Академиялық ұтқырлық – студенттерге берілген мүмкіндік
Академиялық ұтқырлық – жеке тұлғаның дамуы үшін маңызды, сонымен қатар жан-жақты болуға тәрбиелейтін, мәдениетті байытуға мүмкіндік беретін бағдарлама. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік зерттеу университеті академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында студенттерге шетелдік серіктес оқу орындарында білім алуға мүмкіндік жасайтын жобаны іске асыруда. Қазіргі таңда ОҚУ студенттерінің Қазақстандағы немесе шетелдегі серіктес жоғары оқу орындарында оқуы, сондай-ақ білім беруді көздейтін академиялық ұтқырлық бағдарламасы табысты жұмыс істейді. Бұл бағдарламалар шектеулі кезеңге, әдетте семестрге немесе академиялық жылға арналған.
Студент бұл бағдарламаға ілігуі үшін арнайы конкурстық іріктеудің негізгі критерийлеріне сай келуі керек. Біріншіден, білім алушы бір академиялық кезеңді, семестрді, университет модулін аяқтауы тиіс. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша университет есебінен кететін студенттер үшін GPA 3,67-ден төмен болмауы шарт. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша жеке қаражат есебінен шығатын студенттер үшін GPA 2,5-тен төмен болмауы да қарастырылған. Сонымен қатар талапкердің шет тілін білуге арналған ресми сертификаты болуы (ағылшын тілін білуге арналған TOEFL немесе IELTS) тиіс.
Осы бағдарлама бойынша мәдениет және өнер факультеті «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасының студенті Дамира Донбаева Түркияның Стамбул қаласындағы Халич университетінде дизайн білім беру бағдарламасы бойынша бір жылдық білім тәжірибесін алып қайтты. Студенттің оқу жылы барысында ол жақтың білім алу үрдісінен, университеттің білім базасынан алған әсері мол.
– Халич университеті өте дамыған, заманауи жабдықтары бар оқу орны екен. Білім беру бағдарламасы өзгеше. Әр студент үшін арнайы жұмыс орны, әр сабаққа арналған жабдықтар, жоғары деңгейдегі компьютерлік бөлме және бай кітапхана бар. Студенттер үшін арнайы түрік және өзге ұлттың тағамдарын дайындайтын асхана бөлмелері қарастырылған. Тіпті университеттің ішінде өз мешіті де бар, қалаған уақытыңда бара аласың. Университетке абитуриенттерді тарту мақсатында арнайы тегін сервис қарастырылған, үлкен спорт кешендері, бассейндер мен жатақханалары бар. Университеттің материалдық-техникалық базасы өте жоғары деңгейде, – дейді Дамира Донбаева.
Қазіргі таңда Дамираның қатарластары да осы бағдарламаға қызығып, ағылшын тілі мен жалпы білім деңгейлерін жоғарылатуға ұмтылып жатыр.
А.Кенжебаева,
М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың
Бейнелеу өнері және дизайн кафедрасының
магистр, аға оқытушысы.