Шөл далаға алма еккен...
Ерлан Қуандық,
«Оңтүстік Қазақстан».
Арыс өңірінің климаты құрғақ, топырағы құмшауыт келеді. Заңмен қорғалып, экологиялық дағдарыстан кейінгі жағдайдағы өңірлер қатарына жатқызылған. Мұнда суы жоқ, шөлейтті жерлер аз емес. Алайда, шөл даланың өзінде бау егіп, айналасын көкорай шалғынға айналдырып отырғандар бар.
Осыдан бес-алты жыл бұрын арыстық Өмірзақ Омарханов қаладан отыз шақырым қашық жерден жер учаскесін алып, шаруашылық ашады. Шаруашылығын әкесінің есімімен Мыңбай деп атайды. Мал ұстау үшін алдымен су шығаруды көздеп, мемлекеттік субсидиялау бағдарламасымен осы жерден құдық қаздырады. Құдықты арнайы техника күшімен 364 метр тереңдіктен қаздырады. Нәтижесінде сыртқы күштің әсерінсіз өз сығымымен сыртқа 32 градустық жылы су атқылап шыққан. Жер асты сығымымен минутына 200 литр, ал, сағатына 12 тонна атқылаған жылы суды тиімді пайдаланып, Өмірзақ Омарханов алдымен 1000 түп алма көшетін отырғызады. Артылған су зая кетпесін деп ені 10 метр, ұзындығы 15 метр келетін арнайы шұңқыр қазып, оны суға толтырады. Ондағы ойы мал азығы – жоңышқа егу еді. Алайда, су мөлшері едәуір көп болғанын байқап, Көксарайдан балық шабақтарын тастауды жөн көреді. Осылай жасады да.
Нәтиже таңқаларлықтай болды. Жер асты суы минералға толы болғандықтан, шабақтар тез жетіліп, тез салмақ қоса бастайды. Негізі ауа райы 18 градустан төмендеген сәтте балық тағамнан бас тартып, ұйқыға көшеді екен. Ал, мұнда су жылы болғандықтан, балықтар қыс ауасында ұйқыға кетудің орнына өсу процесін жалғастыра беріпті. Бұл Өмірзақ Мың-
байұлын қатты қуантады. Енді балық өсірудің қыр-сырын меңгергісі келіп, жан-жақты ізденіп, Шардарадағы «Хамит» балық шаруашылығына барып, арнайы оқу курсын бітіріп шығады.
Біршама тәжірибе жинақтаған Өмірзақ Мыңбайұлы енді шаруашылықты кеңейту мақсатында 20х30 метр келетін екінші шұңқырға, кейін 20х50 метрлік үшіншісіне су толтырады. Үш шұңқырдан артылған су арнасынан тасып әдейі орнатылған науаға құйылады. Ол сумен мал суарамыз дейді кәсіпкер. Үш арнайы бассейннің айналасы түгел көк майса жоңышқа алқабына айналған. Оны өздері орнатқан құрылғы арқылы жаңбырлатып суарады.
«Мыңбай» шаруа қожалығында шөп бітік өскен. Оны бірнеше мәрте орып алады. Кәсіпкер енді жоңышқа алқабын ұлғайтуды жоспарлап отыр.
– Жылына 30 тонна балық сатамыз деп жоспарлаудамыз. Шардарадағы балық шаруашылығы қанша көлемде болса да түгел сатып аламыз деп отыр. Бірақ, балықтың салмағы 1 келіден кем болмауы тиіс. Қазір осы жұмыстарды игеруге көмекші ретінде 2 адамды жұмысқа алдым. Оларға орта есеппен айына 150 мың теңге жалақы төлеймін. Алғашқы шұңқырдағы былтыр қараша айында салған 100 грамдық балық шабақтарының салмағы қазір 2 келіден асып қалды. Келісін 2700 теңгеден алушы табылды. Кейінгі бассейнге биыл сәуір айында 50 грамдық 4 мың шаб ақ тастағанбыз. Олар әлі толық жетілген жоқ. Балықтарға беретін «Aller Aqua» жемі Польшадан шығады, келісін 750 теңгеден сатып аламыз.
2019 жылы отырғызған алма ағаштары биыл тәп-тәуір жеміс беріп, төрт жарым тонна жазғы алма жинадық, – дейді шаруа қожалығының жетекшісі.
Бау-бақша мен балықтан өзге, мұнда жылқы да бағылады. Тек оларды көбейту үшін қосымша қаржы керек екен. Ол үшін арнайы субсидия, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие алғысы бар. «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға ниетті.
Қожатоғай ауылдық округінде орналасқан «Мыңбай» шаруа қожалығына Арыс арқылы баратын отыз шақырым жолдың жартысы асфальт те, қалғаны май топырақ жол. Барғанша шаңға батасыз. Айналасы түгел құрғап жатқан ми далада көлікпен келе жатып жасыл бақты кезіктіремін деп ойлаудың өзі қиын. Тек діттеген жеріңізге жақындағанда ғана барып жайқалған жасыл бақты көресіз. Көресіз де, таң қаласыз.