«Көлеңкелі» импортқа бақылау күшейеді
Бірер күн бұрын Қазақстан автокөлік одағының президенті Анар Мақашева Үкімет отырысында машина жасау саласындағы қазіргі ахуал жайында мәлімдеме жасады. Оның сөзіне сүйенсек, машина жасау саласындағы автомобиль үлесі 39,4 пайызды құраса, жаңа көліктерді сатудың жалпы көлеміндегі отандық автомобильдердің үлесі 63 пайызға жеткен. Ал, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақ- станда 130 мыңнан астам жеңіл автомобиль мен коммерциялық техника шығарылады деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, ол автоөндірушілердің алдында тұрған негізгі проблемалардың қатарында логистика саласымен қатар, Қазақстанға «қылмыстық» жолмен кірген және техникалық регламентке сәйкес келмейтін автомобильдер бар екенін атап өтті. Осы орайда Премьер-министр мемлекеттік органға көлікті «көлеңкелі» жолмен жеткізу ісімен айналысуды тапсырды.
– Мәселе өте маңызды. Ол отандық автоөндірушілер үшін жосықсыз бәсекелестік туғызады. Бұл, әсіресе, жүк көлігінде байқалады. Кеден органдары, стандарттау комитеті бұл мәселемен байыпты айналысуға тиіс. Сондай-ақ, полиция да қосылуы керек. Мен автомобиль зауыттарының бірінде өндірушілермен кездестім, олар: «біз өндіреміз, бірақ мұнда Еуро2 ретінде келетін техникамен бәсекеге түсе алмаймыз, оларда Еуро5 құжаттары қандай да бір керемет жолмен пайда болады» деп айтты. Мұнда қатаң тәртіп орнату қажет, – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.