Бүгінгі мұғалім қандай болуы керек?

Бүгінгі қоғамда білім саласына қатысты пікір көп. Еліміздің ертеңі бүгінгі мектепте қаланып жатқанын ескерсек, оған қатысты пікірдің, айтылар ұсыныстың, тіпті кейбір келеңсіздіктеріне алаңдаушылық білдірудің өзі орынды. Қоғамдық көзқарастардың, орынды ұсыныстардың нәтижесінде білім саласының көші де ілгері басатын болады. 

Иә, қай заманда болмасын білімге деген талап пен талғамның ерекше болғаны анық. Мектеп – білім мен тәрбиенің ошағы. Ал, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы екенін де естен шығармауымыз керек. Шығыстың бір ғұламасы «Ғалым болу оңай, адам болу қиын» деген екен. Яғни адам деген ұлы атқа кір келтірмей, оны таза сақтай білудің өзі адам баласы үшін үлкен міндет болса керек. 
Өткенге көз жүгіртсек, біздің халқымызда түрме деген болмаған екен. Ол дегеніміз, ата-бабаларымыздың тегеурінді тәртібі мен дала халқына тән даналығы, ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершіліктің нағыз көрінісі емес пе?  Данагөй қарияларымыз үлкеннің ұлағатты сөзі арқылы-ақ тәрбие мен білім бере білген. Демек, біз де тамырымызды тереңнен алып, сол ата-бабаларымыздан қалған ұлттық тәлім-тәрбие жүйесін бүгінгі заман талаптарына сай ұштастыра отырып, жастарды осы негізде тәрбиелегеніміз жөн. Әрине, заман талабына сай озық елдердің тәжірибесіне сүйенгеніміздің де артықтығы бола қоймас, дегенмен, балаға ең алдымен өзінің ұлттық негізінде тәрбие берудің маңызы зор. Ол үшін мектептің педагогикалық құрамы білімді, заман талабына сай ізденімпаз, ең бастысы, өзгеге үлгі боларлықтай болғаны ләзім. Осы ретте ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсын-ұлының мына сөзін келтіре кетсек дейміз: «Мұғалім қандай болса, мектеп hәм сондай болмақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика-методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім». Міне, осыдан-ақ мұғалімге қойылатын талаптардың қаншалықты маңызды екенін бағамдай беруге болады. Мұғалім жеке көзқарасы қалыптасқан және сол көзқарасын қорғай білетін жігерлі тұлға болуы тиіс. Мұғалімнің педагогикалық ойлау қабілеті ғылыми түрде қалыптасып, үнемі ізденіс үстінде жүргені жөн. Педагог әруақытта өз білімін толықтырып, шығармашылығын арттырып отыруға міндетті. Мұны француз педагогі Жубер бір ауыз сөзбен былай жеткізеді: «Оқыту деген – екі есе оқу». 
Түйіндеп айтқанда, мектептің мақсаты – жан-жақты жетілген, білімді, саналы, еліне, жұртына адал қызмет ете алатын өрелі ұрпақ тәрбиелеу. Ал, ондай жауапкершілігі мол жұмысты тек нағыз педагогтар ғана, яғни өз ісінің білгір мамандары ғана мінсіз атқара алады. Ендеше, осы мақсат жолында бәріміз бір үйдің баласындай ынтымақтаса жұмыс істейік. 

Қазыбек ӨМІРӘЛИЕВ,
№55 мектептің директоры.
Жетісай ауданы. 

Пікір қалдырыңыз