Олар Италияда ел намысын қорғайды

Қазіргі таңда әлемде ең жылдам дамып жатқан саланың бірі – робототехника. Ол –  роботтардың құрылысымен, оның жұмыс істеу тәсілімен айналысатын, механикалық, электр және электронды инженерия мен компьютер ғылымдарының біріккен саласы. Бұл сала –  роботтар мен автоматтандыру жүйелерін құрумен және қолданумен айналысатын қолданбалы ғылым. Ол кибернетика мен механиканың бірігуі нәтижесінде пайда болды. 

Осы саланы зерттеп, оны елімізде дамытуға атсалысып жүрген жандар жетерлік. Мәселен, Шардара ауданындағы Мәулен Қалмырза атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары робототехника бойынша біраз белестерді бағындырған.
Бұл мектеп оқушыларының робототехника деген ғылымға бет бұруының өзі кездейсоқ болыпты. Мектепте информатика пәнінен сабақ беретін мұғалім Маржан Саудабаева осы салаға қызығушылық танытып, әлеуметтік желіден әртүрлі бейнесабақтарды қарап жүреді екен. Сөйтіп жүргенде республика бойынша робототехникадан өтетін жарысты көзі шалып қалады. 
– Әлеуметтік желіде арнайы ашылған топқа тіркелдім. Онда әр облыстан іріктелген дарынды оқушылар аталмыш жарысқа дайындалып жатыр екен. Мен де оқушыларымды даярлап, қатысуға бекіндім. Біздің облыстан ешкім ниет білдірмегендіктен, бірден республикалық жарысқа өтіп кеттік. Бәсекелес болмай, іріктеусіз бірден үлкен жарысқа өтіп кеткенімізде қорқыныш болғаны рас, – дейді Маржан Саудабаева.
Алайда, ол қорқыныш бекер екен. Оқушылары Нұрислам Анарбай мен Ерасыл Әзімхан жерге қаратпай, жүлделі үшінші орын иеленген. Жарыс ережесіне сай алғашқы үш орынды иеленген оқушылар Түркияда өтетін байқауға жолдама алды. Бірақ, Нұрислам Анарбайдың жасы жетпегендіктен ол жарысқа бара алмапты. Оның орнына Түркияға Ерасыл Әзімханмен бірге осы мектептің тағы бір оқушысы Нұрдәулет Бірлік барыпты. Он шақты мемлекеттен келген дарынды оқушылардың арасында шардаралық оқушылар үшінші орын иеленген. 
Енді олар Еуропада, дәлірек айтсақ, Италияда өтетін бәсекеге дайындалып жатыр. Маржан Саудабаеваның айтуынша, ол жарысқа Нұрдәулет Бірлік пен Бағдәулет Лес қатыспақ. Жалпы, бұл мектептегі робототехника үйірмесінде 20-ға жуық оқушы бар. Олар робот құрастыру, оны бағдарламалау секілді ғылыми әдіс-тәсілдерді меңгереді. Үйірмедегі оқушылардың халықаралық жарыстардағы жетістігінен кейін осы саланы үйренемін деген шәкірттердің қатары артқанға ұқсайды.
Пікір қалдырыңыз