Рөлде ұйықтап қалмау үшін не істеуге болады?
Дүние жүзіндегі ауыр жол апаттарының төрттен біріне шаршау күйдегі көлік жүргізушісінің ұйықтап қалуы себеп болады екен. Бұл жағдай, әсіресе, ұзақ сапарға шыққан жүргізушілерге тән. Себебі, түнде монотонды жүріс нашарлап, нәтижесінде адамдардың денсаулығы мен мүлікке айтарлықтай зиян тиіп жатады. Ал, ғалымдар 4 сағат бойы үздіксіз жүргеннен кейін автокөлік жүргізушісінің реакциясы 2 есе, 9 сағаттан кейін 7 есе төмендейтінін дәлелдеген. Сонымен қатар, көлік жүргізу кезінде ұйықтап қалмаудың 10 амалын да ұсынған. Сондықтан бұл әдіс-тәсілдерді меңгеру – әрбір жүргізуші үшін өте маңызды.
Қарым-қатынас
Жолаушылармен сөйлесу – ми жұмысын ынталандырудың тиімді әдісі. Сонымен қатар, көптеген жолаушы жүргізушінің маужырап отырғанын бірден байқап, ұйқысын ашуға көмектеседі. Егер жолаушылар да қалың ұйқыға батып кетсе, көлікті тоқтатып, мызғып алған дұрыс. Өйткені, бұл шаршаудың сенімді белгісі. Оның үстіне айналаңыздағы адамдардың ұйқысы сізді де ұйықтап кетуге тартып тұрады.
Музыка тыңдау
Егер көлікте жалғыз болсаңыз, белсенді ритммен жазылған музыкаларды тыңдау көмектеседі. Ал, баяу ырғақпен орындалатын әндер керісінше маужыратады.
Ән айту
Егер музыка тыңдаудан жақсы нәтиже шықпаса, дауыстап ән айтып көріңіз. Себебі, сөздерді айтқанда ми ынталанып, қан оттегімен қанықтырылады. Тиісінше, бұл дененің тонусын арттырады және маужыраудан арылтады.
Сергітетін сусындар
Ұзақ жолда шай, кофе мен ыстық шоколад та көмектеседі. Дегенмен, бұл әдіс қысқа мерзімге ғана әсер ететінін есте ұстаған жөн. Яғни шамамен екі сағаттан кейін кофенің сергітетін әсері жоғалады.
Энергетик
Мұндай сусындардың құрамында кофеин болады. Сонымен қатар, олар дәрумендермен, тауринмен, пайдалы қышқылдармен және басқа да тоник қосылыстарымен қанығады. Ең бастысы, дозаны шектік межеден асырмау, өйткені, энергияның көп мөлшері денеге зиян тигізеді.
Энергетикалық таблеткалар
Бұлардың құрамы энергетикалық сусындармен бірдей, бірақ агрегаттық күйімен ерекшеленеді. Жинақы болғандықтан, энергетикке қарағанда өзіңізбен бірге алып жүру оңайырақ.
Тамақ
Егер жолда крекер, жаңғақ, кәмпит және басқа да ұсақ-түйектерді жесеңіз, бұл дененің тонусын көтеруге көмектеседі.
Сергітетін дабылдар
Қазіргі кейбір көліктер арнайы дабыл құрылғыларымен жабдықталған. Бұлар жүргізушінің жүргізу тәсілін қадағалайды және бір нәрсе дұрыс болмаса өткір дыбыс шығарады. Мысалы, бұрылыс белгісін жақпай келесі жолаққа немесе жол жиегіне шығып кетсе. Өйткені, жүргізуші ұйықтап кетсе, осы сияқты жағдайлар орын алып жатады. Егер көлікте мұндай жүйе болмаса, автокөлік дүкенінен дабыл құрылғысын сатып алып, көлікке орнатып қоюға болады.
Зейінді шоғырландыру
Зейіннің шоғырлануы ұйқыдан алшақтатады. Ол үшін өзіңізге тапсырмалар беріп, оларды шешіңіз. Мысалы, көліктердің маркаларын анықтаңыз, тіректерді санаңыз және т.б.
Физикалық жағдайды өзгерту
Жүргізуші шаршаңқы күйін мынадай әдістер арқылы өзгерте алады:
жаттығулар – бұлшық ет кернеуін арттырады, бастың айналуын тоқтатады және т.б.;
көлік салонындағы температура режимін өзгерту;
бетті дымқыл шүберекпен сүрту немесе салқын сумен жуу;
көзге жеңіл массаж жасау.
Жалпы, аталған әдістердің барлығы да жүргізушіге көмектеседі. Бірақ, зәру болмаса, түнде немесе ұйқы қанбаған күйі басқа да уақытта ұзақ сапарға шықпаған дұрыс. Осылайша өз қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етіп қана қоймай, өзгелерге де зиян тигізуден аулақ боласыз.