізу. Мақсат – оқушыларды рухани байыту, тазалыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу, бойына түрлі құндылықтарды сіңіру.
Үшіншіден, олардың өз арасындағы қарым-қатынас. Бала уақытының басым бөлігін достарымен өткізеді. Абайдың даналығына сәйкес, балаға әсер етушілердің ішінде лайықты құрбысы болатын болса, жастар бір-біріне әсер ете алуы тиіс. Көпке белгілі, бүгінде «Instagram», «TikTok» секілді әлеуметтік желілер жастардың бойына Батыстың мәдениетін сіңіруге әсер етуде. Солардың әсерінен пайда болған «тренд», «хайп» сынды Батыстан келген түсініктердің жастарға тигізер зардабы үлкен. Соның әсерінен өз тілі мен діліне деген қанағатсыздық туындауда. Мәселен, қазақша сөйлеу артта қалған адам деген түсінік қалыптастырып, қазақи нақышта киіну тек қарт адамға ғана тән нәрсе деген түсініктер пайда болды. Өскелең ұрпақ әлеуметтік желідегі азғырушылыққа түсіп қалып, мәнсіз, мағынасыз дүниелерді бойына сіңіріп жатыр. Жастар ақпараттар жетегінде жүр, әрі онысын өзара насихаттап келеді. Негізгі тәрбиені қиындатпай, құндылықтарды бала санасына жай ғана мысалдармен, жеңіл жеткізуге де болады. Бала бойына сіңіре алатын тиімді тәсіл-амалдарды қарастырып, жастардың өзара қазақ тілінде сөйлесуіне қол жеткізуге де болады. Ұлттық киім түрлері көбейген заман. Заманауи үлгілері де жетерлік. Соны күнделікті киюді «трендке» айналдырса игі. Жас ұрпақ бір-біріне тик-токтағы табиғатымызға жат нәрсені емес, тәрбиені үйретсе, ұлттық құндылықтарды да бойына сіңіріп өсер еді. Өзара үгіт-насихат ең тиімді тәсіл, әрі пайдасы ұшан-теңіз.
Қазақта «Балаң жақсы болса, жердің үсті жақсы, балаң жаман болса, жердің асты жақсы» деген сөз бар. Жамандығынан сақтасын, жақсы деген атқа ұмтылайықшы. Ол үшін ұлттық құндылықтың етегінен ұстайық. Ол үшін бала тәрбиесіндегі үш діңгекті бағдаршам еткен дұрыс.
Рахат ӨМІРБЕК,
«Білім-Инновация» лицейінің оқушысы.