Жауын-шашын кезіндегі ең қауіпті сәттер
Қай кезде жол өте тайғақ болады?
Жаңбыр тамшылары жерге енді-енді түсе бастаған сәтте жол әлі құрғақ деп ойлаймыз. Сондықтан жүргізушілердің көбі жылдамдықты төмендетпей немесе мәнерін өзгертпестен қозғалысты жалғастыра береді. Алайда, жаңбыр басталғаннан кейінгі алғашқы 10-15 минут – ең қауіпті сәт. Себебі, жолда үнемі мұнай өнімдерінің қалдықтары болады: мұнай, бензин, күйе, шаң. Асфальт бетіне алғашқы тамшылар түскенде жол бетінде су, шаң, кір және басқа да компоненттердің әсерінен «пленка» қабаты пайда болады. Салдарынан жол өте тайғақ болып, жалаңаш мұзда жүргендей әсер береді. Сондықтан жаңбырдың алғашқы тамшылары түсе бастағаннан-ақ жылдамдықты азайтыңыз, оқыс бұрылыс жасамаңыз, тежегішті кілт баспаңыз және рөлді екі қолмен мықтап ұстап отырыңыз. 10-15 минуттан кейін араласқан жаңбыр суы мен мұнай өнімдері жол жиегіне қарай ағып, жолдың тайғақтығы аз да болса төмендейді.
Жылдамдық пен тежегішті бақыла
Жаңбырлы күндері жолдың беті тайғақ болып, дөңгелек пен жол жабынының қатынасы әлсірейді. Газды немесе тежегішті бірден басу көлік тізгінін бақылаудан шығарып алуға соқтыруы мүмкін. Бірқалыпты жылдамдықпен жүру (ең дұрысы – 50 км/сағ), күрт бұрылу мен жылдам тежеуді болдырмау қауіпті азайтады. Қатты нөсер жауып кетсе көлікті тоқтатып, қолайлы ауа райы қалыптасқанын күту – ең ақылға қонымды шешім болар еді. Жалпы, күзде жаңбыр жауып тұрмаса да, баяу жүру қажеттігін есте ұстаңыз. Әсіресе, асфальт әлі толық кеуіп үлгермесе немесе жол үстінде жапырақтар жатса. Мұндай кезде жол жабыны мен доңғалақ арасындағы байланыс нашар болады. Жылдамдық жоғары болса, қандай да бір оқыс жағдайда жол апаты орын алуы
мүмкін.
Шыны тазалағыш пен шина
Жаңбырлы маусымда шыны тазалағыштардың мінсіз жұмыс істеуі өте маңызды. Ол әйнектен жаңбыр суын толықтай дерлік кетіріп, жүргізушінің жолды анық көруін қамтамасыз етуі тиіс. Дөңгелекті де елемеуге болмайды. Тозған, желінген шиналар дымқыл жолда таюға бейім келеді.
Арақашықтық қандай болуы керек?
Сонымен қатар көліктер арасындағы тиісті қашықтықты сақтау да өте маңызды. Жаңбырлы күндері көлік құралының тежеу қашықтығы артады. Ереже бойынша мұндай кездегі арақашықтық екі көліктің ортасына бес автокөлік сыятындай болуы керек екен.
Жаяу жүргіншілер
Жауын-шашын кезінде жаяу жүргіншілер сақтықты аздап ұмытады. Себебі, дәл сондай сәттерде олардың миында «көлік қағып кетуі мүмкін» деген қауіп пен «үстім су болатын болды» деген қорқыныш қатар тұрады. Кейбірі алдыңғы қауіпті естен шығарып, екіншісін көбірек ойлайды. Жан-жағына қарамай жүгіретіндер де көбейеді. Бұл жағдайда да сізді проблемадан төмен жылдамдықпен жүру құтқарады. Ал, жаяу жүргіншілер жолағына жақындағанда ертерек қамданып, тежегішті баса беріңіз.
Жалпы, жауын-шашын кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін көлік жүргізу ережелерін аздап өзгертуге тура келеді. Дегенмен, оның барлығы жүргізушіден арнайы дайындықты қажет етпейді. Ең бастысы – межелі жерге тезірек емес, дін аман жету.